Осыдан тура 10 жыл бұрын дәл осы кездері Қытайдағы ең ірі шаһарлардың бірі – Гуанчжоуда XVI жазғы Азия ойындары дүркіреп өтіп жатты. 45 мемлекеттен келген 9704 сайыпқыран екі аптадан аса уақыт бойы сайысқа түсіп, спорттың 42 түрі бойынша 476 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Дүбірлі дода 12 қарашада басталып, 27 қарашада өз мәресіне жеткен еді.
Айтулы жарыстың жалпыкомандалық есебінде Қазақстан бесінші орынды иеленді. Біздің спортшылар 76 жүлдеге (18 алтын+23 күміс+38 қола) иелік етті. Көш басында – Қытай құрамасы. Өз жерінде өткен байрақты бәсекеде Аспанасты елінің өкілдері 416 жүлде (119+119+98) олжалады. Бұл – Азия ойындарының рекордтық көрсеткіші! Екінші орынды Оңтүстік Кореяның оғландары еншіледі. Олардың қоржынына 232 медаль (76+65+91) түсті. Үшінші сатыға Жапонияның жампоздары жайғасты. Күншығыс елінің өрендері 216 жүлдені (48+74+94) иеленді. Төртінші орында – Иран. Парсы елі спортшыларының отандастарымыздан жүлделері әлдеқайда аз болғанымен, медальдарының сапасы жағынан алдымызды орап кетті. Бұл жарыста олар 59 мәрте (20+14+25) жеңіс тұғырына көтерілді. Сондай-ақ Үндістан (14+17+33), Тайпей (13+16+38), Өзбекстан (11+22+23), Таиланд (11+9+32) және Малайзия (9+18+14) құрамалары озық ондықтың қатарына қосылды.
XVI жазғы Азия ойындарында өнер көрсеткен жерлестеріміздің арасынан ең үздік көрсеткішке жеңіл атлеттер қол жеткізді. «Спорт падишасы» өкілдері 4 алтын, 4 күміс және 3 қоланы олжалады. Барлығы – 11 жүлде. Біздің спортшылардың арасында Дмитрий Карпов (онсайыс), Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Маргарита Мацко (800 метрге жүгіру) және Ольга Терешкованың (400 метрге жүгіру) тұғыры биік болды. Ауыр атлеттерміз де өздерінің мықтылығын мойындатты. Зілтеміршілер 9 мәрте (3+2+4) жеңіс тұғырына көтерілді. Бас жүлде Майя Манеза (63 кило), Светлана Подобедова (75 кило) және Илья Ильинге (94 кило) бұйырды.
Жекелеген спортшылар жайында айтар болсақ, көркем гимнасшы Анна Альябева, грек-рим күресі шебері Нұрмахан Тыналиев, боксшылар Данияр Елеусінов пен Серік Сәпиев, каратэшілер Дархан Асаділов пен Ринат Сағындықов және әйелдер күресінің өкілі Елена Шалыгина сынды мықтылар қарсылас шақ келтірмей, алтын тұғырдан қол бұлғады. Сонымен қатар регбиден (әйелдер), су добынан (ерлер), көркем гимнастикадан және нысана көздеуден (әйелдер, 50 метр, тапанша) өткен командалық сайыстарда бас жүлдені қазақстандықтар жеңіп алды.