Соңғы уақытта елімізде сот жүйесіне жүктелген жауапкершілік пен сенім біршама артып келеді. Сонымен бірге бұрынғы уақытпен салыстырғанда азаматтардың әділдікке қол жеткізіп, мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін сот үкімі мен төрелігіне жүгіну үдерісі де тереңдей түсуде. Ендеше өз кезегінде сот жүйесінің де халықтың осы сенімі мен құрметіне сай бола білуінің де орны айрықша екені анық. Әйтсе де бұған дейінгі тәжірибеде мұндай құндылыққа селкеу түскен жайттар де кездескені белгілі. Дана халқымыз мұндай кезде «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деп орынды айтса керек.
Осы орайда кейінгі кезде елімізде сот жүйесін одан әрі дамыту мен жаңғыртудың басым бағыттары белгіленіп, сот төрелігінің жеті түйіні тайға таңба басқандай шегенделіп тасталғаны мәлім. Біз таяуда осындай жаңа міндеттерге байланысты облыстық сотта қолға алынған жұмыстардың жай-күйімен танысқан едік. Сот жүйесінің ең басты жұлыны – судьялар екені белгілі. Бұл бағытта оларға қойылатын талаптардың мейлінше күшейтілгенін айтуға тиіспіз.
Батыс Қазақстан облыстық соты Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңеспен өзара тығыз байланыста жұмыс істейді. Осы қарым-қатынас негізінде судьялыққа үміткерлер мұқият іріктеліп, олар жөніндегі ақпараттар жергілікті БАҚ-тарда берілуі құптауға тұрарлық мәселе. Сондай-ақ үміткерлердің кәсіби даярлығына қоса, оның жеке басының қасиеттері мен адамгершілік бітім-болмысына, қоғамдық ортадағы мінез-құлқына және өз ой-пікірін өзгелерге сауатты түрде жеткізе білу қабілетіне де жіті назар аударылады. Судьялардың қосымша білім алуға деген құштарлығы мен сұраныстары да ескерусіз қалмайды. Бұл үшін облыстық соттың оқу орталығында арнайы сағаттар белгіленген. Бұған қоса олардың жоғары соттарда тәлімгерліктен өтуіне жол ашылған. Осылайша үлгілі сотты қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды оңтайлы жүргізу мақсаты қойылған.
Келесі кезекте облыстық соттың баспасөз қызметінен алынған кейбір деректерге көз салсақ, 2020 жылдың он айында тараптардың татуласуына байланысты 133 қылмыстық, 959 азаматтық және 674 әкімшілік құқық-бұзушылық туралы іс тоқтатылғанын көреміз. Салыстырмалы түрде қарастырғанда бұл жақсы нәтиже. Бүгінгі күні сотқа дейінгі татуластыру ресімдері қоғам үшін оң мәнге ие қажетті қадам екені ешқандай талас туғызбайды.
Дамыған елдер азаматтарының сотқа сирек жүгінетіні бізге де ой салып жатса, бұдан еш ұтылмас едік. Сотқа дейінгі дауларды шешудің әртүрлі тәжірибелері мен жолдары бар екені мәлім. Дамыған елдер негізінен осындай форматтарға арқа сүйейтіні аңғарылады. Озық тәжірибеден үйренгеннің ешқандай жаттығы болмаса керек. Нәтижесінде, бүгінгі таңда елімізде соттан тыс татуластыру орталықтары, билер кеңестері мен медиаторлар қауымдастығы құрылғаны тек оң бағаға лайықты. Осы арқылы қаралатын дау-жанжалдардың деңгейін төмендетуге және бүгінгі күні соттарға түскен ауыр жүктемені жеңілдетуге болатыны белгілі. Жоғарыда айтылғандай Батыс Қазақстан облысында сот төрелігінің жеті түйінінің бірі ретінде қарастырылған татуластыру мен бітімгершілік аясының кеңейе түскені бір мерей. Әйтсе де адам өліміне қатысты аса ауыр қылмыстық істерді татуластыру немесе бітімгершілік ресімдері арқылы шешу еш мүмкін емес. Сондай сәттерде әділ шешім алып, адам тағдырын шешу соттарға жүктелген ауыр салмақтың бірі болып қала бермек. Мұндай жағдайда бірінші кезекте судья нені негізгі назарға алуы керек? Біз бұл сауалды Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Рүстем Мырзакәрімұлына қойған едік.
– Мұндай жағдайда заңды әрі әділ үкім шығару қылмыстық іске төрағалық етуші судьяға оңайға түспейді. Ата-бабаларымыздың «Би төрттің құлы – бұлар адал еңбек, таза ниет, терең ой және әділдік» деген терең мағыналы сөзі бар. Осы қағидатты басшылыққа алған судьялар қателесе қоймасы кәміл. Сондай-ақ Қылмыстық-процестік кодекстің 25-бабында: «Судья дәлелдемелерді өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды. Бұл ретте ол заң мен ар-ожданды басшылыққа алады» делінген. Бұған «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген дана халқымыздың нақылға бергісіз сөзін де қоса айтуға әбден болады. Бір сөзбен айтқанда, аса ауыр қылмыстық істер бойынша шешім қабылдау кезінде судьяның ой жүйесіне, ақылы мен санасына және ар-ұяты мен жүйкесіне үлкен салмақ түседі.
Сауалымызға осындай мәнді де мағыналы жауап қайтарған ол бұдан кейін биылғы жылы Азаматтық-процестік кодекске де тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мұның өзі сот жүйесіне әжептәуір леп алып келгенін атап өтті. Жергілікті соттарда судьялардың арасынан судья-татуластырушылар тобы бекітілгені жаңашылдықтың басты бір белгісі болмақ. Бұлардың басты мақсаты медиация тәртібі бойынша бітімгершілік жасауға болатын талап-арыздарды сотқа істі қабылдағанға дейін екі тарапты татуластыруға қам-қарекет жасап, медиативтік келісімді сот ұйғарымымен бекіту екенін білдік. Өңірде бұл бағытта оң нәтижелер бар екені де жағымды жайт.
– Ал дау мен талас бітімгершілік ресімдері мен медиативтік келісімдер бойынша шешімін таппауы да әбден мүмкін емес пе? Сонда не істеу керек?
Бұл сауалға Рүстем Мырзакәрімұлы:
– Мұндай жағдайда судья тараптардан істің сол судьяның өзімен қаралуына қарсы еместігін анықтайды. Тиісінше тараптар қарсы болған жағдайда талап қою арызы басқа судьяға қайта бөлінеді. Бітімгершілік ресімін жасау барысында алынатын дәлелдемелер істің мәні бойынша қарайтын судьяға тек тараптардың қарсылығы болмаған жағдайда беріледі. Осы арада бұрын мұндай талап кодексте болмағанын да айта кетуге болады деп, – түсінік берді.
Биылғы жылдың қазан айының соңында өткізілген Қазақстан судьяларының VIII съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесінің тәуелсіздігі екінші басым бағыт деп атап көрсеткені мәлім. Осы басқосуда сот жүйесі бүгінгі заманауи өзгерістерден тыс қалмай оның талаптарына сай болуға тиіс екендігі де айтылған еді. Осы жоғары деңгейге жету үшін сот саласындағы жетістіктер мен олқылықтарға ұдайы жан-жақты әрі терең сараптамалар мен талдаулар жасап отырудың тигізер пайдасы мол десек қателесе қоймаспыз. Бұл бағытта ең алдымен халықтың ой-пікірлері мен сын-ескертпелеріне сүйенудің орны айрықша. Батыс Қазақстан облыстық соттары бұл бағыттағы бастамаға жедел үнқосуы құптарлық іс.
Халыққа біртабан жақын болу үшін облыстық соттардың Instagram және Facebook парақшалары ашылған. Осы әлеуметтік желілер арқылы қарапайым азаматтардың жергілікті сот жүйесінде болып жатқан барлық өзгерістермен танысуына мүмкіндік жасалған. Бұдан бөлек облыстық соттың сайтында сотта өткізілген шаралар мен қаралған істер бойынша баспасөз парақшалары жүйелі түрде жарияланып отырады.
Ең бастысы, бүгінгі күні сот төрелігінің сапасын арттыру – халықтың сенімі мен құрметіне ие болудың басты жолы екені кейінгі кезде Батыс Қазақстан облыстық соттарының қызметінде айқын көрініс таба бастағаны елеулі жайт. Иә, қай кезде де сенім мен құрметке селкеу түспегені игі.
Батыс Қазақстан облысы