Алға ауданы Сарықобда ауылдық округіне қарасты Болгарка елді мекеніне газ құбыры жүргізіліп, 500 тұрғыны бар ауыл көмір жағу мен күл шығарудың азабынан құтылды. Болгаркаға көршілес жатқан Сарықобда елді мекенінің тұрғындары да біраз күнде көгілдір отынның қызуын сезінетін болады.
«Ақтөбе – Шұбарқұдық» тас жолының бойында орналасқан Болгарка ауылының тұрғындары мал бағып, бау-бақша, бидай, арпа егумен айналысып келеді. Бірер жыл бұрын ауылға орталықтандырылған ауыз су жүргізілді, Интернет байланысы да жақсы. Бір кемшілігі – тұрғындар санының аздығы. Өмір сүруге қолайлы мүмкіндік туса, Болгарка мен Сарықобда елді мекендеріне көшіп келушілер қатары көбейе түседі деген пікірде ауыл ақсақалдары. Дегенмен, жыл сайын 4-5 отбасы Болгаркаға көшіп келіп, үй салып, шаруашылықпен айналысып жатыр.
– Кеңестік кезеңде көмір жаққан ауылдарға газ құбырлары тартылып, жақсы жолдар салынуы – тұрғындардың игілігі үшін жасалынған тәуелсіздіктің жемістері. Өздеріңіз байқап отырғандай, қазіргі кезде барлық ауылдардың ажары кіріп жатыр. Алға ауданында газ бармаған екі-үш ауыл ғана қалды. Рас, ауыл тұрғындары талай қиындықты бастан кешірді. Нарық қысымына шыдай алмай, көптеген жұмыс орындары жабылып қалды. Соған қарамастан, сіздер ауылда тұрып, сабырлылық таныттыңыздар. Шыдадыңыздар. Күттіңіздер. Сіздердің ауылда мал ұстап, кәсіптің көзін тауып отырған еңбектеріңізді түсініп, үміттеріңізді ақтау үшін қызмет ететін боламыз, – деді Болгарка тұрғындарын көгілдір отын қуанышымен құттықтап келген облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Ауыл ақсақалы Амангелді Тырнақов ризашылығын білдірді. Болгарка ауылының тұрғыны Марина Маринова да от жағып, күл шығарудың бейнетінен құтылғанына өте қуанышты.
– 59 жылдан бері ауылда тұрып келеміз. Осы жерде өсіп-өрбідік. Бұрын отынға малдың тезегін жинап, қыста көмір жағатынбыз. Көмір сатып алуға жыл сайын 150 мың теңге жұмсайтынбыз. Енді отынға деген шығынымыз азаяды, өйткені ай сайын газ үшін төлейтін ақы көмірдің құнынан арзанға түседі, – дейді ол.
Сарықобда ауылының тұрғындары да құбыр тарту жұмыстарын аяқтап, ауылішілік газ желілерін орнатып жатқан мердігерлерді асықтырып отыр. Осылайша биылғы жылдың соңында Болгарка мен Сарықобданы қосқанда, Алға ауданындағы барлық елді мекендердің көгілдір отынмен қамтылуы 97 пайызға жетті.
Ақтөбе облысы,
Алға ауданы