«Судың да сұрауы бар...» деген сөздің мағынасына мән беретін уақыт келген сияқты. Өйткені елімізде су ресурстарына қатысты мәселенің бары белгілі. Бұған аймақтағы трансшекаралық өзендердегі су көлемінің азаюынан бастап, ішкі экологиялық ахуалдың күрделі жағдайда қалып отырғанын қосуға болады.
Әсіресе өндіріс пен ауыл шаруашылығының дамуында орасан орын алатын тіршілік көзіндегі тепе-теңдіктің бұзылуы экологиялық қауіппен қатар экономикалық тәуекелдің де өзегіне айналуы мүмкін. Ашығын айтқанда, біз Іле өзенінің тағдырына қаншалықты алаңдағанымызбен, құлыптың кілті көрші елдің қолында екені анық. Өйткені Іле Жетісудың ірі өзенінің бірі болғанымен, бастауын Шыңжаңнан алады. Әрі су қорының үлкен бөлігі Қытай жерінде түзілгендіктен, өзеннің негізгі нәрі де сол жақта қалып жатқанын білуге тиіспіз.
Яғни тау өзеніндегі табиғи ресурстың 70 пайызы Шыңжаң ауданының аумағына тиесілі болса, Қазақстанның несібесіне бұйырғаны 30 пайыз ғана екен. Ал Қытай аумағындағы өзен арнасының жалпы ұзындығы 2440 шақырымды құраса, Жетісудағы жылғасы 815 шақырымның айналасында. Арғы беттен аққан су Іленің арнасын түзгенге дейін бірнеше сағаға тарамдалады екен. Оның ішінде ағысы қатты, арнасы тереңі – Текес өзені. Құлдилай келе Күнес өзеніне қосылып, үлкен арнада тоғысқан су көзінен Іле түзіледі де, қазақ даласына қарай бет түзейді-мыс. Бергі беттегі сағасына да бірнеше шолақ өзендер келіп құяды. Оның ішіндегі қуаты мол өзен – Күрті. Бұл – өзеннің жалпы жағырапиялық сипаттамасы ғана. Ал гидрологиялық тұрғыдан алғанда Іле өзенінің құрылымы Азия құрлығындағы табиғи тепе-теңдікті ұстап тұрған су айдындарының санатына жатады. Әрі су көзінің екі мемлекет аумағындағы флора мен фаунаның қалыпты дамуындағы маңызының өзі орасан. Яғни экологиялық ендікте Іленің орнын алмастыратын су қоры жоқ. Тіпті өзен аңғарындағы елдің тіршілік көзі де осыған байлаулы. Бұл қос мемлекет үшін де Іле суының экономикалық маңызы зор екенін білдіреді.
Жалпы, Қазақстан аумағы үшін Іле өзенінің экологиялық тұрғыдан да, экономикалық қажеттілік жағынан да алатын орны ерекше. Сол себептен де біз өзен суының азаюына қатысты мәселені басты орынға шығаруымыз керек. Алайда біздің Іленің тағдырына алаңдаушылығымызды Қытай тарапы елең қыла қоя ма? Мәселе осында. Мысалы, еліміздегі су көздерінің жағдайын зерттеумен айналысатын «Казгипроводхоз» институтының дерегінше, трансшекаралық өзендер мәселесін шешуде Қазақстанның ұпайы түгел емес екен. Оның ішінде Өзбекстан, Қытай және Қырғыз шекарасы арқылы өтетін өзендерге қатысты нақты бір шешімге келу қиын көрінеді. Бұл жағдай жыл сайын қайталанып, әсіресе оңтүстіктегі өзендерде су көлемінің жеткілікті болмауынан туындайтын шаруашылық дауына ұласады-мыс. Салдарынан су тапшылығын сезінген отандық диқандар өнім көлемін азайтуға дейін барады. Демек саяси дипломатияның солқылдақтығы экономикалық дамуға көлеңке түсіріп отырғанын мойындауымыз керек.
Осы жерде Сырдария мен Іле өзеніне қатысты келісімдердің орындалуына қазақстандықтар ғана емес, күллі адамзат баласы мүдделі болуы керек сияқты. Өйткені Арал теңізінің тартылуы ғаламшар үшін алапат экологиялық зардап әкелгенін айтып жату артық. Қазір де теңіздің қалпына келуі үшін Сырдың суының жеткілікті болуы шарт. Ал Іле суының жылдан-жылға азаюы Орталық Азияның інжу-маржанына айналған Балқаш көлінің тартылуына апарып соғуы ықтимал. Бұл туралы бұған дейін «Балқаш: бақ пен сор» атты мақала жазып, жариялаған едік. Көл суының азаюы мен оның себеп-салдары туралы жасаған журналистік зерттеуіміз Парламент Мәжілісінде сөз болып, Алматы облысынан сайланған халық қалаулысы Марат Бопазов Үкіметке депутаттық сауал жолдаған еді. Оның нәтижесі алдағы уақытта белгілі болатын шығар.
– Балқаш көлі негізінен Іле өзені арқылы келетін суға тәуелді. Нақты айтқанда, жыл сайын Іле арқылы қанша көлемде су қосылады, Балқаштың аумағы да соншалықты толығып тұрады. Демек көл көлемінің соңғы жылдары күрт қысқаруының себебін Іле өзенінің бастауынан бөлінетін судың кемуінен іздеу керек. Әзірге мұздықтардан еріген су көлемі су тапшылығының алдын алып тұр, – деген еді сол кездегі сөзінде «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов.
Яғни Іле суының азаюынан келетін қауіптің адамзат үшін зардабы ауыр болатынын экологтер айтудайын айтып-ақ келеді. Ал бұдан қандай нәтиже бар? Бұл сауалға жақында Сенаттағы Үкімет сағатына келген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев там-тұмдап жауап бергендей болды. Трансшекаралық өзендер бойынша Қытаймен келіссөздер туралы айтқан министр ешбір мемлекетпен су бөлуге қатысты келісімге бармайтын көрші елдің Қазақстан талабына құлақ асқанын мақтанышпен жеткізді. Яғни Қытай Халық Республикасы өзінің су саясатына қатысты ұстанымдарын өзгертіп, бізбен трансшекаралық өзендерге орай келісімге келуге мүдделі екен.
– Біз көрші елден келісімге трансшекаралық өзендердің экожүйесін сақтау мәселелерін енгізуді талап етеміз. Қытай тарапы бұған мүдделі емес. Тек табандылығымыздың арқасында өткен жылы тараптардың су ресурстарына құқықтарын кешенді қарау және трансшекаралық су объектілерінің экожүйелерін сақтау бойынша екіжақты уағдаластыққа қол жеткіздік. Келіссөздер әлі де жалғасуда, – дейді министр.
Әрине, келіссөздер нәтижесіз емес екен. Мысалы, 2013 жылы Қорғас трансшекаралық өзенінде бірлескен су торабы салынып, оны екі жақ теңдей пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған. Бүгінде су торабын Қазақстан мен Қытай сәтті пайдалануда. Ал 2019 жылдың соңында Сүмбе өзеніндегі бірлескен гидротехникалық құрылысқа қатысты келісім аяқталған. Биыл аталған нысанды бірлесіп пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойылмақшы. Демек мәселені шешудің қадамдары жасалып жатыр деген сөз.
Тақырыпқа оралайық. Соңғы жылдары өзен суын әртүрлі мақсатқа пайдалануда көрші ел қарқынды үдете түскен. Әрине, бұл жағдайда су аяғындағы елдің мүддесі ескерілмейтіні белгілі. Дерек бойынша қазір Іле суының суармалы егіншілікке жұмсалатын шығыны жыл сайын 3,7 шаршы шақырымнан 4,5 шаршы шақырымға дейін болса керек. Ал жыл сайын өндірістік мақсатқа алынатын су мөлшері 200-500 млн шаршы метрдің айналасында. Судың қалған бөлігі гидроэнергетикаға, яғни қуат көзін өндіруге жұмсалады екен. Бірақ қазір Қытай тарапы да, Қазақстан жағы да Іледен алатын су мөлшерін арттырып жіберген. Оның себебін өндіріс пен ауыл шаруашылығының қарқындап дамуынан іздеген ләзім. Мұның зардабын Қытайдың өз ішіндегі табиғи су көздерінің азюынан да, Қазақстандағы Іле суының көлеміне тәуелді өзен сағаларының көлемінен де байқауға болатын сияқты. Мәселен, Қытайдағы халық санының өсуі Шыңжаң аймағындағы тұрғындар үлесінің артуына да ұласып отыр. Сол себепті аумақтағы егістік шаруашылығы мен өндіріс орындарының көбейіп, суға деген сұранысты ондаған есеге өсіріп жіберген. Бұл – Іледен аққан суға түсетін артық салмақ. Халықаралық сарапшылар Қытайдағы су тұтынудың мөлшерін 555 млрд текше метрге дейін жеткенін айтып, бұл қажеттіліктің алдағы 10 жыл ішінде 818 млрд текше метрге дейін өсетінін болжап отыр.
– Бұл жердегі проблеманы шешуге Қазақстан қанша мүдделі болғанымен, трансшекаралық өзендерге келгенде Қытаймен санасуға мәжбүр. Мысалы, Іледен ағатын судың 30 пайызы ғана Балқашқа жетеді. Демек судың 70 пайызы Қытай аумағында қалуда. Дерек бойынша шығыстағы көршіміз жыл сайын ортақ өзеннен алатын су мөлшерін көбейтіп келеді. Қазір Іле суын тұтынатын Шыңжаң аймағындағы халық саны 3 млн адамға жеткен. Бұл өлкеде ауыл шаруашылығы да қарқынды дами бастаған. Аз уақыт ішінде суармалы егістік көлемі 2 млн гектарға дейін көбейген. Бір деректерде осы алқаптың 1 млн гектары суармалы жер екені айтылады. Яғни Қытайда табиғи су көзін тұтыну да қарқынды. Бұдан Іледен алынатын су мөлшері көбейген сайын, Қазақстанға келетін су көлемі кеми беретінін пайымдауға болады, – дейді саясаттанушы Ерлан Сайыров.
Ал қазақстандықтар Іленің суы азайып бара жатқанын арнайы мамандардың көмегінсіз-ақ бақылап, көріп отыр деуге болады. Оның нақты дәлелі ретінде Қапшағай су қоймасының аумағы кішірейіп келе жатқанын айтсақ жеткілікті болар. Гидрологтердің есебі бойынша жасанды көлдегі судың жайылуы кейінгі 5 жылда күрт кеміп, жағажайдан 600 метрге дейін алыстаған. Және көл кемерінің маусым сайын өзгеріске түсуі қоршаған орта мен сол маңдағы балық шаруашылығы үшін мәселеге айналып отыр. Бұл жағдай Қапшағайдың туристік орталық ретінде дамуына да кері әсерін тигізетіні анық. Әсіресе балық шаруашылығындағы өнім көлемі төмендей бастаған. Яғни жыл сайын көлден 1 мың тоннаға дейін балық аулайтын шаруашылық өкілдері судағы балық түрінің кеміп бара жатқанын айтады. Бұрын су қоймасында отызға тарта балық түрі болған екен. Қазір кейбір түрі жоққа тән. Табиғат қорғаушылары бұл мәселені көлге қолдан өсірген балық тұқымдарын жіберу арқылы шешіп, популяциялық үрдістің үзіліп қалмауын қадағалап отыр екен. Өкінішке қарай, Қытай асып келген Іле суының мөлшері азайғанынан бөлек, су құрамындағы минералдық заттарда зиянды қоспалардың артып отырғаны да күрмеуі қиын мәселе болып отырғанын жасырмауымыз керек сияқты...
Экология демекші, Іленің қазақстандық бөлігіндегі арнасының қоқыс пен сазға толып, жағалауды су жырып жатқаны да бізді алаңдатуы тиіс. Осының кесірінен ағынды судың біршамасы ауа жайылып, топыраққа сіңіп кетуде. Мұндай жағдайдан кейін Іленің суы Балқашты қойып, Қапшағай су қоймасына да толық жетпейтін көрінеді. Бұған қатысты кезінде еліміздің су ресурстарын басқару саласында ұзақ жыл жауапты қызмет атқарған Анатолий Рябцев те орынды мәселе көтеріп жүр.
– Еліміздегі өзен арналарын тазарту мен жағалауды бекітуді қолға алуымыз керек. Бұл мәселені Қытай ілгеріде шешіп алған. Қазір ондағы кез келген өзеннің жағалауы бекітілген. Олар су жайылатын жағалауды, тіпті саздауытты арналарды да бетондап тастаған. Гидротехникалық жұмыстарды сауатты жүргізуді Қытайдан үйренуіміз керек. Қазір басқаны қойғанда, Балқашқа құятын Іле өзенінің сағасын бекіту жұмысы баяу. Алатау мұздықтарынан бөлінген су Ілеге құйылып ағады. Әсіресе көктем-жаз маусымында арнадағы су көбейіп, жағаны ұрады. Осы кезде Іле бойында жасанды көлшіктер пайда болып, су құрдымға кетеді. Судағы балықтар да осындай шашыранды бөліктерде қалып, қырылып жатыр, – дейді су маманы.
Рас, Іле өзенінің жағасын бекіту мен арнаны тазалау жұмыстарына Алматы облысы баса маңыз беріп отыр. 2014 жылдан бері қыруар қаржы мен күш жұмсалуда. Қазір Балқашқа құятын Іле, Қаратал өзендерінің арнасына тұрақты бақылау жасап отыратын мелиоративті жасақтар жұмыс істейді. Бүкіл жауапкершілік «Қаратал ММО» мекемесіне жүктелген. Соңғы 6-7 жыл ішінде Қаратал өзенінің Балқашқа құятын сағасы жаңартылып, 12,5 шақырымдық жаңа арна қазылған. Бұл көлге қосылатын су көлемін арттырып, бұрын су басып жатқан 10 мың гектар алқапты жайылымдық жер үшін пайдалануға мүмкіндік беріпті. Былтыр облыстық табиғатты қорғау іс-шаралар жоспары шеңберінде бюджеттен бөлінген 398,4 млн теңге мақсатты түрде игерілген.
Айтпақшы, осы мақаланы әзірлеу барысында біз жетісулық табиғат қорғаушылардың тағы бір мәселені көтеріп жүргенін білдік. Мәселен, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Байтақ Болашақ» экология альянсы филиалының директоры, эколог Қайрат Нұрханов Балқаш көлінің жағасында өңірдің экологиясына қауіп төндіретін өндірістік жоба басталғанын айтады.
– Іле өзенінің бойынан «Тау-Кен Самұрық» компаниясы геологиялық барлау жұмыстарын жүргізгелі жатқанын естіп, біз өз наразылығымызды білдірдік. Өйткені жоғарыда аталған компания еліміздің «Аса маңызды күзетілетін табиғи аймақтар» жайлы заңын белшесінен басып отыр. Олар «Қасқырмыс» деген жоба аясында Балқаш көлінің екі жағалауында да геологиялық барлау жұмыстарын бастады. Бұл жұмысты «Қазақстан Фортескью» фирмасы қолға алған. Қазір Балқаштың батыс жағалауында да, оңтүстік жағалауда да жер қойнауын қазу белсенді жүріп жатыр. Бізді алаңдататыны – оңтүстік жағалаудағы аумақтың мемлекеттің қорғауындағы аймақ екені ескерілмей отырғаны. Яғни «Тау-Кен Самұрық» компаниясының тапсырысымен басталған геологиялық барлау жұмыстары «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына қарайтын аумақта жүргізілмек. Заң бойынша ол жер «Мемлекет қарауындағы аса маңызды қорғауға жататын және күзетілетін аймақтар» санатына жатады. Оның үстіне, ол аумақта мемлекеттік орман қорының маңызды бағыты – «Куртиндік орман шаруашылығы» орналасқан. Демек «Тау-Кен Самұрық» компаниясы еліміздің заңына пысқырмаған. Осы жерде Үкімет жаңа кен орындарын іздеуге рұқсат бере отырып, қоршаған ортаны қорғау талаптарын бұзып отыр. Рас, қазір бұл жобаға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тоқтау салды. Жалпы, бұл тақырып жабылуы керек. Егер Іле өзенінің Балқаш көліне құяр сағасындағы кен іздеу жұмыстарына қайта жан бітсе, өңірдегі табиғи комплекстердің сақталуына қауіп төніп, өсімдік интродукциясы мен аң-құстардың жойылуына әкеледі. Яғни еліміздің «Аса маңызды күзетілетін табиғи аймақтар туралы» заңына сәйкес мұндай аймақтарда жарылыс жұмыстарын жүргізуге, зиянды техника мен технологиялар қолдануға мүлдем болмайды, – дейді эколог Қ.Нұрханов.
Алматы облысы