Ауыр атлетикадан онлайн-форматта өтіп жатқан Қазақстан чемпионатына тағы бірнеше салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды, - деп хабарлайды Egemen.kz
Әйелдер арасында 45 кило салмақта талдықорғандық Әлфия Гарифуллина озса, 49 кило салмақта жамбылдық Айнұр Әбдіхалықоваға тең келер ешкім табылмады. 55 кило салмақ дәрежесінде Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Алина Колиушко алтыннан алқа тағынды.
Ал 59 кило салмақта Зүлфия Чиншанло алдына жан салмады. Әлемнің үш дүркін чемпионы айтулы жарыста 212 (91+121) килолық зілтемірді тік көтерді. Ол күміс медальді иеленген Махаббат Серікболқызынан бақандай 44 кило артық салмақты еңсерді. Бұл спортшылардың екеуі де Алматы облысынан. Қызылордалық Аяжан Нұржан қола медальді иеленді.
Ерлер сайысында 61 кило салмақта Алексей Дроздов дара шықты. Талдықорғандық тастүлектің көрсеткіші – 269 (122+147) кило. Екінші және үшінші орындарды Александр Шпехт (Солтүстік Қазақстан) пен Азамат Төлеген (Қызылорда) еншіледі.