• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Абай 18 Қараша, 2020

Гиперреалист алғаш рет Абай мүсінін жасады

754 рет
көрсетілді

Кескіндеме мен мүсін өнерінің ортақ тілін таба білген еліміздегі тұңғыш гиперреалист, мүсінші Айдос Есмағамбет Абайдың мүсінін айнытпай жасап шықты. Мүсіннің супер реалистігі соншалық, саналы ғұмырын қалың елі, қазағының мұрат-мүддесіне серт еткен, ұлт болып ұйысып, елдікке бет бұруға үндеген ойшылдың бейбіт болмысы көрініс тауыпты.

Гиперреализмнің басты ерек­шелігі фотосурет дәлдігін қай­та жаңғырту арқылы, визуалды бекітудің автоматизмдік қағи­да­сына сүйенеді. Айдостың айтуынша Абайдың мүсінін жасап шығуға толық төрт ай уақыт жұм­­саған.

– Кескінді жасаудың анау айт­қандай қиындығы болған жоқ. Негізгі материал ретінде силикон мен балауызды қолдандым. Жыл­тыратқыш, аэрографиялық, эмульсиялық жабындардың көме­гімен түстер, көлемдер, текстураларды бердім. Абай мұ­расын насихаттауға қолымнан келгенше үлес қосуды жөн көр­дім, баға беретін халық, – дейді ол.

Мүсін образына негіз етіп 1896 жылы Семейдегі Куз­не­­цов­тың фо­тосалонында түсі­рілген Абай­дың алғашқы суре­тін пай­да­ланған. Суретте Абай Діл­дә­дан туған үлкен ұлы Ақыл­бай, Әйгерімнен туған ұлы Турағұлмен бірге түскен. Атал­ған суретті 1941 жылы академик-жазушы Мұх­тар Әуезов Се­мейдегі ақын му­зе­йіне өзі әкеліп тапсырған еді. 9х13 сантиметрлік суреттегі ақын бейнесі Абайдың толық шы­­ғармалар жинағынан бастап, алдыңғы толқын, кейінгі буын суретшілердің еңбегінен кең кө­рініс тапты.

– Мүсін жасау идеясы Мадам Тюссо музейінен кейін туында­ды. Әзірге, ондай орындарды аралап көргем жоқ. Бірде теледидардан Обаманың жаңа си­ликон мүсінін көріп қалған соң, қызығушылығым артып, осы жұ­мысты қолға алдым, – дей­ді Айдос. Ол кәсі­би бі­лім жолын Ы.Алтынсарин атын­­­да­ғы Ар­қа­лық мемлекет­тік пе­­­да­го­гика­лық институын­да «Бей­нелеу өнері­ мен сызу» ма­ман­дығында бастаған. Ең­бек­қор жастың өнерге деген тал­пы­нысы бала кезінен бай­қал­ған. Әкесінің де суретке ебі бол­са, ана­сы музыка пәнінің мұ­­ға­лімі. Айдостың алғашқы жұ­мы­­сы Елбасы Н.Назарбаевтың бей­­­несіне арналған. Одан кейін Абы­­лай ханның, генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов пен АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама сынды тұлғалардың мүсінін жасап шыққан. Шебер жұмысына керекті материалдар­ды арнайы АҚШ-тан алдырады. Оның құны да арзан емес кө­рі­неді.

– Менің жұмыстарым Мадам Тюссодағы фигуралардан ерек­ше­­ленеді. Оларда толық бір команда жұмыс істейді. Сосын жа­салуы жоспарланған мүсіннің иесін арнайы шақыртады. Ал мен жалғыз өзім кірісемін. Сол сияқты тек фотографиясы арқылы ғана әзір­леп шығамын. Бір мүсінді толық аяқтау үшін шамамен 4-5 айдан бір жылға дейінгі уақытым кетеді. Оның әр тал шашын жеке-жеке қоямын. Шыдамды талап ететін жұмыс, – дейді мүсінші.

Абай бейнесіне қалам тартып жүрген суретші, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ Елі» монументінің авторы Сембіғали Смағұлов жас суретшілердің қазіргі қазақ бей­­нелеу өнерінің өркендеу бағы­тындағы жұмысы жайына тоқтала келіп, суретшіні шың­дайтын ізде­нісі мен табанды ең­бегі екенін айтады.

– Абайға қалам тартпаған, өне­рін арнамаған суретшілер кем де кем. Айдостың Абайға ар­налған жұмысы өте тамаша. Суретшілер өзіміз жасаған образға қайта-қай­та ораламыз. Өйт­кені мүсін деген дүние қате­лікті кешірмейді. Сондықтан Айдос әлі де болса осы тарапта жұ­мыс істейді деп ойлаймын. Суретші жақсы жерде жүрсе да­миды. Айдостың келе­шегі ал­да, жаңа технология суретшіге жаңа мүмкіншіліктер туғызады. Балауызбен мүсін жасау бойынша Қазақстанда көш бастап жүрген баламыздың бірі. Ешкім оны баулыған жоқ, өзі талпынып жүр. Халық суретші­ле­рі күнде туа бермей­ді, өз уақы­ты­мен оқ­шаулап шыға­рып оты­рады. Пас­сионарлық ұғым бол­ған­дық­тан, өнері биіктеген суретші шы­ғар­маларын халық түсінуге тырысады. Халыққа түсінікті боламын деген суретшінің деңгейі түсіп қалады,– дейді ол.

Мүсіннің ашылу салтанатын­да сөз алған «Қазақконцерт» ұйы­мының директоры Жеңіс Сей­дул­лаұлы соңғы жылдары бейнелеу өнеріндегі креативті идеялар мен бағыттар жөнінде айта келіп, жас суретшілерді қолдау, олардың шығармашылығын насихаттау қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, келесі жылы Айдос Есма­­ғамбеттің жеке музейін ашу жос­­парланып отыр.

Хакімнің 175 жылдық мерейтойы руханиятымыздың қуа­нышына айналып, ақыл-ойдың асқар шыңына деген ха­лық махаббаты мен ықыласы то­ластамай келеді. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, халық шеберлері ұлы ойшылдардың озық бейнесін бүгінгі заманауи техника тіліне икемдеп, халық мұрасын насихаттауға үлес қо­сып-ақ келеді.