Қаламгер, ең алдымен суреткер болса екен дейміз. Ол дегеніңіз – қоғам бейнесін көркем шындық аясында образды түрде әңгімелеу. Алайда бұнымыз ойшылдықтан ада болу керек дегенді білдірмесе керек. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясын жазған кезде үнемі өзімен бірге Джон Дрепердің «Еуропа ақыл-ойының тарихы» деген кітабын алып жүріпті. Оны әуелде Абай оқыған, сосын Әуезовтің жазу үстелінде тұратын кітабы болған деседі. Яғни батыс әдебиеті мен мәдениетін терең білген Абайдың тұлғасын ашып көрсету үшін заңғар Әуезовке Еуропа ақыл-ой тарихына дендеп енуге тура келді.
Ешкім жазайын деп жазбайды (һәм жазбайын деп жазбай кетпейді екен). Суреткердің қаламынан туған көркем дүниенің бәрі – өмірдің ісі. Мың сан ойды әбден қорытып, көркем тіл кестесімен оқырманға ұсынған жазушылардың айырмашылығы – бейнелі ойлайтындығында ғана. Кейде ойшылдар тереңінен айта алмаған дүниені ақындардың екі ауыз сөзбен анық та қанық етіп жеткізгенін байқаймыз. Философтардан ақындардың мерейі үстем, бәсі жоғары болатыны да осыдан шығар.
Табиғатпен етене жақын өмір сүргендіктен болар, қазақтың өзі де ойшыл халық. Сол үшін де қазіргі шығармада суретпен бірге соқталы ой болмаса, оқырманын қызықтыра қоюы екіталай.
Негізінен, ойшылдықтың белгілері автордың туындысынан да көрінеді. Мәселен, көп оқырман Төлен Әбдікті ойшыл қаламгер деп санайды. Өйткені, «Ақиқат» пен оның жалғасындай болған «Парасат майданында» суреткерлік пен ойшылдық ұштасып жатыр. Әдеттегі дәстүрлі прозадағыдай қаһармандар әрекетімен немесе шиеленіскен оқиғалар желісі арқылы көркемдік жүйе жасауға тырыспайды. Қайта сол шиеленісті ойлардың жетегінде кетіп, оқушыны ойландыра түсіп, тұтас бір көркем кеңістік құрады. Міне, бұл суреткерлік шеберліктің астарында ылғи ой жататынын дәлелдейді. Әлемді мойындатқан жазушылардың шығармаларынан өзі философ, өзі психолог, өзгенің азасы мен қазасын түсіне алатын импатияға ие сезімтал автор образын көреміз. Бұл ұғым, түсініктердің барлығы суреткер сөзіне анықтама бола алатындай.
Әр оқырман шығарманы әртүрлі қабылдайды. Сізге ұнаған әңгімені замандасыңыз тіпті менсінбеуі мүмкін. Көркем шығарма барша жұрттың көңілінен шығуы үшін – ол адамзаттық деңгейдегі туынды болуы керек шығар, сірә. Мәселен, Толстойдың, Достоевскийдің шығармаларын тек орысқа тиесілі дей алмаймыз. Олар әлдеқашан адамзаттың ортақ игілігіне айналып үлгерген. Не үшін «Құдіретті комедия» әлі күнге дейін көп оқылады? Ол да жалпы адамзатқа тән кесірлі ғадеттерді әшкере етуімен құнды. Осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ мақталған кейбір шығармаларды бүгінде тіпті керек қылмаймыз – себебі де белгілі. Бәлки, бүгінгі тұрмыс-санамызбен үйлеспейді. Бәлки, көркемдік қуаты уақыт сынынан өтпеді.
Алайда Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деп аталатын Абай жайындағы мақаласында айтылатын өлшемдер негіз болса, кез келген шығарманың ғұмыры ұзақ болатындай көрінеді. «Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады», дейді ұлт ұстазы. Я болмаса, ұлы ақын шығармашылығы туралы айтқанда «сөзі аз, мағынасы көп, терең» деп келетін тұстары бар. Алдағы уақыттың үздік шығармалары да «сөзі аз, мағынасы көп, терең» болатын сияқты.
Жазғандарының бәрі кіл шедевр деген жазушы да болмаса керек. Мәселен, Абайдың алғашқы өлеңдері классикалық туындыға қойылатын талаптарға сай емес. «Өлең сөздің теориясы» атты монографиясында ақын өлеңдеріндегі кейбір ырғақтық бояулардың жұтаңдығын академик Зәки Ахметовтің дәйекті дәлелдермен таратып жазатыны бар-ды.
Сондай-ақ нақты мына туындысымен болашақ ұрпақтың кітап сөресінде тұрады деуіміздің өзі кейде қисынға келмейді. Өйткені, ертеңгі күннің оқырманын не қызықтыратыны беймәлім. Дегенмен белгілі бір өлшемдердің аясында жазылған шығарманы ешкім қатардан қалдырып, бәйгеден аластай алмайтыны да анық. Бастысы, ең алдымен ол шығарма шынайы жазылсын. Бүгінгі таңда әдеби ортада «ХХІ ғасырдың басты қаһарманы кім болу керек» деген сұрақ жиі қойылып жүр. Жазушыға кез келген қазақтың болмысын һәм ішкі психологиясын терең суреттеп, қайталанбас қаһарман жасауға болады емес пе? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?..