Біздің бұл мақаламызға арқау болып отырған Айтбай Нарешұлы – ұлағатты ұстаз, білім беру саласының білікті маманы, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері ретінде танылған тұлға. Осынау аяулы азаматтың ұлттық құндылықтарды аяусыз жаншып отырған коммунистік жүйеге қарсы бағытталған елшіл жастардың «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясы) астыртын саяси ұйымындағы қайраткерлік қызметі айтылмай келеді.
Біздің қолымыздағы Айтбай Нарешұлына қатысты көптеген архив құжаттарына ден қойсақ, халқымыз басынан өткерген күрделі кезең мен қытымыр заман ағымына терең бойлаймыз.
Елшіл тұлға өз қолымен жазып толтырған өмірбаяндық анкетасында: «Мен, Айтбай Нарешев, 1915 жылы Гурьев облысының Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында шаруа отбасында дүниеге келдім. Әкем 1919 жылы, ал анам 1931 жылы қайтыс болған. 1926 жылға дейін анамның тәрбиесінде болдым. 1926 жылдан 1929 жылдар аралығында байдың жалшысы болып жұмыс атқардым. 1929 және 1934 жылдары жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернатта, 1934 пен 1938 жылдары Орал педагогикалық институтында оқыдым» дейді.
Қазақстанда оқу-ағарту саласын дамыту мақсатында алғашқы педагог мамандар даярлайтын оқу орнындарының бірі ретінде 1932 жылы ашылған Орал педагогикалық институтында (қазіргі таңда Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті) білім алуы жас өскіннің өміріне үлкен серпіліс әкелді. Институтта Қазақстандағы білім беру ісін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан белгілі ғалым-педагогтер В.С.Бойко, К.А.Утехина, Н.М.Малеча, Қ.Жұмалиев және т.б. ұстаздық етіп, тәлім-тәрбие берген болатын. Біздің қолымыздағы Айтбай Нарешұлының Орал педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетінде 1936 жылы екінші курсты оқып жүргенде группасымен түскен фотосуретте белгілі ғалым Қажым Жұмалиев қазақ әдебиетінің оқытушысы болғандығы көрсетілген.
Айтбай Орал педагогика институтында білім алған жылдары ақын Қасым Аманжоловпен етене араласады. Ақын-публицист Рамазан Нарешұлы Қасым Аманжолов өміріне арналған «Ұмытылмас бейне» атты естелігінде: «Мектепте оқып жүрген кезімде ағайым Айтбайдың аузынан Қасым Аманжолов туралы, оның талантты да дарынды ақын екендігін жиі еститінмін» деп жазады.
Айтбай Нарешев 1938 жылдан 1981 жылға дейін Қарағанды педагогикалық институтында, одан кейін университетте қазақ әдебиеті тарихынан дәріс оқыған ұлағатты ұстаз, білгір әдебиетшілердің бірі еді.
– Біз, – дейтін ол, – 1936 жылдары Оралдың А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтында Қасыммен бірге оқыдық. Ол студент кезінен-ақ өршіл, лирик ақын, үлкен өнерпаз жан болды. Оның тұла бойы тұнған жыр, жүрген жері ойын-сауық болатын, – деп жазады.
Алаш қайраткері Әлімхан Ермекұлының ұстаздық өнегесін алған Қажым Жұмалиевтің алдын көрген Айтбай Нарешұлы аталған жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Қазақ КСР Халық ағарту комиссариаты (Наркомпрос) жолдамасымен Қарағанды мұғалімдер институтына оқытушылыққа жіберіледі. 1938 жылдың 3 қыркүйегінен бастап 1942 жылдың тамыз айына дейін оқытушы болып қызмет атқарады. Бұл тұста ол оқытушылық қызметімен қатар қоғамдық істерге де белсене араласа бастайды. Осы кезең турасында ақын, ғалым, «ЕСЕП» партиясының негізін салушы Бүркіт Ысқақұлы өз естелігінде: «1940 жылы Нұрадан бір топ оқушы (ішінде Е.Бимағамбетов, Ж.Әубәкіров, М.Теміров, Д.Шалабеков, А.Дүйсембаев, Ә.Сүлейменов бар) Қарағандыға келіп, ондағы оқытушылар институтына (ол 1952 жылдан – пединститут, ал 1972 жылдан – университетке айналды) оқуға түстік. Бақсам, баяғы досым Жаппар Өмірбеков те осында оқуға түсіпті. Оны көріп қуанып кеттім. Орта мектепке қарағанда, мұнда қазақ, орыс және Батыс Еуропа әдебиеттері кеңірек және тереңірек өтіледі. Бұл пәндерден соғыс алдында және соғыс жылдары Мәскеу, Ленинград, Саратов және Ресейдің басқа да орталық қалаларынан ауысып келген атақты оқытушы-профессорлары (мәселен, проф. П.С.Богославский, проф. А.Романовский, проф. Ш.Лиф, доценттер А.П.Спасибенко, С.Ф.Меделец, М.Старков, С.И.Табышева т.б.) сабақ берді. Оның үстіне институт жанында «Жас қалам» атты әдебиет үйірмесі жұмыс істеді және осы аттас қолжазба журнал шығып тұрды. Үйірменің жетекшісі – А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институтын бітірген, қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы А.Нарешев болды. Оның жұмысына студенттер Ж.Өмірбеков, Қ.Ыдырысов, Ж.Баяхметов, Д.Мырзахметов, Д.Тұрғанбеков, т.б. белсене қатысады екен. Сол әдеби ортаға мен де араласып кеттім» деп жазады. Деректе келтірілген институт қабырғасындағы «Жас қазақ» әдебиет үйірмесінен басталған елдік бұлқыныс жастардың астыртын ұйымы «ЕСЕП» партиясының құрылуына әкелгендігін көруімізге болады.
Институттағы оқытушылық еңбегінде жас шәкірттерінің санасына елдік қасиеттер сіңіріп, Алаш ардақтыларының идеологиялық қысымдағы әдеби мұрасын насихаттайды. «ЕСЕП» партиясының мүшесі Махмет Темірұлы: «Айтбай Нарешұлы дәрістерінің маңызы, институттағы «Жас қалам» аталатын үйірмеге басшылық еткенін айта келіп: «...Бір күні Айтбай Нарешев ауырып қалып, институтқа келмеген соң, Бүркіт екеуіміз үйіне бардық. Төсек тартып жатыр екен. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін інісі Рамазанға кітап сөрелерінен бір-екі кітап алғызып берді. Оның жеке кітапханасындағы кітаптардың көптігінен, бұрын мұндайды көрмеген Бүркіт екеуіміздің есіміз шықты... Кейіннен ағасының үйде жоқтығын пайдаланып, інісі Рамазанға жалынып шкафты аштырып көрсек, іші толған «халық жаулары» Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың т.б. кітаптары. Шкафтың ең төменгі түп жағында бізді ерекше қызықтыратын арапша әріптермен жазылған Ахмет Байтұрсыновтың «Маса», «Қырық мысал» кітаптары, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» сияқты кітаптары сақтаулы екен.
Бүркіт екеуімізді ерекше қызықтырған тағы бір кітап Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1-бөлім, ұлтшылдық – байшылдық дәуір. Қазақстан баспасы. 1932 жыл. Қызылорда. Латын әріптерімен жазылған) деген кітабы болды. Бүркіт екеуіміз бұл кітаптарды біртіндеп қана білдіртпей алып, ешкімге көрсетпей оңаша оқып шықтық. Өзімізге ұнаған өлеңдерді дәптерге жазып алып, жаттап отырдық», – дейді.
Осы турасында біздің 2011 жылы Махмет Темірұлымен болған сұхбатымызда асыл аға сол бір күндерді: «Өлеңді оқып отырған кезде, бізде сүйіспеншілік пайда болды. Мысал үшін Сәкендердің өлеңін оқыған кезде заманның күйін сездіртіп, ал Мағжанның өлеңдерін оқыған кезде, тіпті керемет әсер беретін болды. Сөйтіп, біз қазақтың Алаш ақындары, Алаш қайраткерлері «шіркін-ай, совет өкіметінде комунистік партия емес, Алаш партиясы болса қазақ халқы мұндай қырғынға ұшырамас еді» деп ойлайтын едік. Қазақ халқы өзінің асылдарын сақтар еді. Ендеше коммунистік партия емес, елін сүйетін, елі үшін қызмет ететін жаңа партия керек деген ұран тастадық. Сөйтіп, біз қазақтың қамын ойлайтын жаңа партия құрмақ болдық. 1941 жылы партия құрдық. Оның атын ЕСЕП – Елін сүйген ерлер партиясы деп қойдық. Халқы үшін қызмет ететін партия керек деп, 1941 жылдың бас кезінде өзімізше партия ұйымдастырып алдық», – деп еске алған-ды.
Айтбай Нарешұлы 1942 жылы 9 тамызда партиялық мобилизациямен соғысқа аттанып, 1945 жылдың қазан айына дейін әскерде реактивті снаряд (РС) жүйесінде қызмет етеді. Екінші дүниежүзілік қан-қасап соғыстың майдан даласына баруының өзі тұлғаның зерттелмей жатқан қыры. Қолда бар деректерге жүгінер болсақ, сұрапыл соғыстың алдыңғы шебінен Қарағанды облыстық партия комитетіне келіп түскен өтініш хатта реактивті снаряд (РС) жүйесі қызметіне білікті мамандар керектігі баса көрсетіліпті. Сол хаттың негізінде, Қарағанды қаласынан Жарков, Кузубаев, Гриб, Жомартов, Панкретов, Лысенко, Емельяновтар қатарында А.Нарешұлы да таңдап алынады. «Катюша» далалық зымырандық артиллериялық жүйелерінде майданда болған сегіз қарағандылық жауынгерлер жөнінде сол кезеңнің өзінде соғыс жылдарындағы басылымдарда құнды мақалар жарияланған болатын. Сондықтан да Екінші дүниежүзілік соғыстың мәлім де беймәлім жылнамасын зерттеп, зерделеуде аталған қарағандылық соғыс ардагерлерінің елеусіз ерлігі назардан тыс қалмағаны абзал.
Майдан даласынан оралған Айтбайдың жеке өмірбаяндық құжаттарынан төмендегідей деректерді оқимыз: «Демобилизациядан кейін 1945 жылдың 11 қазанынан 1950 жылдың шілде айына дейін Қарағанды облысының мәдени-ағарту мекемелері бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқардым. 1950 жылдың шілде айынан 1951 жылдың ақпан аралығында Қарағанды мұғалімдер институтында оқытушы және факультет бөлімінің меңгерушісі болдым. 1951 жылдың 28 ақпанынан 1956 жылдың 17 шілдесіне дейін 58-баппен сотталып, саяси қылмыскер атандым. 1956 жылдың 17 қараша күні КСРО Жоғары сотымен ақталдым».
ҰҚК архивінде жұмыс істеу барысында «ЕСЕП» партиясында болған тұлғаларға қатысты көптомдық қылмыстық іспен жан-жақты танысуға мүмкіндік алдық. «ЕСЕП» партиясына байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті архив құжатында тіркелген ЕСЕП партиясы мүшелеріне арналған қылмыстық іс бойынша материалдарында 1951 жылғы 19 қаңтарда істі қабылдау және жүргізу туралы қаулы қабылданғаны жазылған.
Осы қылмыстық іс бойынша Б.Ысқақұлы, М.Темірұлы, А.Нарешұлы, Р.Нарешұлы, Ж.Қалиұлы, М.Азанбаев, А.Аманқұлов қудаланып, тұтқындалды. Айтбай Нарешұлын 1951 жылы 23 ақпанда қамауға алу туралы қаулыда: «...Өзінің дұшпандық сенімімен советке қарсы ұлтшылдық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, айналасындағы адамдарға Алашорда жазушыларының шығармаларын таратады» – деп көрсетілді.
1951 жылы 23 ақпанда бұлтартпау шарасын таңдау туралы, 1951 жылы 28 ақпанда Қарағандыдан Алматыға этаппен айдау туралы қаулы қабылданады. 1951 жылы 28 ақпандағы тұтқынға алу туралы ордер негізінде Қарағанды қаласы Ленин көшесіндегі №48 пәтеріне тінту жүргізілді.
Архив құжаттарындағы А.Нарешұлының отбасына қатысты деректерде әйелі Галина Маденованың 1917 жылы туғаны, балалары Асқар 1937 жылы, Аян 1939 жылы, Наурызбай 1942 жылы, Ноян 1947 жылы дүниеге келгені жазылған.
Алматыда 1951 жылы 15 қаңтардағы айып тағу туралы жүргізілген тергеу қаулысында «ұлтшылдығы»: «...Іс бойынша тергеу тарихын қарап, Айтбай Нарешевтің 1940-1942 жылдардағы совет өкіметіне қарсы дұшпандық көзқарасын білдіре отырып, Қарағанды мұғалімдер институтында жұмыс істеген кезеңде жастарды советке қарсы ұлтшылдық рухта тәрбиелегені, оларды совет өкіметіне қарсы ұйымдасқан күреске бағыттағаны айғақталды. Ол соғыстан кейінгі уақытта да советке қарсы жұмыс жүргізді» – деп көрсетілген. Демек, жаппай репрессия жылдары «халық жаулары» атанып атылып кеткен Алаш қайраткерлерінің оқуға тыйым салынған кітаптарымен студенттерді таныстырған Айтбай Нарешұлы болғанын архив құжаттары дәйектей түседі.
Айтбай Нарешұлы – тәуелсіздік жолында күрескен Алаштың асыл перзенттерінің ұлттық идеясын тарихи сабақтастықта жаңғыруына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. «ЕСЕП» партиясының мүшелері сол бір қытымыр жылдары әлеумет санасына Алаш идеясын сіңіріп, тарих тағылымына бойлауларына серпіліс дарытты.
1951 жылы 36 жастағы жалынды жігіт Айтбай Нарешұлы Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмысты істер жөніндегі Коллегиясының 1951 жылғы 14-15 маусымдағы үкімі бойынша РСФСР Қылмысты істер кодексінің 58-10, 58-11 баптарының 2-тармағымен айыпталып, 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылады. Оған қосымша 5 жылға азаматтық құқығынан шеттетіледі. Елім деген есіл ер отыз жылды арқалап итжеккенге кете барды. Осы жерде айта кететін бір жайт, ОГПУ-КГБ қызметкерлері адам айтқысыз қатыгездіктерімен қаншалықты ұрып-соғып, қинағанымен алдын ала тергеу барысында да, сотта да тағылған айыптар бойынша өзін кінәлі деп танымаған жалғыз тұлға – Айтбай Нарешұлы болғанын архив құжаттары айғақтайды.
Лагерьде жазасын өтеп жүрген кезеңдері қиындықтарға мойымай, ар-ұжданын қорғау мақсатында КСРО Жоғарғы соты Төрағасына өтініш жазады. Өтініштері қарастырылып, КСРО Жоғарғы соты Қылмысты істер жөніндегі Коллегиясының 1956 жылғы 17 қарашадағы қаулысымен «ЕСЕП» партиясы мүшелері толық ақталады. 1993 жылғы 14 сәуірдегі Қазақстан Республикасы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңымен «ЕСЕП» партиясы мүшелерінің құқықтары қалпына келтірілді. Өкініштісі, Айтбай Нарешұлы сынды «ЕСЕП» партиясының кейбір мүшелері тарихи әділдік салтанат құрған күндерді көре алмай өмірден өтті.
ГУЛАГ жүйесінің қанды тезінен өткен Айтбай Нарешұлы оқытушылық қызметіне қайта оралады. Бұған қатысты өмір дерегінде: «1956 жылдың 15 қараша мен 1957 жылдың 16 маусым аралығында Қарағанды облысының мұғалімдер біліктілігін арттыру институтында әдіскер қызметінде болдым. 1957 жылы 16 маусымнан 1958 жылдың 15 сәуірі аралығында Қарағанды педагогикалық институтында оқытушы, 1957 жылдың 15 сәуірінен бастап қазіргі уақытқа дейін сырттай оқыту бойынша директордың орынбасары болып қызмет атқарамын. 1942 жылдан бастап Кеңес Одағының Коммунистік партиясы мүшесімін», – деп жазады. 1981 жылы 24 сәуірге дейін Қарағанды университетінде әртүрлі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Сол арқылы ұлттық руханиятымыздың өркендеуіне, қазақ тілі мен әдебиетінің білікті мамандарын дайындауда өлшеусіз үлесін қосты. Елшіл тұлға, отаншыл азамат қандай болу керектігін ісімен дәлелдеп өтті.
Біз осы мақаланы жазу барысында, Айтбай Нарешұлының немересі Лика апамызбен кездесіп, сұхбаттасқан едік. Лика Науанқызы сол бір келмес күндер елесін: «Әкем – Науан атамның тұңғыш баласы. Әжем – Гүлзағипа Мәлікқызы Сейфуллина қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туған жиен қарындасы болып келеді. Өзінің баласы болмағандықтан, туған қызындай өсірген екен. Сәкен Сейфуллин ұсталғанда, әжем Мәскеуде оқып жүрген. Тығылып жүрген әжеме Сәкеннің жақын танысы Галина Серебрякова қашуға көмектескен. Содан Галина Маденовна Маденова болып аты-жөнін толық өзгертіп тастаған. Мен бұларды әкемнің айтқаны бойынша айтып отырмын», – деп жеткізген-ді.
Лика Науанқызы: «Атам ұсталған кезінде әжеме: «Саған балаларды өсіріп, жеткізу керек, сондықтан да мені күтпе, тұрмысқа шыға бер» деп айтып кеткен екен», – дейді. Мерзімін өтеп, 1956 жылы толық ақталып отбасына келген Айтбайды әйелі Гүлзағипа аяғы ауыр болып қарсы алады. Содан екінші мәрте Мариям анамызға үйленеді. Қарап отырсаңыз, жауыңызға тілемейтін қорқынышты көрініс, тоталитарлық жүйе осындай қаншама отбасын ойрандап, тағдыр-тәлкегіне ұшыратты десеңізші!
Түйіп айтқанда, әміршіл-әкімшіл жүйенің қитұрқы саясатына қарсылық танытып, күреске шыққан елшіл жастардың астыртын саяси ұйымы «ЕСЕП» партиясы қазіргі Отандық тарихта әлі де толық бағасын алған жоқ. Бұл бағытта қолға алар, атқарылар істер жетіп артылады.
Туғанына жүз бес жыл толып отырған ұстаз, тәлімгер, педагог Айтбай Нарешұлының қайраткерлік тұлғасы жүйелі зерттеуді қажет етеді. Сталинизм жылдары қуғындалған туған бауыры Рамазан Нарешұлының да өмірі мен шығармашылығы байыпты қарастыруға мұқтаж.
Алаш идеясын Кеңес дәуірінде жаңғыртып, «ЕСЕП» партиясын құрған тұлғалардың қоғамдық қызметі БАҚ жүйесінде кеңінен насихатталып, олардың аяулы есімдері ұлықталуы қажет. Елін сүйген ерлерді қастерлеу – елдікке сын!
Сағымбай Жұмағұл,
филология ғылымдарының докторы, профессор
Әділет Жағыпар,
тарихшы