• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Білім 18 Қараша, 2020

Бірқатар сыныптар штаттық режімде оқытылады

260 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылы басталғаннан бері кезекші сыныптарда білім алып жатқан 302 оқушы COVID-19 инфекциясын жұқтырған. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 456 бала коронавирустан емделіп жатыр. Бұл туралы Президент жанындағы орталық коммуникация­лар қызметінде ІІ тоқсанға қатысты өткен брифингте айтылды.

 

Жиында бірінші болып сөз алған Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари 16 қарашада мектептерде ІІ тоқсанның басталғанын айта келіп, алдымен І тоқсанның нәтижелеріне қысқаша тоқталды.

«І тоқсанда миллионнан аса бала аралас форматта білім алды. 2,3 млн бала қашықтан оқыды. Айта кетейін, 82 млн-нан аса баға онлайн режімде қойылды, 40 млн-ға жуық үй тапсырмасы мен бақылау жұмысы берілген. Білім беру жүйесінде 2 млн-нан аса ата-ана, 3 млн білім алушы жұмыс істеді. Сонымен қатар сабақты өткізудің қосымша тәсілдерінің бірі ретінде видео сабақтар қолданылды», деді Р.Биғари.

Брифингте белгілі болғандай, Қазақстан аумағында коронави­рус инфекциясының алдын алу мен таралуына жол бермеу жө­ніндегі ведомствоаралық комис­сиясы, сондай-ақ Бас мемле­кет­тік санитарлық дәрігердің қау­лысы негізінде оқыту форматы анық­талды. Біріншіден, мектепалды, 1-4 сынып оқушыларының кезекші сыныптарына 5-сынып қо­сылды. Екіншіден, контингенті 5-300 оқушыны құрайтын мек­тептер­ге штаттық режімде оқыту­ға рұқ­­сат берілді. Үшіншіден, халық­ара­лық мектептерде 1-7 сыныптар дәс­түрлі форматта оқытуға көші­рілді.

«Жасыл аймақтағы өңірлерде неліктен оқытуды дәстүрлі фор­мат­қа көшірмеске?» деген сауалға атал­ған баспасөз жиынында Қазақ­станның Бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова:

«Нормативтік-құқықтық акті­лерде жазылған және КВИ та­ра­луының алдын алуға бағытталған ережелер мектептерде сақталмаса, бәрі бекер. Мектептегі балалар осы талаптардың барлығын орын­дай­тынына сену өте қиын десем, барлығы келісетін шығар. Кли­маттық жағдайларға қарай желдету үшін барлық жағдайларды жасау да кейде мүмкін емес. Көп жерде терезелер ашылмайды. Бұл жағ­дайда вентиляция жұмысы қауіпсіз ауа алмасуды қамтамасыз ете алады. Желдету – алдын алу шара­ларының бірі, алайда оны жылыту маусымына байланыс­ты сақтау қиынның қиыны. Осы шара­лардың барлығын және көрсет­кіштерді ескере отырып, дәс­түрлі оқытуға ауысу немесе ауыс­пау туралы шешім қабылда­нады. Сонымен қатар нақты елді ме­кендегі эпи­де­мия­лық жағдайға байланысты да өңір­дің бас санитарлық дәрігері рұқ­сат беруі мүмкін», деп жауап берді.

Ал үшінші спикер, Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова ата-аналардан түскен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) бөлім бо­йынша жиынтық бағалаудың (БЖБ) қиындығына қатысты шағымдарға:

«Техникалық ерекшеліктер бойынша бағалау жүйесін тікелей пән мұғалімі дайындайды. Жалпы, біз әдістемелік ұсыныстарда көп тапсырма болмас үшін нақты уақыт пен күрделілікті белгіледік. Бас­тауыш сыныптарда 1-2 тапсырма беріледі. Егер бұл мектеп қашықтан оқитын болса, онда БЖБ мен ТЖБ ақпараттық жүйелер немесе «Күнделік.кз», сондай-ақ «Дарын онлайн» немесе «Bilim Land» секілді басқа да платформалар арқылы өткізілуі мүмкін. Кері байланыс үшін қандай ақпараттық жүйені қолданса, соны БЖБ және ТЖБ үшін де пайдалануға болады. Ал тапсырмалардың нақты көлемі көрсетілген. Сондықтан мұға­лім­дер бұл көлемді тікелей ұста­нуы керек және тапсырма күрделі болмауы тиіс», деді.

Қоса кетейік, ІІ тоқсандағы бөлім мен тоқсан үшін жиынтық ба­ғалауды өткізу мерзімін минис­тр­­лік белгілеп, бекіткеннен кейін мектептерге жібереді.