Бұл өзі ұзақ күткен сапар болды. Археологиядағы далалық маусым жалпы қар еріп, жер кеберсігеннен басталып, күздің қара суығына дейін жалғасады. Биыл індетке байланысты жоспар бұзылып, ойға алған шаруаларды уақытында орындай алмадық. Экспедициялардың басталуын ұзақ күтіп, маусым айының соңында бір-ақ шықтық. Мақсатымыз – Қазақстан археологиясы туралы «Beyond Time» деректі фильмдер циклін түсіру.
Түсіру тобында үш-ақ адамбыз, жобаның авторы әрі жүргізушісі журналист, продюсер, «Арша» медиастудиясының директоры Зарина Мұхамедәлі, оператор, видеоинженер Сергей Нижник және мен.
Арқаның суық қысынан кейін, оның бер жағында карантинде үш ай үйде қамалып жатып-жатып жолға шығу деген жерден бір қап алтын тапқаннан да керемет қуанышты жағдай болды.
Сонымен, бұл сапарымызды еліміздің шығыс өңірінен бастадық. Шығыс Қазақстан облысындағы Ақбауыр тауы туралы 2017 жылы алғаш естіген болатынмын. Осы жолы көрікті көне мекенді көзбен көрудің сәті түсті. Ақбауырдың атын алғаш естіген жылы продюсеріміз «Қазақстанның киелі картасы» жобасы бойынша «Туған елімнің таңбалары/Символы нашей Родины» деген деректі фильмдер циклін түсірді. Сонда Өскеменнен 35 шақырым жерде орналасқан Ақбауырға соғып, тас-жартастағы суреттерді мұқият түсіріп қайтқан. Қатты қызығып, бір барып көрсем деп ойлап жүргенмін. Ал былтыр сол жерде қазба жұмыстары басталғанын және оны тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашұлы басқаратынын естігенде, тіпті қызықтым. Ғалыммен танысып, қалай жұмыс істейтінін көру де арман еді.
Сөйтіп, Ақбауырға да жеттік. Таудың пішіні бауырға ұқсағаннан кейін солай атап кеткен екен. Меніңше, тау ұйықтап жатқан айдаһарға ұқсайды.
«Ақбауыр» тарихи-археологиялық кешені – Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының бөлімі. Яғни аумағы қоршалған, қорғалады. Кіру ақылы, ересек адам 400 теңге, студенттер мен зейнеткерлер 200 теңге төлеп кіре алады.
Жалпы, Ақбауыр үңгір қабырғасындағы көне адамдар қалдырған суреттерімен әйгілі. 4-5 жасар баланың шимай-шатпағы сияқты көрінетін суреттер жоса деген минералмен салынған. Суреттердің жасы шамамен 3000 жыл, яғни энеолит дәуіріне жатады. Мұқият қарасаңыз, белгісіз суретші бізге (яғни, ұрпақтарына, әлде басқаға? Құдайына?) әлденені айтқысы, түсіндіргісі келгенін байқайсыз, қаптаған сызықтар мен нүктелер нені білдіреді, олар да тылсым!..
Өз басым үш-ақ нәрсені таныдым: арба, адам және төбесінде шеңбері бар пирамида. Қазақстан аумағында кездесетін арбаның ең көне суреті, міне, осы қабырғада, менің көз алдымда тұр. Жанындағы, бәлкім, алғашқы арбаны жасаған өнертапқыш шығар?
Ал төбесінде шеңбері бар пирамиданы үңгірден шығып, батысқа қарағанда көреміз. Бұл екі таудың үлкені Назартау деп аталады. Назар деген байдың жері болған. Кішісінің төбесіне күнде кешкісін барып Күн ұялайды. Бұларды негізі сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес ғажайып құбылыстар көздің жауын алады. Күн еңкейгеннен көз байланғанша бақылап отырсаңыз, аспан мың құбылады. Ертеңінде кешке батыс жақтың мүлде басқа бояуға малынғанын көресіз. Табиғаттың ең шебер суретші екенін тағы мойындап, қайран қаласыз. Бәлкім, байырғы суретші де біз сияқты сұлулыққа тамсанып жүріп, көргенін мәңгілікке бейнелеп қалдырғысы келген шығар? Сонда бұл жазулар өнер туындысы болғаны ма?
Бұл жерді толық, жан-жақты зерттеген Зейнолла Самашұлы мен осы қорық-музейдің ғылыми қызметкері Галина Геннадьевна Петенёва. Ғалымдар бұл суреттерді пиктограммалық жазулар, идеограммалар дейді. Пиктограммалық жазуда әр сурет бір сөзді бейнелейді. Алайда қандай сурет қай сөзді жасырғаны әлі шешілген жоқ. Ол үшін ұқсас жазулармен салыстырып көру керек. Ең қызығы, мұндай жазулар басқа жерден әлі кездескен жоқ.
Кездескен күннің өзінде сақталуы қиын шаруа. Біздің елде тарихи жәдігерді бір көруге келуші туристердің, жергілікті тұрғындардың құрметі кем екенін жақсы білесіздер. Қазіргі жабайылар көне суреттің үстінен өз аты-жөнін жазып қоюға құмар. Қолмен ұстап, үстін басып сызып суретке түскенде өнетін жалғыз нәрсе – терідегі миллион микроб суретте қалып, жойылуын тездетеді. Осы мәселеге болашақ туристер абай болғаны дұрыс.
Әгәрәки, келер жазда Ақбауырға барсаңыз, суреттерді қолмен ұстамаңызшы. Тасты сызып, есіміңізді жазбаңызшы. Жай ғана суретке түсіріп алып, инстаграмға не Фейсбукқа салсаңыз да, естелігіңіз сол әлеуметтік желіде сақталады. Мақсатыңыз сол болса егер, әрине...
Көне жәдігерлерден бөлек, Ақбауырдың жан-жануар әлемі де ерекше. Жә, осы жерден табиғат сұлулығы мен тарих тылсымына деген тамсанысымызды үзе тұрайық. Келесіде Ақбауырдағы ерте сақ кезеңінің қонысы туралы әңгімелеуге болады. Бұл жерде де бізді небір тарихи таңбалар қарсы алған болатын...
Нұргүл ЕСЕНГЕЛДІ,
журналист