Жетісуда жыл басынан бері 1743 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 260 адам көз жұмған екен. Өкінішке қарай, жол апатының көбіне жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс арттыруы себеп болып отыр.
Қара жолда қаза құшқандардың да дені жоғары жылдамдықпен жүріп, апатқа ұшыраған көліктердің жолаушылары екен. Биыл құйындай ұшып, қозғалыс кезінде апатқа ұшыраған көлік саны 503 болса, оның 102 оқиғасы адам өлімімен аяқталыпты.
– Облыс жолдарындағы жағдай күрделі болып отырғаны рас. Жүргізушілердің жауапкершілікті сезінбеуі мен жол ережесіне немқұрайды қарауы көбіне қайғылы жағдайға апарып соғуда. Мысалы, жыл басынан бері жылдамдық режімін сақтамау салдарынан болған көлік апатынан 102 адам қаза тауып, 848 адам жарақат алды. Ал тағайындалған әкімшілік жазалар бойынша цифрларды алатын болсақ, көлік иелеріне облыс аумағында жылдамдық режімін асырғаны үшін 16 307 әкімшілік хаттама толтырылды, дейді облыстық Полиция департаменті жол-патруль қызметі басқармасы басшының орынбасары, полиция майоры Мейір Демеубаев.
Қазір полицейлер республикалық маңызы бар автожолдарға «КРИС-П» жылдамдық анықтау радарлары мен фоторадар кешендерін қайтадан қойып жатыр. Бұған дейін бұл қоғамдық пікірдің ауанына қарай баяулаған болатын. Есесіне, жолдардағы мұндай бақылаудың нәтижесі бірден сезіледі екен. Мысалға, жылдамдықты анықтау кешендері іске қосылған бір тәулік ішінде ереже бұзған 200 көлік анықталған. Сондай-ақ тәртіп сақшылары қыс маусымынң түсуіне байланысты автокөліктердің дайындығына да назар аударып, ескерту жасап жатыр. Әсіресе Талдықорған–Алматы бағытындағы жолға шығатын көліктердің тиісті дайындығы төмен екен. Өйткені екі аралықтағы жолдың сапасына сенген жүргізушілер қысқы дөңгелек ауыстыру, қозғалыс бөлшектерін жөндеуден өткізу сияқты маңызды дүниелерге салғырт қарайды.
Айтпақшы, облыста тіркелген жол-көлік оқиғасының дені Алматы-Өскемен автожолының бойында болып отыр. Өкінішке қарай, бұл маңда тек көлік апаты ғана емес, қылмыс жағдайы да жиі тіркеледі. Әсіресе күре жолдың бойында адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткендер бой көрсеткен. Ал полиция мұндай қылмыстың ізін суытпай ашуға тырысып жатыр. Мысалы, жақында Кербұлақ ауданының 41 жастағы тұрғынын белгісіз көлік қағып кеткен болатын. Ауыр соққыдан есін жимаған зардап шегуші қаза тапқан. Түн ауа болған аппаттан кейін қылмыскер қашып кеткен екен.
– Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде апат орнынан қашып кеткен Алматы қаласының 46 жастағы тұрғыны құрықталды. Оның жеке үйінің ауласынан жаяу жүргіншіні қағып кеткеніне дәлел болатын соққының іздері бар автокөлік табылды. Дәлелдемелерден кейін күдікті адам қаққанын мойындады. Ол өзінің оқиға орнынан қашып кетуін қорқыныш салдарынан деп түсіндірді. Тіпті қылмыс жасаушы өзін ешкім таба алмайды деп ойлаған болуы керек. Себебі түн жарымында оқиғаны ешкім көрмеген. Ал полиция істі мұқият зерделеп, санаулы сағатта қылмысты ашты. Бұл жерде Талдықорған қаласы мен Алматы қаласының аралығындағы бақылау камераларының көмегі тиді, – дейді Көксу ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Рамиль Гимадиев.
Жол демекші, күре жолдың бойында қараусыз жүрген мал басының ұры-қарыға жем болуы да жиілеп тұр. Жақында Талдықорған – Алматы тас жолы бойында жайылып жүрген ірі қараны қолды қылған барымташылар қолға түсті. Кербұлақ ауданының полицейлері жергілікті тұрғынның 6 бас сиырын жайылымнан қолды қылды деген күдікпен 25 және 29 жастағы екі азаматты ұстады. Жедел-іздестіру шаралары барысында қолды болған сиырлар табылып, заңды иесіне табысталды.
– Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Кербұлақ және Көксу аудандарының екі тұрғыны қамаққа алынды. Олардың аудан тұрғынының 6 бас сиырын ұрлағаны дәлелденді. Қазіргі уақытта олардың өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде, – дейді Кербұлақ аудандық полиция басқарамасының бастығы, полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.
Алматы облысы