• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Қараша, 2020

Алматы триптихі

1528 рет
көрсетілді

1. Біз, шешем екеуміз

Алматыға оқуға келіп, қалып қойған бір қазақ менмін. Өз қолым өз аузыма жеткен соң, шешемді қолыма алдым. Бір күннен соң күрсінді. Келесі күні қабағын шытынды. Аптаның аяғында отырып-отырып:

– Әй, балам, мына тоғызыншы қаба­тың келін екеуің шошайып, сендерге жарас­паса, маған жараспайды екен, – деп елге кетемге басты.

 

Шешемді әкеліп алып, қайта апарып тастауға қатты намыстандым. Ол кезде жұрттың бәрі көпқабатты үйде тұрғысы келеді. Әр-әр тұста бос жатқан жерлер бар. «Жер үй саламын» деп шешемді зор­ға тоқ­таттым.

Әуелі Розыбақиев көшесінің Әл-Фара­би даңғылына тірелетін тұсынан бір үйлік орын таптым. Ауасы таза, тау аңғарынан салқын самал соғады. Жасыл желегі де төменгі жаққа қарағанда өңдірек көрінеді.

– Мына тастар қайдан келген? – деді шешем селт етіп.

– Селмен келген, – дедім мен еш ойсыз тақ етіп.

– Қой, балам, тастың астында қал деме­сең, бұл жерге үй салма, – деген шешем­­нің дауысы қатқыл шықты.

Мен шешем не айтса да қарсы сөйлеп көрген адам емеспін. Өйткені қасында бар назын көтеріп алатын әкем отырған жоқ. Әкем оқу бітіріп, қызметке тұрғанымды көрді, бірақ тоғызыншы қабаттан пәтер алғанымды көрмеді. Ол кезде Алматыдан ондай пәтер алу да өмірдің бір белесі секілді көрінетін.

– Жер бір теңселсе, тоғызыншы қаба­тың теректің басындай екі теңселетін шығар, – деп шешем оған да тиісті.

Шешемнің тоғызыншы қабатты емес, қаланы ұнатпай келе жатқанын ішім сезеді. Әйтпесе жаңағы жер де өзеннің жаға­­сы, жап-жақсы жер. Шын кетемін десе, ол кісіні бір күн де ұстап тұра ал­май­­­­тынымды біліп, көңілім түсіп кетті. Жур­налистердің тілімен: «Қазақтың бола­шағы қала ғой» десем: «Е, онда өздерің тұра беріңдер», демекші.

Шынында да Кеңес дәуірінде қала көшелерінен ауылдан келген үлкен кісі­лерді өте сирек көретінбіз. Бізден бұрын­ғы ағаларымыз да ата-анасын қолы­на алып қарық қылмаған. Оған себеп, қалалы жер­дің таршылығы ғана емес, қазақ интел­ли­генциясының қалаға толық табан тіреп болмағандығынан да шығар. Сол жайтты мен Қадыр Мырза Әли туралы қалам тербеген «Қыш Адам» атты мақаламда былай деп жазыппын:

«Ол заманда қалаға келген қазақтың азаматтары қадау-қадау, жалғыз-жалғыз. Отбасымен қопарыла көшіп келу деген сирек. Елде жалғыз шеше, мұнда сүйген жар. Мен деген талай жігіт екі әйелдің ортасында жалтаңдап өмір сүруге мәжбүр болған. Қадыр ағамыздың бір өкініші болса, сол анамызға жасай алмаған қам­қор­лығы шығар».

Сол кеп арада пәленбай жыл өткен соң менің де басыма келейін деп тұр. Қайт­кенде де намысқа тырысып, үй сала­тын жер алуым керек. Желтоқсан оқи­ғасы кезінде елдің бәріне белгілі сұр ғи­мараттың жерасты қабатында үш күн тер­геліп, басым әрең аман шыққан. Болса-болмаса да, Оралхан Бөкейдің сөзімен айтқанда, «КСРО-ның жаназасын Алматыда шығарып», тәуелсіздік алғанымыз тағы бар. Енді бізді ешкім ешқайда көшіріп жібермейді.

Шешеме қыр басындағы екінші жерді көр­сеттім. Ол да су қоймасының түбі екен. Шешем су қоймасында өсіп тұрған қалың тоғайды көріп үндемеді. Не керек, сол жерге шағындау үй салып, орнығып қалдық. Қазір су қоймасымен қорықпа-қорық отырмыз. Есігіңнің алдында тоғай болғаны кімге жаман. Бірақ шешем жаңа үйге кіретін жылы ауырып, қайтыс болып кетті.

Егер ол кісі болмағанда, мен бұл үйді салмас та едім. Енді игілігін өзім көріп отырмын. Жұмыстан шаршап келгенде тынысым ашылып сала береді. Су қоймасында ешкім екпей-ақ неше түрлі жеміс ағаштары өседі. Көз алдымда өзінен-өзі үш түп жаңғақ өсіп шықты. Су қоймасының күзетшісі: «Мынау каштан ба?», деді, мен: «Жаңғақ», дедім. «Кімнің айтқаны келсе, жемісін сол терсін», дедік. Біраз жылдан соң күз­де жаң­ғақ ағашының алғашқы салған жемісін мен теріп алдым.

Су қоймасында бес-алты қырғауыл жүреді. Бұл жерге жаңғақты солар әкеп жүр ме деп ойлағам. Сөйтсем жаңғақты аспаннан су қоймасының төбесіндегі темір қақпаққа тастап, шағып жеп жүрген кәдімгі ала қанат сауысқан болып шықты. Шағылмай қалғандарының бірен-сараны жұмсақ топыраққа тамыр салып, өсе береді екен. «Таяқ шаншысаң, терек өседі» деген осы.

Бұл жағынан Алматының жеріне жететін жер жоқ. Алатаудың етегінде қос уысыңа әрең сиятын құлжа алма бекер өспесе керек. Ол жөнінде неше түрлі қызғылықты әңгіме бар. Жұрттың санасына орнығып қалғаны өз алдына айтыла берер. Мен өзімнің жазушы ағам, Қазақстан Республикасы Мемле­кеттік сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұр­жекеұлының мына бір пікірін компьютерге теріліп жатқан жерінен көшіріп алдым:

«Ақ Арыс бабамыздан тарайтын Ша­пы­рашты тайпасынан шыққан Алма деген адамның болғаны шежіреден белгілі. Ол кісі аса білгір бағбан, үздік емші болыпты. Алманы, өзге де жемістер­ді Ми­чуриннен әлдеқайда бұрын бір-бірімен будандастырып, біріне-бірін егіп, алма мен жемістердің жаңа түрлерін жасап шығарған. Соның бірі – құлжа алма. Қазіргілер оны апорт деп жүр. Сондай атақты емші, білгір адамды жұрт Алма ата деп құрметтеген. Алматы қала­сы о кісінің тұсында да Алматы ата­нып тұрған. Сондықтан Алматы мен Алма атаны бір-бірімен шатастыруға да, алмас­тыруға да болмайды», деп жазыпты Бек­сұлтан аға.

Кім не ексе де бұл жер оған өзі де сұра­нып тұр. Мен өз бағымда жүріп өзім таң­­ғалам. Кейде бұрын көрмеген шөп­­тер мен гүлдер де пайда бола кетеді. Әйтеуір ол жер мені жылда көктемде бір таң­­ғалдырмай қоймайды. Осындай жұ­мақ­тың ортасындағы құжырамды хан сарайын­дай көріп жүрсем, алты жасар немерем:

– Кейін мен мына үйдің шатырын алып тастаймын, – деп қарап отыр.

– Е, бұл үйдің шатыры неге ұнамай қалды саған? – десем:

– Түнде жатқанда аспаннан жұлдыз­дарды көріп жатамыз, – дейді.

Алматының тау жақ бетіне көкпен таласқан бірнеше әйнек ғимарат салынған болатын. Немеремнің соны көріп айтып отырғанын бірден түсіндім. Бірақ бір архитектор: «Әйнек үй салуға болмайды, әйнек адамның энергиясын сорып алады», деген еді. Шынында да жасыл желекті қалаға бұл ғимараттар бір үйлесіп, бір үйлеспей тұр. Сондай бір көңіл күйде әлгі әйнек ғимараттардың жа­нынан өтіп бара жатып:

Адамдар бір күн қағынды,

Әйнектен салып ғимарат,

Әсері қандай жағымсыз,

Тұрғандай тұтас үй қарап, – деп жазыппын.

Иә, жасырып не керек, кейде қала­мыздың сәнін бұзып, оңды-солды бір құры­­лыстар салынып қала­ды. Қала­мыз­дың әкімдігі сондай құрылыс­тармен күресті бастап кеткенде разы болған­дар­дың бірі менмін. Қаланың тау жақ бетіне салынатын үйлердің төрт қабаттан аспауы­н талап еткенде, оны да қуана қолдадым. «Бір ағаш кессең, он ағаш ек» деген бастамасы да тамаша.

Мұндай жерде отырып ағаш екпеудің өзі күнә секілді. Алматының символына айналған құлжа алма – апорттың тағ­дырына алаңдайтынымыз да содан-ау. Алматының бір серті оның осы алып алмасын қалпына келтіру деп білем. Өзім бақтың қақ ортасына бір түбін ектім. Бұрынғыдай апорттың дәмі жоқ, бірақ қып-қызыл болып піседі.

Осы кеше ғана мамықтай аппақ қар жау­ған. Қара күздің соңына дейін өңін бер­мей жап-жасыл болып жататын тау­дың көдесі менің бағымда да бар. Сол қы­л­­тиған көденің арасында бірталай алма жерге түсіп қалып қойыпты. Біреуін алып жеп көріп едім, әлгі алма бал татып, таңдайымда еріді.

Бірден алыста жүрген немерелерім мен жиендерімді ойладым. «Шіркін, мына алманы солар жесеші», дедім қарын сүртіп тұрып. «Көпір салу қайырлы іс қой, бірақ көпір салуға да себеп керек», деген екен алды-артын кеңінен ойлайтын біреу. Осы істің бәрін бастауыма себепші болған шешем де есіме түсіп, бізге осындай тәтті алмасын сыйлаған алма ағашын да үнсіз сипалай бердім.

 

2. «Алматының суы тәтті!» деседі

Жаңа ғана шалғайдан бейнеқоңырау соққан балалармен сөйлесіп болып, орныма енді жайғаса бергенімде, кабинетіме әлгі зыпылдақ келіншек кіріп келді. Менің балалармен сөйлескенімді біле қойып, бірден өзі көрмеген, білмеген жерді мақтай жөнелді. Оның не себепті өйткенін енді байқадым, өзіміздің тұрып жатқан жерімізді қалай жамандаудың ретін таппай қиналған түрі екен. Қолында шыны пробирка, үлкейткіш әйнек, стақан және бір бөтелке суы бар. «Апыр-ау, мынау маған химиялық тәжірибе жасағалы келе жатқаннан сау ма?», деп бетіне бажырая қарадым.

– Әй, сендер де ата болдыңдар ма? – деді ол менің еркімді біржола билеп алғысы келіп. – Жаздай немерелерің қолың­да болыпты ғой. Сен сол немере­леріңнің қандай су ішкеніне назар аудардың ба?

Ол менің жауабымды күтпей, қолын­дағы ыдыстарын үстелімнің үстіне қаз-қатар тізіп қоя бастады. Содан соң бір көзі менде болып тұрып, бөтелкедегі суды жаңағы шыны пробирка мен стақанға шұрқылдата құйды. Ұсақ көпіршіктер судың астынан үстіне көпіршіп шыға келіп, бірінен соң бірі шырт-шырт жарылып жатты.

– Ал енді не байқадың? – деді ол мардымсып.

– Ештеңе де байқағам жоқ, – дедім мен монтансып.

– Ендеше, сәл шыда!

Мен бір жаққа қашып кететіндей нығарлай түсті. Не болса да маған бір жақсылық істейтіндей менменсіген түрі бар. Осылар адамның момын екенін қайдан біліп қояды десеңші. Басымды сиқырлап алғандай, оның ырқына қалай беріліп кеткенімді білгем де жоқ. Енді оның мені ертегідегі әртүрлі тапсырмалар орындауға жұмсайтын жалғыз көз­ді дәу құсатып, ана пробиркаға қалай кіргізіп-шығарғанын бастан кешу ғана қалып тұр.

– Не көріп тұрсың? – деп тап-тап берді ана келіншек.

– Ештеңе де көріп тұрғам жоқ, – деймін мен ант-су ішкендей болып.

– Онда мына лупамен қара!

Үлкейткіш әйнекті қолыма алып қарап жіберсем, шыны пробирка мен стақандағы судың астына кәдімгідей шөгінді жиналып қалыпты. Кейбірі тозаң түйіршіктеріне, енді бірі ұсақ кристалдарға ұқсайды. Күлгіндеу, сар­ғыштау, қызғылттау түстері де әртүрлі екен. Шайқап қалсаң, тозаңға ұқсап көте­ріліп барып, ыдыстың түбіне қайта жатады. Бірақ лупамен қарамасаң, жай көзге мүлдем көрінбейді.

– Ойпырым-ай, мына судың ішінде біраз дүние жатыр ғой, – дедім бірден беріле салмай текіректеп.

– Жаңа ғана краннан құйып алдым, – деді ол стақанды қолының сыртымен маған қарай ысырып.

Түбінде шөгіндісі бар суды тұмсы­ғымның астына тақап, шошындыра түскісі келетін сияқты. Мен де қарап қалмадым, стақанды қолыма алдым да, басыма бір-ақ төңкердім. Еһ, шіркін, Алматының суы қандай тәтті десеңші! Өзім де шөл­деңкіреп отыр едім, маңдайымнан тер бұрқ ете қалды. Бағанадан бергі еңбегінің бәрі еш кеткен келіншек сасқалақтап, бетіме қарап күле берді.

– Ой, сен де қатырасың, – деді қолты­ғына қыстыра келген бір қораптың аузын қызараңдай ашып жатып. – Көп сөзді қой да, мына су тазартқышты сатып ал. Денсаулықтан аяйтын ештеңе жоқ.

– Менің Алматыда тұрып жатқаныма артық-кемі жоқ тұп-тура қырық жыл болды, – дедім жаңағы тапқырлығым табан астында мерейімді асырып.

– Қырық жыл бойы осы суды ішіп келе жатырмын. Құдайға шүкір, денсаулық деген дыңдай.

– Өзіңді ойламасаң да, немерелеріңді ойла, – деп ол да қайтпай, жанды жерден ұстады. – Бір қыс деген бірдемде өте шығады. Келесі каникулда тағы келеді. Үй­дегі кісі екеуің де таза су ішіп оты­расың­дар. Судың таза болғаны бүйрек, бауыр, бәріне жақсы.

Не керек, қу келіншек әрі айналдырып, бері айналдырып, айтқанына ақыры көндірді. Ішінде су тазартқыш құрылғы бар қорапты құшақтап, басым кәңгіріп үйге қайттым. Келе салып әлгіні іске қосып көрсем, обалы қане, ішіне құйған суды шұрқылдатып тазартты да берді. Бірақ күндегі шөл басатын судан дәмі бөлек, біртүрлі мейірім қанбағандай болды. Содан бір күні көлігімде радионы қосып кеп жіберсем, дәл сол Алматының суы туралы әңгіменің үстінен түскенім бар емес пе.

– Сонда ішіп отырған суымыз қандай су? – деді тілші қыз таңдайы тақылдап. – Қаламыздағы судың тазалығына жауапты маманның пікірі тыңдармандарымызды да қызықтырады. Шыныңызды айты­ңыз­шы, сіз өзіңіз қандай су ішесіз?

– «Алматының суы тәтті» деген сөздің жаны бар, – деді жауап беріп отырған әйел еш саспастан. – Мен өзім шөлдеп келгенде, суды краннан ішемін. Біздің судың құрамында түрлі минералдар бар. Стақанға тұндырып қойсаң, көзге көрінбейтін шөгінді пайда болады. Судың дәмін кіргізіп тұрған сол.

Ал керек болса! Бәсе, неге шөлім қанбайды десем! Тазартқыштан өткен судың түк дәмі жоқ, оған мейірім бір қанған емес. Біреулерге оқу өтіп кеткен деуші еді, бізге насихат өтіп кеткен. Кейде суды сырттағы краннан ішсем, ұрлық жасағандай қуыстанып қалатын да бол­дым. Осының бәрі әлдебір өтірік-шыны аралас ақпараттардың тұтқынына айнал­ғанымыздың белгісі болса керек.

 

3. Оралхан Бөкейдің мұңы

Немерелерім алға қарай жүгіріп кетті де, мен оларды алыстан бақылап келе жаттым. Жақында жазғы демалыс­тары аяқталып, астанадағы үйлеріне қайтулары тиіс. Астананың алты ай қысы оңай емес, балаларға жылырақ киім әперу керек. Осыны ойлауым мұң екен, есіме бірден Оралхан Бөкей түсе кетті. Ол кезде Орағаң қырық жетіде, аты аңызға айналған үлкен жазушы. Соған қарамай кейде жас баладай аусарлана қалатын бір қызық мінезі бар. Бір күні: «Алматының қысы түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз», – деп өзінен өзі қырбайланып бұртия қалмасы бар ма.

Кеудемнің өрті басылмаған отыздағы кезім. «Ораға, онда Алтайға барып тұр­майсыз ба?» – деген сөз аузымнан абай­сыз шығып кетті. Ол сәл сәтке томсарып отыр­ды да: «Маған суық өткен ештеңе емес, сыз өткен жақпайды»,  деді. Ден­саулығында ондай кінәрат барын білетін едім, тілімді тістедім де қалдым. Сөйтіп жүр­ген Орағаң астананы Алматыдан Ақ­молаға көшіріп жібереді деп кім ойлаған!

Оралхан Бөкей 1991 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болды да, мені өзіне орынбасарлыққа алды. Жолда жұмысқа бірге келе жатқан кезімізде: «Үй тарлық қылып жатыр, үй сұрасам берер ме екен?» деді әдеттегідей басын шалқайтыңқырап. «Ораға, сізге бермегенде кімге береді?» дедім мен шапшаңдық танытып. «Солай ма?», деді ол кісі осы қазір үй ала қалатындай иығын қомдап-қомдап қойып.

Содан екеуміз отырып алып, Алма­тыны ал кеп мақтадық. «Егер Алатау болмағанда, Алматы да бұл жерде болмас еді», деді Орағаң басын кербұғыдай кер­деңдете шайқақтатып. «Алатау қаншау өзі, жеті Алатау бар ма?» деді содан соң тағы бір Алатауды Алтайдан әкеп қосып беретіндей кеңпейілденіп. Мені тоспай: «Күнгей Алатауы деген бар. Талас Алатауы деген де түсінікті. Қырғыз Алатауы да соның ар жақ-бер жағы», деп саусақтарын бүгіп санай бастады. Содан соң өзінің үйреншікті шапшаңдығына басып: «Жоңғар Алатауы деген не? Әй, Кузнец Алатауы несі? Күнгей Алатау, Теріскей Алатау, әй, бәрі бір Алатау ғой», деп иығын қиқаң еткізді. Сонысын жуып-шайғандай: «Біздікі Іле Алатауы ғой, ә?» – дегенде барып мен демімді әзер алдым.

Орағаңның көңілін үлкен үйден түс ауа жеткен шұғыл хабар одан сайын тасытты. Бір топ редактор Мемлекет басшысымен бірге фин еліне барады екен. Жолда солтүстік облыстардың біріне арнайы аялдамақшы. Орағаңды осы сапарға әдейі қосыпты. Бас редактор екені өз алдына, әрине. Бірақ Президент оны жеке-дара өзі тапсырыпты. «Е, не жақсылық болады екен?» деп елеңдеп қалдық. Орағаң: «Реті келсе, үйдің жайын айтып жіберсем бе екен?» деп ойланып отыр.

Менде әр нәрседен бір астар іздейтін әдет бар еді. Оралхан Бөкейді талайды басынан аттатып барып, «Қазақ әдебиетіне» әрең бас редактор қойған. Ол қызметті бергендеріне де көп бола қойған жоқ. Демек бұл тарапта не ойласақ та ештеңе шықпайды. Сонда ол кісіге басқа не жақсылық жасауы мүмкін? Неге елден ерек: «Қалып қалмасын» деп сәлем айтып жатыр? «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторына тіреліп қалған қандай маңызды шаруа бар?

Не керек, Орағаң сол сапарға үміттеніп аттанып, қанаттанып келді. Мемлекет басшысы жазушыға астананы Ақмолаға көшірсек қайтеді деген ой тастапты. Сол мәселені әдеби газетте көтеріп көру керек екен. Бұл бір жағы халықтың пікірін білудің амалы екені белгілі. Міне, Орағаң осы шаруаға белсеніп кірісті. «Астананы Ақмолаға көшірсек қайтеді?» деген тақырып сол күннен бастап газет бетінен түскен жоқ.

Оралхан Бөкей 1993 жылы 17 мамырда Делиде дүниеден озды. Астананы көшіру идеясы 1994 жылы шілдеде ҚР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында айтылды. Астана 1997 жылы 10 желтоқсанда Алатаудың баурайынан Есіл жағалауына қоныс аудар­ды.

Ал Алтайда туып, Алатаудың баура­йын­да ғұмыр кешкен жазушы ол оқиғаны көрген жоқ. Өзінің мәңгілік мекені болған Алатаудың бөктерінде, Кеңсайда жатыр. Осыншама аңыз адамдар бір төбенің басына жиылған Кеңсайдай қорым еш жерде жоқ.

– Оралхан Бөкейдің бір мұңы Мұзтау еді ғой, – дедім мен Алматы ұлттық қоры­ғының басшысы Қуат Байтұрбаевқа.

– Мұзтау бізде де бар ғой, – деді Қуат Байтұрбаев маған көзінің оты ұшқындана жалт етіп қарап.

 Сөйтсем, Мыңжылқыдан әріректе, Талғар тауынан беріректе тағы бір Мұз­тау бар екен. Мұзтаудан күн көзі қылт еткенде су сарқырап аға бастайды екен де, күн қалай еңкейеді, солай мұз болып қата қалады екен. Орағаңның қазір ғана жібіп тұрған қабағына қабарып қата қалған мұң секілді құдды!..

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК