Қазақтың дархан даласындағы қай тасты аударсаңыз да тарихтың тереңінен сөйлеп қоя береді. Табаныңыздың астында ашылмаған қаншама сыр жатқанын білмейсіз. Жуырда Төлеби ауданы Қаратөбе ауылында бие байлап, қымыз ашытатын Ақбөпе Сманованы саумал ішеміз деп іздеп барғанбыз. Ол биелерін бір қырат басына арқандайды екен. Біз сол қыраттың басына шықтық. «Мына жерде Ойрантөбе деген төбе бар. Басына Барақ, Секер деген батырлардың қабірі бар» деді ол бір сөзінде. Найманнан тараған көкжал Барақ батырды білуші едік.
Сонда бұл қай Барақ болды екен? Арқа мен Алатау, Ертіс пен Еділ арасындағы Ойрантөбені де тарихтан білеміз. Райымбек батыр Жетісуда жоңғарлармен соғысқан жерде Ойрантөбе атты тағы бір төбе бар. Ал Меркі мен Құлан ауылдарының арасында Алатаудың Сандық жайлауындағы Ойранды аталатын шатқалдың жөні бір бөлек. Сонда Ойрантөбе Қазақ жерінде үшеу болғаны ғой.
Осыдан соң осы ауылдың тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білім саласының ардагері, «Құрмет» орденді Көшкінбай Елікбаевтан Секер, Барақ тарихын сұрастырдық. Жасы сексенге келсе де ширақ та тың Көшкінбай көкеміз бізді Ойрантөбеге қиналмай алып шықты. Ойрантөбе көкеміздің бау-бақшасының іргесінде-ақ қол созым жерде екен. Ойрантөбе Қаратөбе атты биік төбенің жанында оқшау тұр. Айналасы ор болып қазылған. Кезінде осы ор бойымен су келіп, сырттан келген жау төбе басындағыларға өте алмаған. Төбе басына Барақ пен Секерге арнап белгі қойылыпты. Осы белгі басында Көшкінбай көкем қырағыттап құран оқыды. Мен Ойрантөбе оқиғасы, Секер, Барақ тарихы туралы ақсақалдан суыртпақтап сыр сұрадым. Құлағының қалтасы бар Көшекең оқып-тоқығандарын, естігендерін ұмытпаған.
Расында, бұл Барақтың Көкжал Бараққа тікелей қатысы бар болып шықты. Бұл былай. Сиқым Көшкіншінің Маса, Қоғыл деген екі ұлы да жоңғарлармен жағаласып өткен батырлар болыпты. Қоғыл кезінде кіші жүз қолымен бірге Еділ бойындағы Астрахан қаласын жаудан қорғауда батырлықпен қаза табады. Қоғыл бәйбішесінен бала сүймеген. Кейін ағасы Масаның айтуымен Көкжал Барақтың айдай сұлу қарындасын алып қашып келіп, үйленеді. Үзеңгілес жүрген батырдың қарындасына көзі түскені үшін Көкжал Барақ оның бұл қылығын кешірген деседі, оның үстіне қыздың соңынан келген қуғыншыларды жақсылап күтіп, мол дүние-мүлікпен шығарып салады. Көкжал Барақ жиеніне «мендей батыр болсын!» деген ниетпен өз есімін берген деседі.
Қоғылдың екінші ұлына Секер деген атты кіші жүздің батыры Тайлақ қойған. Кіші Барақ кіші жүздің атақты батыры Тайлақтың қарындасына үйленеді. Негізінен бұл некеге Қоғылмен үзеңгілес жүрген Тайлақ батырдың өзі ықпал етсе керек. Тайлақ батырдың қарындасынан туған тұңғыш ұлға Нар есімі беріледі де, кейінгісін нағашысының құрметіне Тайлақ атайды. Сонымен ұлы жүз Сиқым еліне орта және кіші жүздің екі батырының есімі сіңіседі.
Ағайынды Барақ пен Секер жылқылы бай атанды. Қаратөбе баурайын жайлады. Балдыберек өзенінен мыңдаған жылқы су ішіп, жайлауда жайылып жатты. Олар Сайрамдағы өзбектермен тату еді. Өзбек ағайындардың қолынан келмейтіні, таппайтыны болушы ма еді? Олардың қай-қайсысы болса да жылқылы ауылға керек. Ал Барақ пен Секер жоңғарлармен шайқаста оларды да қызғыштай қорғады, ет пен қымыздан тарықтырған жоқ. Кіші Тайлақ өзбектен қыз алып, екі ел құдандалы болды.
Бұл оқиға 1757 жылдың көктемінде орын алады. Қаратау мен Алатауды жоңғар қалмақтары шегірткедей жайлап, елдің шып-шырғасын шығармай уысында ұстап, білгендерін жасап басына бастайды. Онымен де қоймай, жалғыз-жарым отырған ауылды қырып-жойып, ішке сұғына түсті. Жаудың жауыздық ниеті белгілі еді. Олар Сайрамды бағындырып, өзбек қыздарының арасынан таңдап жүріп 350 қызды тұтқынға алады. Оларды алдарына салып, өз елдеріне айдап әкету үшін арнайы жасағы да дайын тұрды. Осы ащы хабар Төле би мен Қойкелді батырдың да құлағына тиген. Екеуі ақылдаса келе, қазақ жасақтарын атқа қондырды.
Жоңғар қалмақтары Қаратөбе арқылы Алатау асып, одан әрі елдеріне кетуші еді. Осыны білетін қазақтар Қаратөбе түбінде топтасты. Алайда соңдарынан негізгі күш келіп жетпегендіктен, қазақ жасағының саны қалмақтарға қарағанда тым аз болатын. Оның үстіне қалмақтарда зеңбіректер бар.
Көшкіншіден тараған Маса, Қоғылдың ұрпағы жауға топ болып аттанды. Іштерінде әрине, Барақ пен Секер де бар еді. Олар өз жасағының көп екенін көрсету үшін алдарына үйір-үйір жылқы салып алды. Маңай тұтасқан шаңға бөкті. Қалмақтар зеңбіректерімен үсті-үстіне оқ жаудырған соң маңай азан-қазан болып кетті. Бұл кезде Қаратөбе баурайы қалың арша екен. Найзадай болып аспанға шаншылып тұрған аршаның көптігінен оның ішіне жасырынған жанды табу қиын болатын. Жоңғарлар міне, осы арша арасына зеңбіректерін мықтап тұрып тыққан-ды. Жаужүрек Барақ пен Секер жаудан тайсалған жоқ. Зеңбірек оттарынан да қаймықпады. Төбеден домалап түскен жаудың бастарынан шашыраған қарақошқыл қан топыраққа сіңіп жатты. Ағайынды батырларды найза мен қылыштың ұшымен ала алмасын білген қалмақтар енді зеңбіректің ұңғысын екеуіне қарай бағыттады. Оқпаннан атылған жау оғы ағайындыларды мерт етті. Осы кезде Барақтың балалары Нар мен Тайлақ атой салып ұрысқа кіріскен еді. Олар зеңбірекке қарай ұмтылды. Жанкешті шеріктер зеңбіректі қайта оқтаймыз дегенше жетіп барып, оларды қылышпен аямай осқылады. Зеңбіректің запыран үні өшкен соң қалмақтарда зәре қалмады, тонап алған дүние-мүліктерін, тұтқын өзбек қыздарын тастай қашты. Осы кезде Қаратаудың әр қатпарынан қазақ қолы да көріне бастаған еді. Алдымен Сәмен бастаған Ботбай қолы, артынша Борас ұрпақтарының батырлары мен Рысбек тобы жетті. Көп ұзамай Төле би мен Қойкелді бастаған жасақ та келіп үлгерді. Жансауғалап қашқан жаудың желкелеріне жебе қадалды, кеуделерін найза күйретті, денелерін қылыш осқылады. Алайда үш жүздің баласы үшін Барақ пен Секердің қазасы ауыр тиді. Олар жиналып, ағайынды батырларды осы маңға арулап жерледі.
Қазақ пен қалмақ қырқысып жатқанда Нар мен Тайлақтың жалғыз қарындасы құрбыларымен бірге Сайрамсу бойындағы қалың қоға арасына барып жасырынып қалған еді. Олар қалмақтардың бытырай қашып кеткенін көріп сыртқа шыққанымен Нар мен Тайлақтың қарындасының жүрегі әлденеге зуылдап, ілгері басқан аяғы кері кете берді. Сол кезде олардың құлағына Тайлақтың сыбызғысының зарлы үні келді. Сыбызғы тілі сұмдық жайтты сұңғыла бір сыбырмен жеткізіп тұрды. Тұла бойы түршіккен бойжеткен сол жерде аңырай құлап, жоқтау айтты. Оған барлық қыздар қосылды. Қара жамылған топқа жақындап келгенде қыз өзін ұстай алмады. Сол қыздың зарлы жоқтауы ел жадында «Ойрантөбе ойылды, Секер, Барақ қойылды. Секер, Барақ әкекем, Секер, Барақ әкекем!» деп жатталып, Ықылас Дүкенұлының «Секер-Барақ» атты күйіне ұласқан. Естігенде қабырғаны қайыстыратын бұл күй ел ішінде әлі де орындалады.
Содан кейін Тайлақ Ойрантөбенің басына шығып алып, сыбызғысын сарнатып, әкесі мен ағасын жоқтауды бір күнге де үзген жоқ. Оған қарындасы қосылды. Ойрантөбе басында айтылған жоқтау төңіректегі ел-жұртты түгел күңірентті. Бұдан былай да Нар мен Тайлақтың, оған қосылып қарындасының жоқтауы тиылмайтындықтан ауыл ақсақалдары амал іздей бастады. Оны Тайлақтың өзі тапты. Әулиеатадан асып, Ақыртөбе маңына жеткенде осы маңның табиғатына ұқсас Жарлысу, Сардала деген жерді талай көргені бар. Қайғыны ұмыту үшін амал жоқ, туған жерді тастап, олар күздің бір күні Қордай асып, Ақтерек маңына қоныс аударды.
– Ойрантөбе мен Қаратөбе маңын Тоғатай Сиқым ұрпағы иен жайлап отырған. 1913 жылы оларды Ресейден көшіп келген мұжықтар ығыстырады. Селоны ұлы империяны билеген әулеттің үш жылдығына орай Романов атайды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында осы жердегі ұсақ шаруашылықтар біріктіріліп, «Советский» ұжымшары атанды. 1937 жылы қанқұйлы Голощекин осы төңіректің барлық жылқысын маңқа ауруына ұшырады деген желеумен аттырып тастайды. Беріге дейін Барақ, Секердің аттарын атауға да қорықтық қой. 1993 жылдың 10 тамызында Жамбыл облысы Ақыртөбе маңындағы ағайындар келіп, бір жылқы сойып, Барақ пен Секерге үлкен ас берді. Олар осында 3 автобус болып келгені есімде. Ойрантөбенің үстіне Барақ пен Секерге арнап белгі тас қойып кетті. «Қайта айналып соғамыз. Бабаларымыздың басына ескерткіш қойып, Ойрантөбені тарихи орынға айналдырамыз» десіп кеткен еді. Замана ауаны дес бермеді ме, басқа да себептері болды ма, бұл әзірге тоқтап тұр. Дегенмен тарих парағынан олардың ерлігі өшпейді, – деді бізге Көшкінбай қарт.
Барақ пен Секердің тұсында осы маңда Тайлақ тоғаны болған деседі. Оны Барақ баласына арнап арнайы салдырған көрінеді. Көштекең бұл әңгімені естігенімен дәл қайсы тоған екенін нақты айтып бере алмады. Бәлкім, колхоздастыру кезінде бұл тоған бұзылып кетті ме екен?
Оқшау тұрған Ойрантөбе бүгінде жан-жағын қоршаған үйлерден, тал-теректен анық көрінбейді. Жанынан өткен былайғы жұрт көп төбелердің бірі деп қана кетуі мүмкін. Осы ретте ауылдың баскөтерер азаматтары Ойрантөбені қайта жаңғыртып, басына ескерткіш қойып, оған барар жолды ретке келтірсе ұрпақ үшін бұл да бір сауап тірлік болар еді. Сонда ұмыт қалған ағайынды қос батыр рухы қолдап жүрмес пе? Тарихты алыстан іздемей-ақ үй іргесінен тапқан ұрпақ бабалар ерлігін саналарына сіңіріп алмас па?
Орманды ойға батқан Ойрантөбе үн қатпайды. Ал оған тіл бітіретін бүгінгі ұрпағы емес пе?
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі