Бұл күндері Перудың астанасы – Лимада ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында online форматы бойынша әлем кубогы жолындағы жарыс өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оңтүстік Америкадан қуанышты хабар жетті. Сол жарыста 102 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақтың аса дарынды зілтеміршісі Бекболат Рахат асқан шеберлік танытып, дүйім жұрттың назарын өзіне аударды. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 319 (140+179) килолық нәтижемен ол бас жүлдені олжалады. Қандасымыз күміс медальді иеленген әзірбайжандық Әли Шүкірліден бақандай тоғыз кило артық салмақты еңсерді. Қап тауы қыранының көрсеткіші – 310 (145+165) кило. Қола медаль Шимон Зюлковскиге бұйырды. Польшаның өкілі 301 (139+162) келілік зілтемірді тік көтерді.
Естеріңізге сала кетейік, осы күнге дейін әлем кубогында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы екі жүлде алған еді. Атап айтсақ, Абылай Әуелханов алтын тұғырға көтерілсе, Гүлнұр Ыбырай қолаға қол созды.