Қызылордада Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ақбөкендерді аулаған браконьерлер құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы ПД Жалағаш ауданының полиция бөлімі аудан көлемінде 25 қазан-14 қараша аралығында “Арқан” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері 14 қараша күні түнгі сағат 02:47 шамасында “Қармақшы-Жалағаш” тас жолының Жалтынов ауылының тұсында жол талғамайтын автокөлікті тоқтатып, автокөлікті тексеру барысында үш бас ақбөкен табылған.
Сондай-ақ автокөліктен үш бас ақбөкеннен басқа, екі аңшы мылтығы, 50 дана оқ тәркіленді. Қазіргі таңда екі күдікті қамауға алынды. Олар облыс орталығының тұрғындары болып шықты.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337- бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен (Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған жануарларға қатысты жасалған заңсыз аңшылық) сотқа дейінгі тергеп- тексеру амалдары жүргізілуде.