Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері соңғы аптада бірнеше заңбұзушылықты анықтаған.
13 қарашада «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Тау-Дала филиалының Жарма орманшылығының аумағында жер қазу және қопару арқылы алтын өндіру жұмыстары жүргізілгені анықталды. Жер қойнауын пайдаланушылар Былқылдақ өзенінің жағалауында өзен ағысымен 50-100 м қашықтықта, яғни тікелей ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және оның қорғау аймағында топырақтарды қазып алу жұмыстарын жүргізген. Азаматтардың бұл әрекеті орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамаларды бұзған болып есептеледі.
Жер қазып, олжа таппақ болған күдіктілер топырақтың жоғары құнарлы қабатымен төменгі қабатын араластырып жіберген. Нәтижесінде, топырақтың құнарлы қабаты, онда өсіп тұрған шөптесін және бұта өсімдіктері толығымен жойылған. Мамандардың бағалауынша, табиғатқа келтірілген залалдың жалпы сомасы 2,6 млрд-тан аса теңгені құрады.
Сонымен қатар Ұлан ауданында заңсыз ағаш кесудің екі фактісі анықталған. Рейдтік шара барысында Өскемен – Семей республикалық күре жолының Украинка ауылының бұрылысынан Саратов елді мекеніне дейінгі 14-21 шақырымдардағы терек, қарағаш және үйеңкі ағаштарының томарлары, кесілген бұтақтар, ағаш дайындаған іздер анықталған. Алайда аталған учаскелерде 2019-2020 жылдары ағаш кесуге рұқсат берілмеген. Табиғатқа зиян келтірген күдіктілер 336 ағаш кесіп үлгерген. Оның ішінде 232 терек, 79 қараағаш, 25 үйеңкі жойылып кеткен. Есеп-қисап бойынша келтірілген шығын – 314 мың 103 теңге. Екінші факті де Ұлан ауданының әкімшілік аумағында, Сібе өзенінің жағасында анықталған. Бұл жерде заңсыз кесілген 19 дана терек ағашы және томар табылды.
Бұдан өзге ағаш кесу фактісі Алтай ауданының «Зырян орман шаруашылығы» КММ Осиновское орманшылығының аумағында орын алған. Алтай ауданының резервтік қорында орналасқан «Белая гора» аңшылық шаруашылығының аумағында аң аулау ережесі де бұзылған. Заңсыз аң аулаған азамат тез арада анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аталған басқа фактілер бойынша толтырылған материалдардың барлығы іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына берілді. Ал табиғат жанашырлары тұрғындарды орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласындағы заң талаптарын сақтауға, сондай-ақ қандай да бір жұмыстарды жүргізбес бұрын, оның заңдылығына көз жеткізіп алуға шақырады.
Шығыс Қазақстан облысы