• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Қараша, 2020

Гуанчжоудағы ойындарға – 10 жыл!

90 рет
көрсетілді

Осыдан тура 10 жыл бұрын дәл осы кездері Қытайдағы ең ірі шаһарлардың бірі – Гуанчжоуда XVI жазғы Азия ойындары дүркіреп өтіп жатты. 45 мемлекеттен келген 9704 сайыпқыран екі аптадан аса уақыт бойы сайысқа түсіп, спорттың 42 түрі бойынша 476 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Дүбірлі дода 12 қарашада басталып, 27 қарашада өз мәресіне жеткен еді.

Айтулы жарыстың жалпы­командалық есебінде Қазақстан бесінші орынды иеленді. Біздің спортшылар 76 жүлдеге (18 алтын+23 күміс+38 қола) иелік етті. Көш басында – Қытай құ­ра­масы. Өз жерінде өткен бай­рақ­ты бәсекеде Аспанасты елі­нің өкілдері 416 жүлде (119+119+98) олжалады. Бұл – Азия ойындарының рекордтық көр­­сеткіші! Екінші орынды Оң­түстік Кореяның оғландары ен­шіледі. Олардың қоржынына 232 медаль (76+65+91) түсті. Үшін­ші са­тыға Жапонияның жам­поздары жайғасты. Күншы­ғыс елінің өрендері 216 жүлдені (48+74+94) иеленді. Төртінші орында – Иран. Парсы елі спорт­шыларының отандастарымыздан жүлделері әлдеқайда аз болғанымен, медаль­дарының сапасы жағынан алдымызды орап кетті. Бұл жарыс­та олар 59 мәрте (20+14+25) же­ңіс тұғы­рына көтерілді. Сон­дай-ақ Үн­діс­тан (14+17+33), Тай­пей (13+16+38), Өз­бекстан (11+22+23), Таи­ланд (11+9+32) және Малай­зия (9+18+14) құра­ма­ла­ры озық ондықтың қатарына қо­сыл­ды.

XVI жазғы Азия ойындарында өнер көрсеткен жерлестеріміздің арасынан ең үздік көрсеткішке жеңіл атлеттер қол жеткізді. «Спорт падишасы» өкілдері 4 алтын, 4 күміс және 3 қоланы ол­жа­лады. Барлығы – 11 жүлде. Біз­дің спортшылардың арасын­да Дмитрий Карпов (онсайыс), Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Маргарита Мацко (800 метр­ге жүгіру) және Ольга Тереш­кованың (400 метрге жүгі­ру) тұғыры биік болды. Ауыр атлеттерміз де өздерінің мықты­лығын мойындатты. Зілтемір­шілер 9 мәрте (3+2+4) жеңіс тұғырына көтерілді. Бас жүлде Майя Манеза (63 кило), Светлана Подобедова (75 кило) және Илья Ильинге (94 кило) бұйырды.

Жекелеген спортшылар жа­йында айтар болсақ, көркем гимнасшы Анна Альябева, грек-рим күресі шебері Нұрмахан Ты­налиев, боксшылар Данияр Елеу­сінов пен Серік Сәпиев, кара­тэшілер Дархан Асаділов пен Ринат Сағындықов және әйелдер күресінің өкілі Елена Шалыгина сынды мықтылар қарсылас шақ келтірмей, алтын тұғырдан қол бұлғады. Сонымен қатар регбиден (әйелдер), су добынан (ерлер), көркем гимнас­тикадан және нысана көздеуден (әйелдер, 50 метр, тапанша) өткен командалық сайыстарда бас жүлдені қазақ­стандықтар жеңіп алды.