Семей қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында бірқатар атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр.
«Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасын іске асыруға биыл 1,5 млрд теңге бөлінді. Тұрмысы төмен отбасы балаларын кепілді әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуге шамамен 265 мың теңге бөлінген. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Семей қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері айтты.
– Төтенше жағдайлар кезеңінде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) өтінішсіз автоматты түрде 5%-ға өсірілген көлемде 2160 отбасына тағайындалды. Сонымен бірге автоматты түрде, өтініш берушілерсіз биылғы жылдың 3-4-тоқсандарына АӘК тағайындау өтініштері туралы мәліметтер жасалды. Бүгінгі күні АӘК 2756 отбасына тағайындалды, – дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Айдар Самаев.
Сонымен қатар баспасөз мәслихатында биылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы балаларға кепілді әлеуметтік пакет енгізілгенін атап өтті. Азық-түлік жиынтығы және тұрмыстық химия тауарлары түріндегі әлеуметтік пакеттер бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға беріледі. Кепілді әлеуметтік пакеттің екінші түрі орта білім беретін мекемелердегі 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға оқу жылы көлемінде беріледі. Алты жастан он сегіз жасқа дейінгі мемлекеттік әлеуметтік пакет төрт бөліктен тұрады: мектептерде ыстық тамақ, мектеп киім үлгісі, мектепке қажетті жабдықтар және қалалық қоғамдық көліктерге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Алты жастан он сегіз жасқа дейінгі балалардың кепілді әлеуметтік пакеттері жалпы білім беру шеңберінде білім беру ұйымдары арқылы беріледі.
Бүгінде азық-түлік жиынтығы және тұрмыстық химия тауарлары түріндегі кепілді әлеуметтік пакетті 1980 отбасы алады. Келесі жылдан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға кепілді әлеуметтік пакеттерді әлеуметтік қызмет көрсету порталы арқылы беру жоспарлануда. Қаланың бес кітапханасында және «Жанұя» отбасыларын қолдау орталығында жеті өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы ұйымдастырылған.
Жыл басынан «Еңбек» бағдарламасымен 3409 адам қамтылды. Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде қажетті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқуларға 227 адам жолданды. Оқыту тоғыз оқу орнында тоғыз мамандық бойынша жүргізілуде. Атап айтсақ, слесарь-сантехник, кран машинисі, ауылшаруашылық өндірістік тракторшы-машинисі, саяхат жөніндегі менеджер, тігінші, аспаз, кондитер, наубай, дәнекерші.
Ал бағдарламаның екінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Микронесиелерді алуға 1,8 млн теңге берілді. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға қатысты мемлекеттік грантты 218 адам алды, гранттың жалпы сомасы – 121 млн теңге. Ол грант ірі қара мал өсіру, кондитер өнімдерін дайындау, тігінші қызметі және тағы да басқа жобаларды жүзеге асыруға берілді.
– Бағдарламаның үшінші бағыты – халықты жұмыспен қамту және еңбек ресурстарын жұмылдыру арқылы еңбек нарқын дамыту. Аталған бағыт шеңберінде тұрақты жұмыс орындарына 833 адам орналастырылды. Жұмыссыз жастар уақытша жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға орналастырылды, – деді А.Самаев.
«Еңбек» бағдарламасын іске асыру жұмыстары әлі де жалғасын таба бермек. Бүгінгі күні Семей аймағында мүгедектігі бойынша арнайы және мемлекеттік жәрдемақыны 13 865 адам алады, оның ішінде 1391 мүгедек бала бар.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарды оңалту медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерімен жасалған және мүгедектерге қажетті жабдықтармен, қызметпен қамтамасыз етуге бағытталған мүгедектерді оңалту жеке бағдарламалары негізінде жүргізіледі. Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде бүгінгі күні мемлекеттік қызмет көрсетуге 3650 адам хабарласты.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің хабарлауынша, мүгедектерді әлеуметтендірудің деңгейін көтеру мақсатында олар техникалық қосалқы жабдықтармен – протезді-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифло жабдықтармен, арнайы қозғалу жабдықтарымен, санаторилік-курорттық емделумен, міндетті гигиеналық жабдықтармен, жеке көмекшілердің қызметтерімен және ымдау тілінің мамандарымен қамтамасыз етілуде. 1-2 топтағы нашар көретін мүгедектер қалалық көліктерде тасымалдаушының есебінен тегін жүреді. Есту қабілеті бұзылған адамдарға «Semei» телеарнасында күнделікті жаңалықтардың сурдоаудармасы жүзеге асырылады. Сонымен қатар жыл сайын белгілі даталарда және мереке күндерінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар баспасөз мәслихатында хабарлағандай, қиын өмірлік жағдай (өрт, табиғат апаттары, әлеуметтік маңызды аурулар және т.б.) туындағандағы бір реттік әлеуметтік көмек жан санына шаққанда кірістері ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасыларға беріледі. Бүгінгі таңда күнкөріс минимумы – 36 157 теңге. Көмектің бұл түрі бойынша отбасы табысын есепке алып, өтініш білдіру қажет.
Халықтың жүріп-тұрулары шектеулі топтары үшін әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу бойынша жұмыстар жалғасуда. Көптеген мекеменің ішінде табалдырықсыз аймақтар құрылған, тактильді жолақтар және плиталар бар. Биылға 75 нысанды бейімдеу жоспарланған, оның 26 нысанында бейімдеу жұмыстары аяқталды.