Талдықорған қаласындағы Б.Римова атындағы облыстық драма театрында жергілікті 7 ақынның өлеңдері оқылды. «Жапырақ жауған күз» атты поэтикалық әдеби-сазды кеште өңірге белгілі шығармашылық иелері сахналық қойылым қойып, көрерменге жырдан шашу шашты.
Жетісулық ақындар Жұматай Оспанұлы, Айнұр Төлеу, Сағыныш Намазшамова, Гүлбақыт Қасен, Жангелді Немеребай, Әмина Адайхан және Салтанат Құмархан өлеңдерінен құралған поэтикалық кеш ерекше өтуімен де көрермен есінде қалды. Әдеби кеш сахналық көрініспен астасып, ән айтылды, күй шертілді.
– Қашанда қазақ жеті санын кие тұтқан. Біз де осынау рухани шараға Жетісу жұртын жақұт жырымен тербеп келе жатқан жеті бірдей жұлдызы жоғары ақынды кейіпкер етіп отырмыз. Бір тиын қаражатсыз өткен осынау шырайлы шара бәрімізді тебірентті. Көңіліміздің зерлі зеңгірін кеңейтіп, рухымызды асқақтатты, – деді кеште сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев.
Алматы облысы