Етек-жеңі жиылған 2020 жылға Алматы облысының диқандары дән риза. Қазір аймақта ауылшаруашылық дақылдарын жинау толық аяқталып, қамбаға түскен өнімге тоқмейілсіп қарайтын сәт туды. Нәтиже ойдағыдай. Шаруаның көңілі тоқ.
Жалпы, биыл өңірде ауылшаруашылық дақылдары егістігі 7 мың гектарға кеңейіп, 969 мың гектарға жетті. Оның ішінде қант қызылшасының алқабы 16 мың гектарға, жүгері 87 мың гектарға ұлғайған. Осы санатта ел аузында «екінші нан» атанған картоп өсіру де ілгерлеп келеді. Мәліметке сүйенсек, қазір облыстың картоп өсірумен айналысатын шаруашылықтары 790,1 мың тонна өнім жинап, әр гектарға шаққандағы өнімділікті 196 центнерге жеткізген. Ал егіс алқабының көлемі 40,3 мың гектарға ұлғайған. Түсім де өткен жылға қарағанда ілгері.
Бүгінде қарқын ала бастаған картоп шаруашылығымен 17 аудан мен 2 қаланың шаруалары айналысады. Бірақ отандық сауда нарығында брендке айналған Нарынқолдың картобы әлі де даңқынан ажыраған жоқ. Райымбек ауданындағы картоп өсіру ісі бір жылдары тоқырауға ұшырағаны рас еді. Кейінгі үш жылдың жүзінде бұл салаға қайта жан бітті. Қазір Нарынқол топырағында өскен «екінші нан» облыстан асып, республика көлеміндегі картоп өнімділігі бойынша табысқа жетіп отыр. Егіс көлемі де күрт өсе бастаған. Мысалы, 2018 жылы ауданда 5,6 мың гектардан 111,8 мың тонна өнім жиналса, 2019 жылы егіс аумағы 6 мың гектарға жетіп, түсім 125 мың тонна болды. Биыл да 6 мың гектарға түйін көмген нарынқолдық шаруалар 130 мың тонна картоп жинады. Өнімнің орташа түсімі гектарына 215,2 центнерден айналды.
Өңірдегі картоп өсіру ісінің кең қанат жаюына мемлекеттік қолдаудың оң әсері тигені анық. Мәселен, 2018 жылы «Алматы облысының Райымбек ауданында картоп сорттарын жаңарту үшін элиталық тұқым сатып алу» атты арнайы жоба әзірленіп, «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 112,6 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға Нидерландтан картоптың «Санте» және «Агрия» сорттарының элиталық тұқымдарының 238,9 тоннасы сатып алынып, Райымбек ауданының «Өркен» шаруа қожалығына қарасты 70 гектар алқапқа себілген болатын. Сол сияқты 3 сервистік-дайындау орталығы құрылып, оларға жалпы сомасы 430 млн теңге болатын 214 бірлік арнайы техника сатып алынды. Оның ішінде топырақ өңдейтін, себетін, жинайтын және тиейтін техникалар, тракторлар, тасымалдау техникалары бар.
Нәтижесінде, 2018 жылы ауданда 2100 тонна І репродукциялы тұқымдық картоп жиналды. Ал 2019 жылы егістік көлемі 607 гектарға ұлғайтылып, оның 17 гектарына тағы Голландиядан алынған элиталық тұқым себілсе, қалған алқапқа осы топырақта өнген репродукциялы тұқым егіліпті. Күзде бұл жерден 16 740 тонна картоп алынған.
Жалпы, биыл Алматы облысындағы картоп егілген алқаптардан жиыны 790 мың тоннадан асатын өнім алынып, орташа түсім 196 центнерден айналды. Ал аймақтағы егістік көлемі 40,3 мың гектарға жетті. Мұндай нәтижеге жетуге картоптың жоғары өнімділікті сорттарын қолдану мен заманауи техникаларды пайдалану ықпал екені сөзсіз. Яғни, картоп шаруашылығын дамыту мен картопты өндірістік деңгейде өсіру ісі облыста одан әрі жалғаса бермек.
Алматы облысы