Қарағандыдағы YDD Corporation ЖШС зауыты былтырдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Негізінен бұл кәсіпорын болат, шойын қорытпаларын балқыту және легирлеу кезінде металдардың механикалық және коррозияға төзімділігін жақсарту үшін қолданылатын жоғары сапалы ферросилиций өндірумен айналысады.
Аталған өнім өнеркәсіптік, азаматтық құрылыста, кеме, әуе, автомобиль өндірісінде және басқа да маңызды салаларда қолданылады. Айта кететіні, жобаның қазақстандық мазмұнының үлесі 95%-дан асады. Ал зауыттың өндірістік қуаты жылына 180 мың тоннаны құрайды.
Жуырда YDD Corporation ферроқорытпа зауытында үшінші пеш іске қосылды. Мұның өзі кәсіпорынның жалпы өндірістік қуатын 30%-ға арттырмақ. Сәйкесінше жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз.
YDD Corporation ЖШС құрылтайшысы Ерлан Нығматулин жаңа пештің алғаш рет шетелдік мамандардың көмегінсіз іске қосылғанын айта келіп, зауыттың өнімділігін арттыру бойынша алға қойған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыра алған қызметкерлерге, серіктестерге, мердігерлерге алғысын жеткізді.
– Бұл кәсіпорында Made in Kazakhstan тауарын халықаралық деңгейге шығаруға қабілеті жоғары білікті мамандар еңбек ететінін тағы да дәлелдейді. Зауыт өнімі сапа саласындағы ең жоғары әлемдік талаптарға сәйкес келеді. Пандемия кезеңінде біз сату географиясын 15 елге кеңейтіп, Қазақстан Республикасының экспорттық әлеуетін дамыттық. Қазіргі уақытта зауыт әлемнің 37-ден астам еліне өнім экспорттайды. Олардың қатарында негізгі өткізу нарықтары болып саналатын Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропа, АҚШ және тағы басқа да мемлекеттер бар, – дейді Е.Нығматулин.
Айта кететін бір жайт, коронавирус инфекциясы өршіп тұрған алғашқы толқын кезеңінде кәсіпорынның ауысымдық жұмыс кестесінен вахталық жұмыс әдісіне көшкені өндірістің ағымдағы көлемін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Бұл компания акционерлерінің күрделі мәселелерді жоғары деңгейде шеше алатын әлеуетін көрсетеді.
YDD Corporation құрылтайшысы Давид Кемертелидзе қазіргі жағдайға қарамастан, жаңа пешті іске қосудың жоспардағы кестеге сәйкес жүргізілгенін айтады. Сонымен қатар ол Қарағанды ферроқорытпа зауытының әлемдік инвестициялық қоғамдастыққа Қазақстан экономикасының мүмкіндіктері мен Қазақстан басшылығы құрған инвестициялық климатты паш ететінін атап өтті.
– Мен әлемнің түрлі елдерінде, соның ішінде дәстүрлі инвестициялық климат тартымды болып саналатын Еуропада жұмыс істедім. Алайда әлемнің еш жерінде мемлекет тарапынан инвесторлар үшін дәл осындай жан-жақты ойластырылған функционалдық қызметті кездестірмедім, – дейді Д.Кемертелидзе.
Зауыттың тағы бір құрылтайшысы Жармұхамед Аппаз пандемия салдарынан туған қиын кезеңде кәсіпорынның жергілікті тұрғындар үшін қосымша жұмыс орындарын ашқанын мақтанышпен айтты. «Үшінші пештің іске қосылуы өңір экономикасының дамуына серпін береді және оң мультипликативті әсер қалыптастырады», дейді ол.
YDD Corporation ЖШС ферроқорытпа зауытының құрылтайшылары індет ел ішіне індете енген кезде қиын жағдайды бастан кешкен тұрғындарға көмек қолын алғашқы болып созғандардың бірі еді. Кәсіпорын төтенше жағдай кезінде мемлекеттің іс-қимылын қолдау үшін құрылған Қарағанды облыстық қорына 100 миллион теңге аударды. Бұдан бөлек шілде айында коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу үшін облыс ауруханаларына 100 оттегі концентраторын, пульсоксиметрлер мен «Эноксапарин» препаратын беріп, гуманитарлық көмек көрсетті. Тамыз айында емханалардың мобильдік топтары үшін емдік іс-шараларды жүргізуге, науқастарды тасымалдау мен олардың жай-күйіне мониторинг жүргізуге арналған және шұғыл медициналық көмек шабадандарымен жарақталған 10 жеңіл автокөлік өтеусіз берілді.
Міне, елге күрделі кезеңде көмек қолын созып, қайырымды ісінен жаңылмаған компания бүгінде өрісін кеңге жайып келеді. Әлемдік өнеркәсіпті үдемелі дамыту және цифрландыру тұрғысынан алғанда, Қарағанды ферроқорытпа зауыты ТМД аумағында да, әлемде де металлургия саласындағы өзінің мол мүмкіндігі мен зор әлеуетін танытып үлгерді.
Қарағанды облысы