• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қараша, 2020

Тағдырластарына қамқор волонтер

470 рет
көрсетілді

Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменованың бастамасымен ашылған «Д.А.Р.» еріктілер клубын білмейтін ақтөбеліктер аз. 2007 жылдан бері әдемі ұғымдар – достық, адалдық, рақымшылықты ту етіп келе жатқан белсенділерді сөз еткенде, Марал Нұралина еріксіз ойға оралады. Өйткені ол – қоларбада отырған мүмкіндігі шектеу­лі жандарға жастайынан қолғабыс танытып, ақысыз көмек – еріктілік қызметті көрсе­тіп жүрген үлкен жүректі адам, жоғарыда аталған ұйымның жетекшісі. Кейіпкеріміз­дің өзіне ғана тән ерекшеліктері де жоқ емес. Ақтөбедегі тәжірибелі волонтер қызға ­арнайы тоқталып отырғанымыз да сондықтан.

Алғашында «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінде ерікті болған, сол арқылы жүріп-тұруы қиын адамдарға жәр­демдескен Марал – «Д.А.Р.» клубын құру­шылардың бірі. Бұл салаға оның жолдан қосыл­мағанын, үлкен дайындықпен келгенін айтпай кетуге болмайды.

– 2007 жылы АҚШ-тың Қазақстандағы өкілдігі – Бейбітшілік корпусы ұйымының шетелдік еріктісіне куратор атандым. Оны­мен кездеспестен бұрын Алматы қаласына барып, арнайы курстан өттім. Семинарларға қатыстым. Тек қана ағылшынша сөйлейтін Перри Тейчердің басты мақсаты – Құра­лай Базарбайқызы ашқан бірлестіктің жұ­мы­сымен танысу, мұндағы денсаулығы дім­кәс адамдардың жағдайын білу. Әуелде екеуміздің өзара түсінісуіміз қиынға соқ­қанын жасырмаймын, тек ым-ишарамен «әңгімелесіп» жүрдік. Бірақ «Қалауын тапса, қар жанады» деген рас екен. Бұл менің волонтерлер жұмысына одан сайын етене араласуыма да септігін тигізді. Іле-шала өз ұйымымыз ашылды, – деп өткен күндерді үлкен тебіреніспен еске алды Марал.

Ұлттық волонтерлік желісінің құрамына кіретін «Д.А.Р.» еріктілер клубының қазір­гі таңда 120 мүшесі бар. 14 пен 75 жас ара­лығындағы волонтерлердің көшбасшысы Марал үшін әрқайсысының орны бөлек. Ал бірлесіп атқарған жұмыстарға ол ерекше екпінмен тоқталады. Айталық, ұйымның ең алғашқы жобасы – «Алтын жүрек» акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар қолдау тапса, «Спорттық волонтерлік», «Әлеуметтік туризм», «Біз біргеміз!», т.б. жобалары тірек-қимыл жүйесі бұзылған ақтөбеліктердің бір сәтке болса да көңілін аулауға һәм сергітуге бағытталған. Бұлардың барлығы – жыл са­йын өт­кізілетін, әбден дәстүрге айналған жобалар.

«Әлі де жүзеге аса қоймаған жоба-жос­парлар бар, әрине. Өңірде еріктілердің лагері ұйымдастырылса, арнаулы топтағылардың арасында хоккей ойындары өткізілсе, керемет болар еді. Бәрінен бұрын, волонтерліктің қыр-сырын үйрететін, оның мән-маңызын жете түсіндіретін арнаулы бағдарламалар қолға алынса екен. Білікті мамандар семинарлар өткізуі керек. Олар барлығының бі­рінші кезекте жүрек қалауымен, риясыз жасалатынын ұғындырса екен дейсің ғой. Әйтпесе, бізде әлі күнге еріктілер ту­ралы дұрыс түсінік қалыптаспаған. Көз­бояушылыққа салынудан сақтансақ, топ бо­лып жүруді волонтерлік демесек, бұл қоз­ғалыс дами түседі», – дейді сөз арасында әңгімелесушіміз.

Орталық белсенділері талай респуб­ли­калық байқаулардан жүлдемен оралып жүр. Мәселен, елордада өткен «Үздік волонтер» сайысында «Волонтерлік бойынша үздік жоба» аталымы бойынша «Д.А.Р.»-дың жас­тары өзгелерден оқ бойы озып шығып, Білім және ғылым министрлігі тарапы­нан диплом мен бағалы сыйлыққа ие болды. Былтыр клубтың үйлестірушісі Гауһар Жұ­ма­ғазиеваны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі марапаттады. Соны­мен бірге ұйым көптеген халықаралық, республикалық қозғалыстардан жемісті жұмысы үшін алғыс хаттар алғанын айта кеткеніміз абзал. Об­лыстағы ең белсенді еріктілер ұйымының арқа­сында отбасылы болып жатқандар да аз емес... Жансат-Мақпал, Серік-Лунара, Нысанбек-Тұрсынай, басқа да жұптар – игі­лікті істі атқара жүріп табысқандар.

Маралдың да жетістіктері бірталай. Оның ерікті болумен шектелмей, жастармен жұ­мыс жасайтын тренер һәм ментор, еліміздің батыс аймақтары бойынша өткізілген сұлулық байқауында «Сүйкімді ару» атанғанын, университетті үздік бітірген маман екенін кел­тіре кетейік. II топтағы мүгедек жан үшін бұл айтуға тұрарлық асулар емес пе?! Көп­шілік тағдырластары секілді үйде отырып қалмай, қайта айналасындағы адамдарға қол ұшын созатын волонтер қыздың өмірге деген құлшынысы шынымен ерекше. Ол – сондай-ақ жеңіл атлетика бойынша паралимпиада­лық ойындардың II дүркін күміс жүлдегері, арба­дағы биден Ақтөбеде өткен байқаудың жеңімпазы.

– Менің бір өзгеше қырым Ақтөбе облысында тұңғыш рет шетелдік волонтердің ­кураторы болғаным шығар. Яғни соның әсе­рінен өзгелермен қазақ, орыс және ағыл­шын тілдерінде қатар сөйлесуге дағдыландым. Әйтпесе әлеуметтік волонтерлік бағытын ұстанғандардың бірімін. Өзім де бала жас­тан мүгедек болғандықтан, дене бітімінде өзгешелік бар адамдардың мұң-мұқтажын жақсы түсінемін.

Мұндай топтағы кісілермен жұмыс істеу қиын, олар ашушаң келеді деген пікір­мен келіспеймін. Бәрі адамның өзіне байла­нысты. Дегенмен мүмкіндігі шектеулі аза­маттарға ерікті болу үшін де айрықша қа­білет керек. Мінез-құлқын түсініп, психолог болуың шарт. Ал бұл оңай шаруа емес, – деп сыр ақтарды «Д.А.Р.» еріктілер клубының жетекшісі.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

журналист

 

Ақтөбе