Түз тағысы бүркітті қолға түсіріп, оны өзіне құлақкесті бағындырып, онымен де қоймай алпыс екі айлалы түлкіні алдырып, саятшылық құратын ғаламда халық аз. Көк аспан тағысын қолға үйрету оңай емес. Оның амал-айласын білетін әлемде қазақтан басқа халық кемде-кем.
Құсбегілер бүркітті «қолбала» және «түз бүркіт» деп екіге айырып атайды. «Қолбала» деп балапан кезінде ұядан алып, қолға үйреткен құсты айтады. «Түз тағысы» немесе «түз бүркіт» деп, есейіп ұшып жүрген жерінен қолға түсірген құсты айтады.
Түз бүркітті бағындыру оңайға түспейді. Көк аспанда еркін самғап үйренген түз тағысы қолға түсіп қор болғанда намыстан құсаланып өліп те кетеді. Өлмегеннің өзінде ашу шақырып, бағынбай отырып алады. Ондайда асау бүркітті бағындыру үшін құсбегілер «Ырғаққа отырғызу» тәсілін қолданады.
Оны ауызекі тілде бүркітті ырғаққа отырғызу деп атайды. Ол үшін арасы 2-3 метр болатын екі қазықша немесе діңгек орнатылады. Қазықша-діңгектердің арасына арқан тартып, жіптің тура бел ортасына ағаштан немесе қайыстан бүркіт отыратындай тербеліп тұратын балдақ жасайды. Қолға үйретілетін бүркіттің басына томаға кигізіліп, осы балдаққа отырғызады.
Құсбегі бүркіт отырған балдаққа немесе көлденең тартылған арқанға қосымша жіп байлап, оны қозғап ырғайды. Ырғақ кезінде құлап қалмас үшін бүркіт балдақ ағашты қыса түседі. Қыса-қыса тегеуіріні шаршап, әбден қалжырайды. Одан кейін адамдар бірінен соң бірі кезектесіп ырғақты үзбей, тіпті екі-үш күнге дейін созады.
Ұйқысы қашып, қатты шаршаған бүркіт миы шайқалып құсады, ақырында есінен танып құлайды. Сол сәтте иесі, яғни құсбегі оны өзінің шапанына орап қояды.
Ораулы шапанның ішінде есін жиған түз тағысы сол сәттен бастап өзінің бұрынғы еркін өмірін толық есінен шығарып, ұмытады. Яғни «миын» құсып тастайды. Анадан жаңа туғандай күй кешеді. Бойына шапанның иісі сіңіп, бұдан былай сол иістің иесіне мәңгілікке бағынышты күйге түседі.
Міне, бұл қазақтардың түз тағысын бағындыру үшін ойлап тапқан көптеген әдістерінің бірі.