Алматылық алаяқ ломбардтарды 110 миллион теңгеден асатын сомаға алдады,- деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласының 31 жастағы тұрғыны ірі ломбардтарды тақырға отырғызған, өзінің жаңа қылмыстық тәсілін ойлап тапты. Жалған кепіл құжаттарын жасау арқылы алаяқ 110 миллион теңгеден астам сомаға қол жеткізген.
– Күдікті бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Ол өзінің “Кадиллак Эскалэйд” автокөлігінің VIN кодын өзгертіп, аталған көлікті басқа мемлекеттен елге енді ғана әкелінгендей етіп көрсеткен. Сонымен қатар көлікті бірнеше рет туыстарына немесе достарына тіркеген. Әрі қарай ол құжаттары жаңартылған көлікті ломбардқа апарып, автокөлікті көлік жүргізу құқығымен кепілге қойды. Қарапайым тілмен айтқанда, жоқ джиптің құжаттарын кепіл ретінде қалдырып, қомақты соманы иемденген. Осы тізбек бойынша алаяқ қаладағы төрт ломбардты алдаған.Ұсталған адамның әрекеті ҚР ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен аса ірі көлемде жасалған алаяқтық бойынша дәрежеленді. Оған қатысты “қамауға алу” түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Осы адамның заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен азаматтар бізге 8-701-655-55-54, 261-23-86 немесе 102 нөмірі арқылы хабарласа алады, – деді Алматы қаласының ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Мұхамедәли Сейсенұлы.