• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 19 Қараша, 2020

Мәңгілік мәселелер ілімі

982 рет
көрсетілді

Қай қоғамда, қандай жағдайда өмір сүрсе де дананың аты өлмейді. Келер буын ұрпақтың санасына мәңгі өшпестей із қалдырып, даналық қағидалары қатталып, шотталып, ал ілімі бір шоғыр адамдардың, кейде тұтас мемлекеттің не мемлекеттердің өмір сүру ұстынына айналатыны бар. Ондай мысалдар өте көп болмаса да, әлем тарихында баршылық. Мысалы, Будда, Конфуций, Лао Цзы сынды тұлғалар Үндістан, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Вьетнам т.б Шығыс Азия елдерінде пайғамбарлық дәрежеге көтеріліп, ілімдері дінге айналған жағдайды біз нақты айта аламыз. Соның ішінде әлемдік деңгейдегі ғұлама Конфуцийдің (б.з.б 551 жылы өмірге келген), яғни Кұң ұстаздың іліміне тоқталғымыз келеді.

 

Ол негізінен жетілген адамды дәріп­теді. Жетілген адам мен саяз адамды бір-біріне қарама-қарсы қоя отырып, екеуі­нің арасындағы жер мен көктей айыр­ма­шылықты ұғындырмақ болды. Жетілген адамның тұжырымдамасын жасады. Адам­гершілікті насихаттады. Адамның жүріп өтуі тиіс «Ұлы жолын» нұсқады. Даоны (жолды) рухани жол деңгейінде түсіндірді. Біздің мақсат Конфуций даосы мен Лао Цзы негізін қалаған даосизмнің арасын ашып көрсету. Екі ғұламаның идеяларының бір-бірінен мүлдем алшақ жатқанын дәлел­деу. Сондай-ақ Конфуций ілімінің ерекшелігіне назар аударту.

 Қытайда Конфуций ілімі күні бүгінге дейін өмір сүреді. Қытай мәдениет тари­хына өзіндік үлес қосқан алпауыт империялардың қатарында болған. Бүгінгі Жуңго мемлекеті (ҚХР) сол им­перияның заңды мұрагері. Әлі күн­ге дейін өздерін «Аспанасты елі­міз» деп дәріптейді. Әрине қазіргі жа­һандану дәуірінің жаңашыл идея­лары Қытайды да айналып өте қойған жоқ. Одан қалса, 1960-1970 жылдардағы «Мә­дениет төңкерісінің» өзі де ежелгі құн­дылықтарды қастерлеуге біршама кері әсерін тигізгені сөзсіз. Жуңгода да со­циалистік қоғамды насихаттаған жаңа­шылдар ескіліктің сарқыншағымен күрес­кені тарихтан мәлім. Бірақ ұзаса бір ғасыр төңірегіндегі саяси машақаттар сонау екі мыңжылдықтың алдында өмір сүріп, содан бері Қытай халқының жүрегінде өмір сүріп келе жатқан Құң ұстазды жұлып алған жоқ. Оның себебін әркім әртүрлі түсін­діреді. Бірақ бізге керегі – ол өмірді, адам­ды, қоғамды қалай түсінді, өмір сүру­дің формуласын қалай жасады деген мәселе.

Қытайда қайырымды әрі мейірімді адамдарды аспан жарылқайды, ал зұ­лымдар мен қатыгездер аспанның жа­засына ұшырайды деген түсінік осы күнге дейін сақталған. Бұл олардың ас­панды құдай ретінде түсінуімен тығыз байланыс­ты. Қытайлықтардың мифоло­гиясында Шанди «Ұлы құдай» бейнесінде көрінеді. Әрі адам, әрі «құдай» Шанди өз халқының жоғын жоқтап, барынша қамқорлық жасайтын қамқоршы және ата-тектерінің негізін қалаушы. Бірақ уақыт келе (Чжоу династиясының тұсында б.з.б. ХІ ғасыр) Шанди құдайға жалбарынудың орнын аспан еркіне бағыну басты да, қытайлықтардың өмірінде Аспанның рөлі жоғарылады. Қытайда халық Аспан еркінің жаршысы деп жарияланып, өлілер рухына емес, халықтың жағдайына ерекше мән берілгені мәлім. Сондықтан да Конфуций секілді дананы осы мәдениеттің жемісі деп ұғу қажет. Оның ілімінде о дүниенің кездеспейтінін, рухтар әлемінің аз айтылатынын осы жерден іздеу керек. Өз кезегінде Конфуций үшін басты нәрсе жол (дао) ұғымы болып табылады. Ол үшін «дао» – шындық және әділдік жолы. «Дао» – жеке адамның ғана емес, бүкіл халық өмірінің шындығы. Шын­дық жолынан адамды да, халықты да күшпен, зорлықпен тайдыруға болмайды, ол адамның рухани байлығымен, адамдардың бірін-бірі түсінісе білу қасиет­терімен сабақтасады.

Конфуцийдің пайымдауынша, «шын­дық жолы» өз бастауын адам табиғатынан алып, адамдар арасындағы қалып­тасқан шынайы қасиеттердің нәтижесінде одан әрі толыса түседі. «Шындық жолы» идеясы – адам мен көктің арасындағы көзге шалынбайтын, бірақ ешуақытта да үзілмейтін өзара байланыстардың бар екендігін айқындайды. Ол былай деді: «Адамды ұлылыққа жеткізетін дао (жол) емес, керісінше, даоны (жолды) ұлы қылатын адам».

Ал енді даосизм (дао – жол) ілімінің негі­зін салушы Лао Цзы (б.з.б. VI ғ.) екені белгілі. Ол адамзатты табиғатпен бір­лікке шақырған. Лао Цзының тұжырым­дауынша, халық даоны негізге алуы қажет. Өз ой-пікірлерін былайша тұ­жы­рымдайды: «Адамзат Жерге, Жер Аспанға тәуелді, Аспан даоны, ал өз кезегінде дао табиғилықты қажет етеді». Дао ілімінде жеке адамның адамгершілік тұрғыдан жетілуі – өзін қоршаған ортамен үйлесімділігімен байланыста қарастырылады. Дао – өмірдің қайнар көзі, белсенділіктің үлгісі. «Дао» – заттар­дың өмір сүру заңы «цимен» бірігіп, әлем­нің түпнегізін құрайды. Әлемде барлығы қозғалыста болады, олар үнемі өзгеріп отырады, тіпті осы өзгерістердің нәтижесінде заттар мен құбылыстар өздерінің қарама-қарсылығына айналып отырады. Айталық суық жылиды, сұйық қатады, жақсылық жамандыққа айналады. Түптің түбінде әділет жеңеді, әлсіздер күшіне мінеді, – дейді Лао Цзы.

Міне, Конфуцийдің дао ұғымы мен Лао Цзының даосының арасындағы айырма. Алғашқысы адамгершілік пен әділеттің, шындықтың салтанат құруы үшін адам бойындағы қасиеттерге иек арт­са, соңғысы жаратылыстың қоз­ғалыс заңдылығын басшылыққа алады. Алғашқысында идеалистік көзқарас басым, соңғысында материалистік нышан бар. Әрине Лао Цзының философиясы Конфуцийдікімен салыстырғанда ана­ғұрлым күрделі. Өйткені ол тек қана адам өмірінің үйлесімділігіне емес, табиғаттың да тепе-теңдігіне бағытталған ілім. Ал Конфуцийдағы орталық тұлға – Адам.

Конфуций үшін ел басқарудың басты мақсаты – халықтың мүддесін қорғау. Оның қағидаларын ескерген ізбасарлары мемлекеттің үш негізгі элементін көр­сетті: біріншісі – халық, екіншісі – Құдай, үшіншісі – әмірші-патша. Конфуций өзінің өмірлік қағидаларын қағаз бетіне түсірген жоқ, бірақ оның айтқан ой тұжырымдарын шәкірттері жазба түрінде «Сұхбаттар мен пікірлер» деген еңбекте жан-жақты баяндайды. Кітаптағы әрбір қағида, ой толғаулар «Ұстаз былай деген екен» деп басталады. Бұл баға жетпес құнды еңбек ұлы дананың ілімінен толық мағлұмат беретін жалғыз жазбаша дерек. Өзі өмір сүрген ортаны өткір сынға алып, болашақтан үлкен үміт күткен Конфуций екі заманды өзара салыс­тыра отырып «Жетілген адамның» (цзюньцзы) идеалын жасады. Жан-жақ­ты толысқан, адамгершілік қасиеттері мол «Жетілген адамның» бойында негі­зінен екі қасиет болуы қажет, олар: адамгершілік пен парыз сезімі. Ол былай дейді: Нағыз «цзюньцзы» болу үшін тек қана адамгершілік қасиет жеткіліксіз. Ол үшін тағы да басты қасиет – парыз сезімі керек. Конфуций «Жетілген адам», яғни «Қайырымды ердің» бейнесін жасап, оны «қасиетсіз ерлерге» (сяожень) қарама-қарсы қойды. «Қайырымды ер» өз парыздарын терең түсіне біледі, қоғамдық заңдарды бұлжытпай орындайды, ал «қасиетсіз ер» болса тек өз қара басының құлы ғана, бас пайдасын ойлаудан аспайды. Алғашқысы өз-өзіне талаптар қоя білсе, екіншісі басқалардан талап етуді ғана біледі. «Қайырымды ер» үш нәрседен қорқады, олар: киелі Аспан, ұлы адамдар мен даналардың айтқан сөздері, ал «қасиетсіз ер» көктен де сескенбейді, ұлыларды жек көреді, дана адамдардың сөзін ескерусіз қалдырады.

Конфуций ілімінің құндылығы – оның зерттеуіндегі басты нысан – Адам болғандығында. Ол философ бола тұра, ойдың болмысқа қатысы туралы немесе сананың материяға қатысы туралы жазып бас қатырған жоқ. Атомдар мен молекулаларды әңгіме етпеді. Ол адам, оның адамгершілік қасиеті, адам­гершілігі күшті адамдардың қоғамдағы ық­палы жайлы ойланды. Бұл туралы ой-пікірлерімен шәкірттерімен бө­лісті. Адамның жер бетіндегі лайықты тұрмыс тіршілігі оның даналығымен, па­расаттылығымен, білімділігімен ты­ғыз байланыста болатындығын пайымдады. Әйтсе де ол білімді бірінші орынға қойған жоқ. Бірінші орынға адамгершілікті шығарған ғұлама жан-жақты жетілген тұлға болу үшін бір ғана адамгершіліктің аздық ететінін дәлелдеп берді. Әрине оның жетілген адам концепциясын ғана жасамағаны белгілі. Ол адамдар арасындағы әділетті қарым-қатынасты, қоғамның тұрақтылығын, үйлесімділігін жақтады. Бұл орайда әркімді өз орнын білуге шақырды. Сайып келгенде конфуцийлік дегеніміз – әдеп­тер мен ережелер туралы ілім деуге келеді. Ол мәңгілік мәселелерді көтерген ілім. Адам, оның жер бетіндегі орны, қоғамдағы орны, адамгершілік қағидаттары, үйлесімді өмір кешу – бұл барлық қоғамда да маңызды болған мәселелер. Сондықтан Конфуций ілімі ғасырдан-ғасырға жалғаса бермек.