12 желтоқсанда аралас жекпе-жектен Ресейде АСА турнирі өтеді. Әзірге жарыстың нақты қай қалада ұйымдастырылатыны анықталмағанымен, қазірдің өзінде қатысушылардың дені белгілі. Ең бастысы, бұл додада Қазақстанның екі спортшысы өнер көрсетеді. Олар – «Алаш Прайд» клубының мүшелері Нұрсұлтан Қасымханов пен Евгений Егембердиев.
Евгений Егембердиев – көптен бері көзге түсіп жүрген сақа спортшы. Кезінде ол бокстан жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Кейіннен аралас жекпе-жекке мықтап ден қойып, бірқатар байрақты бәсекеде күш сынасты. Осы күнге дейін ресми түрде 12 жекпе-жек өткізіп, 9 рет жеңіске жетті. Тараз өңірінің тумасы қазіргі кезде жартылай ауыр салмақта АСА рейтингінде төртінші сатыға жайғасқан. Евгений бұл жарыста Люк Барнаттпен айқасады. Ұлыбританияның өкілі октагонда 27 кездесу өткізіп, 17 рет басымдық танытқан. Кезінде Барнатт әлемнің ең үздік промоушені – UFC-де бақ сынаған.
Нұрсұлтан Қасымханов та соңғы кездері өрелі өнерімен көзге түсіп жүрген жалынды жастардың бірі. Былтырғы жылдың қоңыр күзінде Алматыда өткен АСА жарысында қазақстандық спортшылар тегістей ұтылғанда дәп осы қазақтың қайсар ұлы ғана қарсыласын көкала қойдай етіп сабап, айқын жеңіске қол жеткізді. Сол кезден бастап Нұрсұлтанға деген жанкүйерлердің ықыласы ерекше. Айқас алаңында барлығы 10 кездесу өткізген Жетісу өңірі өренінің 8 мәрте мерейі үстем болды. Қасымханов айтулы жарыста Алихан Сулеймановпен шеберлік байқасады. Чешенстанның тумасы 13 бәсекенің тек үшеуінде ғана ұтылған.
Ал осы жарыстағы басты жекпе-жек Ресейдің екі спортшысы – Магомед Исмаилов пен Иван Штырков арасында өтеді. Олардың екеуі де небір мықтыларды ұтып, жанкүйерлер жүрегін әлдеқашан жаулаған жауынгерлер. Мәселен, Исмаилов биыл атышулы Александр Емельяненконы оңдырмай сабаса, Штрыков Тиаго Силва, Фабио Мальдонадо, Антонио Силва сынды саңлақтардан басым түсті.