Өткен ғасырдың қасіретті жылдарына айналған гитлерлік фашизммен күресте сан мыңдаған қазақтың қыз-жігіттері ерліктің асқан үлгісін көрсете білді. Солардың қатарында бұрынғы Бақсай ауданы Фурманов атындағы колхоздан (қазіргі – Махамбет, Есбол ауылы) майданға аттанғандар аз емес. Олардың қатарында Киікбай Жолмақов, Бәшібай Өрбісінов, Жәрдем Күлетов, Қайролла Досқалиев, Аманбай Жалғасбаев, Мүрсәлі Құрақбаев, Ізімберген Егізбаев және Шайырман Бөлековтер бар еді.
Ауылдың шағылды құмында ойнап, Ақжайықтың күмістей суына шомылған жігіттер қатарларынан қалмай өз еріктерімен Отан қорғауға аттанады. Бұл 1944 жылдың 11 қарашасы болатын.
Соғыс өрті тұтанған сәтте колхоздың малын бағып отырған Бөлековтер әулетінен үш жауынгер майданға аттанады. Алдымен әкесі Бөлек Байжанұлы 1941 жылы қызыл вагонмен күнбатысқа жол тартса, келесі жылғы көктемде ағасы Қадіржан да сапар шегеді. Сөйтіп, бар ауыртпалық 16 жастағы Шайырман мен шешесінің мойнына түседі. Қанды шайқастан ауыр жараланып Бөлек, кейін бір аяғын майдан даласына тастап, Қадіржан елге оралады. Ендігі Отан қорғау кезегі Шайырманға келеді. Осы тұста отбасылық архивте сақталған ағамыздың естеліктерінен үзінді келтіруді жөн санадым. Мына бір хат 1945 жылдың 3 сәуірінде жазылыпты, оқып көрелік:
Амандық хат.
Ардақты артық көруші ағамыз Рахметжанға (Рахметжан Мұқашев, көп жылдар облыстық Ішкі істер бөлімінде саяси бөлімді басқарды – Қ.С.) тағы басқа жолдастарыңа інің Шайырманнан сағынышты сансыз сәлем. Бөтен айтар сөз жоқ, тек қана амандық білдіру, амандық білу. Ал ағай өзің де аман боларсың. Бұл жақта біз де аманбыз, деніміз сау деп, одан әрі ауылдан майданға кеткен аға-інілерін сұрап, үй-ішінен хат-хабар келмегеніне алаңдаушылық білдіреді.
Шайырман көкеміз кейінгі бір әңгімесін былайша өрбітеді:
– Қырық төрттің күзінде мен де Қызыл Армия қатарына шақырылып, Гурьевке дейін өгіз арбамен жеттік. Сол жерден бізді қанша ызбарлы болса да көз үйренген қызыл вагондарға тиеп, Орынборға аттандырды. Сол жерде 365-полктің сапында төрт ай бойы соғыс өнеріне үйретті. 1945 жылғы наурыз айының аяғында бүкіл полкті сапқа тұрғызып, өз еркімен алғы шепке барғылары келетіндердің саптан екі қадам алға шығуын сұрады. Мықты болсаң шешім қабылда! Бұл кезде жаудың беті қайтып, кеңес әскерлері Берлинге жақындап қалған. Әне-міне соғыс бітеді деген сенім әркімнің жүрегін жаулаған кез. Бара сала оққа ұшып, ертесі күні соғыс бітсе, қандай өкініш! Бірақ қандай құдіретті күштің итергенін білмеймін, мен барам деп саптан екі аттап шықтым. Сол-ақ екен, өзіміздің Фурмановтан бірге шыққан жанымдағы алты жігіт те саптан шықты.
Осылайша, ауылдастар бір полк құрамында немістердің ұясы Берлин үшін соғысқа кіріседі. Алғашқы шайқасты жас жігіттер сәуірдің 21-і күні Бірінші Беларусь майданына қарасты Қызыл тулы Кутузов орденді 120-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамындағы 334-гвардиялық атқыштар полкінде бастан өткереді. Жазық алаңқайда бұта арасына жасырынған немістер соңғы демдерінің таусылатынын сезді ме, минометтен, пулеметтен толассыз оқ жаудырып, кеңес әскерлерін бас көтертпей қояды. Бұрқыраған оқтан қансыраған, оққа ұшқандар екі жақтан да көп. Солардың арасында Шайырманның ауылдастары Киікбай мен Жәрдем де қаза табады. Келесі күні күші әлсіреген немістерге қарсы атой салған жауынгерлер олар бекінген Фридерсдорф селосын да, орманды да жаудан тазартады. Жеңіс үшін алға ұмтылған Қызыл Армия Берлинге қарай ұмтылады, ал оның сапында Шайырман да бар еді.
Өкінішке қарай, сол ұрыста қасындағы ауылдастары Қайролла, Аманбай, Мүрсәлі, Ізімберген және Бәшібайлар ауыр жараланып госпитальге түседі.
Осы шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін Шайырман Бөлеков марапатқа ұсынылады. 1945 жылғы 6 мамыр күнгі 334-гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия полковнигі Фесенконың қол қойған марапат парақшасында мынадай жолдар бар:
«1945 жылғы 25 сәуірдегі Фридерсдорф селосы үшін болған шайқаста немістердің шабуылына тойтарыс берудегі ерлігі үшін ұсынылады. Ол гитлершілерге қарсы бірінші болып шабуылға шығып, автоматпен 7 немістің көзін жойды, 1 пулемет үнін өшірді. Үкімет наградасы «Қызыл Жұлдыз» орденіне лайықты деп есептеймін».
Бір күні қала ішінде қатты шайқас болады да, сол күні түстен кейін бір сәт өлі тыныштық орнайды. Кеңестік Жоғарғы Армия штабының «Жеңіс» деген хабары да беріледі. Көптен күткен сан мыңдаған адамның өмірін жалмаған сұм соғыс аяқталады. Әйтсе де, Шайырман ағамыздың Қызыл Армиядағы қызметі одан әрі жалғасып, елге тек 1953 жылы оралады. Ауылға келгесін өмірлік жары Әсима анамызбен 8 ұл мен қыз тәрбиелеп өсіреді.
Неміс фашистеріне қарсы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін гвардия жауынгері Бөлеков Шайырман «Қызыл Жұлдыз» және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Берлинді алғаны үшін», «Кеңестер Одағының маршалы Г.К. Жуков», «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісіне – 20, 40, 50 жыл» және «КСРО Қарулы Күштеріне – 50, 60, 70 жыл» мерекелік, «1941 – 1945 ж.ж. соғыс ардагері», «Еңбек ардагері» медальдарымен, көптеген мақтау қағаздарымен марапатталды.
Мінезі қарапайым, жаны таза Шайырман Бөлеков соғыстан кейін ақтық демі біткенше, Есбол ауылындағы байланыс жүйесінде халыққа мүлтіксіз қызмет көрсетіп, поштаны басқарды. Шайырман ағамыздың соғыстан жазған 2 хаты үлкен ұлы Бауыржанның төріне ілінген. Соғыстан қалған ескерткіш ретінде болашақ ұрпақты Отанын, туған жерін сүюге шақырғандай, сары қағаз біраз сырды ішіне бүгіп тұр.
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі