Нұр-Сұлтан қаласында 2020 жылдың соңғы 9 айында үш перзентханада 21 429 бала дүниеге келді. Оның ішінде 245 баланың салмағы 500 г-нан 1500 г-ға дейін болып туылған, бұл 2019 жылға қарағанда 8 балаға аз. Осы салмақтағы балалардың өмір сүру деңгейі 85%-ға дейін жақсарды.
"Бұл перинаталдық технологияларды неғұрлым тиімді қолдануымызға, жүкті әйелдерді медициналық қадағалау жақсарғанына, тәуекел тобындағы әйелдерді 3 бақылау деңгейіне уақтылы ауыстыруына байланысты", - деп атап өтті қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.
Әр орталық шала туған балаларды күтуге арналған жоғары мамандандырылған жабдықтармен қамтамасыз етілген. Неонатолог дәрігерлердің санаты мен мамандар саны да артты.
"Қазіргі технологиялар бұрынғымен салыстыруға келмейді. Олар ананың жатырына мүмкіндігінше жақын болатындай етіп жасалған. Медицина бір орында тұрмайды. Техника да дамып келеді, дәрігерлер заманауи технологияларды қолданады", - дейді №1 көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары Динат Қожекенов.
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында салмағы өте аз (500-ден 1500гр-ға дейін) 8 бала бар.
“Менің балам өте кішкентай, 730 грамм болып шала туылған. Мен оны алғаш көргенде таң қалғанымды жасырмаймын. Әрбір ана баланың дүниеге келіп, барлық бала сияқты өскенін қалайды. Бірақ егер сіздің өміріңізде бұндай жағдай болса, еңсеңізді түсірмеңіз. Бізде жанын салып жұмыс істейтін дәрігерлер бар екеніне қуаныштымын. Бізге көмек көрсеткен барлық адамға алғыс айтқым келеді", - дейді Наиля Халиулина.
Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын 17 қарашада шала туған нәрестелер күні атап өтіледі. Бұл күн Бүкіл әлемде мерзімінен бұрын босану жағдайы туралы ақпараттандыру және шала туылған нәрестелер мен олардың отбасыларының проблемаларына назар аудару мақсатында белгіленген.