16 қараша – халықаралық самбо күні. Бұл орыстар ойлап тапқан спорт түрі саналғанымен, онда кезінде КСРО-ның боданында болған халықтардың ұлттық күресінің көптеген маңызды элементтері қамтылды. Мәселен, қазақтың қырқа шалу, жамбасқа салу, іштен шалу және тағы басқа әдістер самбоны күрделендіріп, байыта түсті. Сол себепті де күрестің бұл түрі қандастарымыздың оң жамбасына келді. Самбоның тәсілдерін тез-ақ меңгерген жерлестеріміз уақыт оза үлкен ареналарда талай толағай табыстарға қол жеткізіп, барша Алаш жұртын қуантты.
Қанша тепіріш көрсе де, Кеңес Одағы тұсында да қазақстандық самбошылардың табысы қомақты болды. Әңгімеміздің әлқиссасын КСРО чемпионатынан бастайық. Айтулы доданың тұсауы сонау 1939 жылы кесілді. Алғашқы кездері жерлестеріміздің жолы болмағаны рас. Әу баста Мәскеу мен Ленинградтың балуандары бас жүлдені өзара бөліске салды. Олардың өзгелерден мысы басым болды. Көп ұзамай Ресейдің өзге аймақтары мен Кавказдың қырандары қарқындарын күрт күшейтті. Бірте-бірте үздіктер санатына Украина, Беларусь және Балтық жағалауының жігіттері қосылды. Ал Қазақстанның самбошыларына Кеңес Одағы біріншілігінің жүлдесі алғаш рет алпысыншы жылдары бұйырды.
1961 жылы Тбилисиде ұйымдастырылған XV КСРО чемпионатында 66 кг салмақ дәрежесінде белдескен Лев Москалев күміс медальды мойнына ілді. Ол Ресейдің Саратов қаласында туып-өскенімен, Алматының «Буревестник» клубының намысын қорғады. Финалда Москалев грузиялық Тенгиз Арабулиден айласын асыра алмады. Дәл сол Саратовтан келген сары жігіт 1962-1965 жылдар аралығында өткен КСРО чемпионаттарында тағы екі күміс және бір қола медальды иеленді.
Өткен ғасырдың жетпісінші және сексенінші жылдары Александр Пушинца есімді мықты балуан болғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Новосібірдің тумасы үш рет әлем чемпионатын ұтып, екі мәрте Еуропа біріншілігі мен әлем кубогында топ жарды. Міне, сол даңқты балуанның сыңары Қазақстанның туы астында өнер көрсетті. 1975-78 жылдар аралығында Владимир Пушница КСРО біріншілігінде үш мәрте үшінші орынға табан тіреді. Сонымен қатар1965 жылы Евгений Волгин мен 1988 жылы Владимир Короев айтулы жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Өз қандастарымыз жайында айтар болсақ, 1977 жылы Қарағандыда ұйымдастырылған додада 48 кг салмақта бақ сынаған Алмас Мұсабеков ақтық сынға алқынбай жеткенімен, шешуші тұста эстониялық Дмитрий Самощукке жол беріп, күміс медальды еншіледі. Осылайша, Жамбыл облысы өкілінің есімі КСРО чемпионатында жүлде алған тұңғыш қазақ самбошысы ретінде тарихта қалды. Дәл сол Алмас 1981 жылы өзінің командалық әріптесі Айтжан Шаңғараевпен бірге қандастарымыздың арасынан алғашқы болып Кеңес Одағының чемпионы атанды. Бұл жарыс та Қарағанды да өткен еді. Олардың бірі – 48 кг, екіншісі 52 кг салмақтарда күресті.
Жоғарыда есімдері аталған Алаштың айтулы қос азаматы КСРО чемпионатында тағы бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Әйгілі бапкер Марат Жақитовтың қол астында жаттыққан Алмас Мұсабеков КСРО-ның екі дүркін чемпионы (1981, 1984), екі дүркін күміс (1977, 1985) және төрт дүркін қола (1978, 1980, 1987, 1989) жүлдегері атанды. Барлығы – 8 жүлде! Ал Темірхан Досмұхамбетовтен тәлім-тәрбие алған Айтжан Шаңғараев Одақтың басты додасын екі рет (1981, 1984) ұтты.
Ағайынды Байшолақовтарды білмейтін жанкүйер жоқ-ау, сірә! Қарағандының Жаңаарқа ауданында туып-өскен олар сексенінші жылдары қазақ спортының абыройын асқақтатты. Қанат – КСРО чемпионатының күміс (1981) және екі дүркін қола (1980, 1985) жүлдегері. Талғат – бір рет екінші орын (1984) алса, екі мәрте үшінші сатыға (1985, 1986) табан тіреді. Бағымызға туған Байшолақовтарды көптеген самбо саңлақтарын тәрбиелеген әйгілі Марат Жақитов пен даңқты Диқанбай Биткөзов сынды майталмандар баптады.
Оралдық Асқар Шайхиев Кеңес Одағы біріншілігінде үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Батыр Қуанышевтің шәкірті 1987 жылы Ташкент пен 1988 жылы Омбыда күміспен күптелсе, 1989 жылы Алматыда алтын медальды мойнында жарқыратты. Жаңарқалық Сергей Волобуевтың аталмыш жарыстың жеңімпазы (1989) және күміс жүлдегері (1991) деген атағы бар. Бұл балуанның ұлты орыс болғанымен, есейе келе Ислам дінін қабылдады. Намаз оқып, сәждеге жығылды. Есімін Әли-Сұлтан деп өзгертті. Сондай-ақ ересектер арасындағы КСРО чемпионатында Тұрмыс Халелов (1983 жылы – ІІІ орын), Мәден Қалиеков (1984 жылы – ІІІ орын), Айбатыр Махмұтов (1988 жылы – ІІІ орын), Марат Темірболатов (1988 жыл – ІІІ орын, 1989 жыл – ІІІ орын). Одан бөлек, сол кездері КСРО Халықтары спартакиадасы мен КСРО Кубогы үздіксіз өтіп тұрды. Бұл жарыстарда да бірқатар қазақтың самбошылары жасындай жарқырады. Әңгімеміз тым ұзаққа созылмау үшін айтулы бәсекелерге тоқталуды жөн көрмедік.
Халықаралық додалардағы табысымыз да қомақты болды. Кеңес Одағы дәуірінде қазақ самбошылары арасынан екі әлем чемпионы шықты. Олар – Қанат Байшолақов пен Асқар Шайхиев. Қанат 1984 жылы Мадридте өткен додада дараланды. Жаңарқалық жолбарыс финалда Болгарияның беткеұстары Димитар Димитровті еш қиналмай ұтты. 1987 жылы Асқар Шайхиевтің асығы алшысынан түсті. АҚШ-тың Нью-Джерси шататында жалауы желбіреген жарыста Оралдың оғыланына тең келер ешкім табылмады. Ақтық сында ол да Димитровтен басым түсті.
Өкінішке қарай, әлем чемпионы атанған қос қандасымыз да қазір арамызда жоқ. Екеуінің де өмірі келте болды. 2000 жылдың мамыр айында Шайхиев Асқар өзінің туған жері – Орал қаласында қандықол қарақшының қолынан қаза тапты. Асқар небәрі 37 жаста еді. 2011 жылдың 5 ақпанында Қарағанды мен Жезқазаған тас жолының бойында самбодан әлем және Еуропа чемпионы, КСРО кубогының иегері Қанат Байшолақовты КамАЗ қағып кетті. Боранды күні атақты балуан мінген жеңіл көлік жолдың жиегіне шығып кетіп, ол өзге жүргізушілерден көмек сұрамақ болады. Ауа райының қолайсыздығынан КамАЗ-дың жүргізушісі Қанатты байқамай қалған екен. Алаштың алтын асықтай азаматы 50 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысты.
Қарт құрлықтың басты додасында жеңіс тұғырына көтерілген қандастарымыз аз емес. 1982 жылы Варнада қос қазақ күміс алды. Олар – Қанат Байшолақов пен Алмас Мұсабеков. 1984 жылы Бильбаода Айтжан Шаңғараев бас жүлдені қанжығасына байласа, 1986 жылы Ленинградта Алмас Мұсабеков дәл сондай құрметке бөленді. 1987 жылы ағайынды Байшолақовтар атой салды. Қанат Еуропа чемпионы атанса, Талғат күміс медальды мойнында жарқыратты. Міне, Кеңес Одағы дәуірінде Қазақстанның самбошылары осындай нәтиже көрсетті. Байыптап қарсаңыздар, жүлде алғандардың дені қазақтың өр мінезді ұлдары.
– Әрине, бұл саладағы табысымыз одан да қомақты болу керек еді. Бірақ ол кездегі саясат сондай еді. Қазақтың атақты балуандарының тағдыры боз кілемде таза айқас үстінде шешілсе, біреуге кінә тағып неміз бар? Мәскеудегі спорт басшыларының кесірінен талай мықты самбошымыз тасада қалып қойды. Егер сондай әділетсіздік болмағанда қазақтан шыққан әлем чемпиондарының саны қазіргіден көп болар еді, – деп Қазақстан самбосының академигі Керей Қойшыбек өз өкінішін білдірді.
Біз бүгінгі мақаламызда тек әлем, Еуропа және КСРО чемпионаттарындағы нәтижелерді ғана тілге тиек еттік. Одан бөлек, басқа мәртебесі биік жарыстар үздіксіз өтіп тұрды. Ол бәсекелерде де талай жігіттеріміздің бақ жұлдызы жанды. Одан кейін алып империя ыдырап, Қазақстан тәуелсіз мемлекет және дербес команда ретінде дүбірлі додаларға қатыса бастады. Ал 1992 жылдан бастап осы кезге дейінгі табысымыз тіптен толағай. Бұл жайында кейінгі бір мақаламызда кеңінен әңгімелеп берерміз.