Азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосу мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын Азаматтық форумының тоғызыншы отырысы болып жатыр. Биылғы жиын әлемдегі ахуалға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылды. Министрлер, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдері бес күн бойы бүгіннің өзекті мәселелерін талқыламақ.
«Қоғам және мемлекет: #Birgemiz әріптестік пен дамудың 30 жылы» деп аталған тоғызыншы отырыстың ашылу салтанатына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қатысып, еліміздегі азаматтық қоғамның дамуы мен үкіметтік емес ұйымдардың маңызы туралы айтты.
Алғашқы күннің жұмысы аймақтық форумдарға шолудан басталды. Одан кейін үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен «Ресурстық орталықтар – азаматтық бастамаларды тарту орталықтары» тақырыбында подкаст жүргізілді.
Аида Балаева және Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева «Азаматтық қоғам. Мәселелер мен алдыңғы көрініс» атты сараптама алаңында үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу-талқылау өткізді. Пікірталас барысында қатысушылар спикерлермен ашық әңгімелесіп, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.
Бұған қоса ұйымдастырушылар Азаматтық форум аясында министрлік басшыларының үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен 12 салалық онлайн-кездесу өткізу жоспарланғанын айтты.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров қоғамдық ұйым басшыларымен кездесулерін өткізді. Олар өздері басқарып отырған министрліктер азаматтық қоғамның дамуына қандай үлес қосып жатқанын баяндады. Біржан Нұрымбетов үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу кезінде әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы туралы айтты. Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өндірісі министрі Бағдат Мусин ұялы байланыс операторларын интернет жылдамдығының төменгі шегін белгілеуге міндеттеу көзделіп отырғанын хабарлады. «Біз байланыс сапасының төменгі шегін міндетті түрде реттейтін боламыз. Әрине, ұялы байланыс операторлары бұған наразы. Бірақ кез келген жағдайда біз халықаралық тәжірибені зерттейміз және «сапаның төменгі шегі» ұғымын енгіземіз. Себебі бүгінгі таңда, мысалы оператор 10 мегабит ұсынса, ол қаншадан екенін айтпайды. Сондықтан біз міндетті түрде сапаның төменгі шегін бекітеміз. Егер төменгі шекке сай болмаса, айыппұл салынады», деді министр.
Алдағы уақытта форум барысында қоғамдық ұйымдардың басшыларымен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Әділет министрі Марат Бекетаев, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов кездеседі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, кездесулерді өткізудің мақсаты – орталық мемлекеттік органдар басшыларының үкіметтік емес сектор өкілдерімен ашық диалог орнату.
– Форум аясында ҮЕҰ-мен кездесулер өткізу мемлекеттік органдар қызметінің транспаренттілігін және мемлекет іске асыратын бағдарламалар мен бастамалар туралы жұртшылықтың хабарын арттыруға ықпал етеді. ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл мемлекеттік органдарға жедел әрекет етуге және халықтың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді, – дейді Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметов.
Одан кейін жастар ұйымдарының өкілдері мен белсенді жастар миллениалдардың қоғамды қалай өзгертетінін талқылады. Олар «Миллениалдар ұрпағы қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуын қалай өзгерте алады?», «Қоғамда қандай әлеуметтік-мәдени проблемалар бар?», «Қандай мүмкіндіктер ашылады және қандай кедергілерден өту керек?» сынды сұрақтарға жауап іздеп, пікір білдірді. Пікірталасқа президенттік кадрлық резерв мүшелері шақыртылды.
Президенттік кадрлық резерв мүшесі Зульфия Сүлейменова миллениалдардың ұрпағы шетелде оқып, әлемдегі жаңа трендтерді меңгеріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ендігі міндет – осы білімді еліміздің игілігіне пайдалану.
Бүгінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті директорының орынбасары болып қызмет ететін Зульфия Сүлейменова «Біз бәріміз ерекшеміз. Әртүрлі нәрсеге сенеміз, әртүрлі нәрсені көреміз, әртүрлі қабылдаймыз. Меніңше, біздің буын, яғни миллениал ұрпағы, жаһанданудың алғашқы буыны болып саналамыз. Бүгінге дейін жинаған біліміміз бен тәжірибемізді азаматтық қоғамға арнау керек», деп атап өтті.
Британдық Кеңестің Қазақстандағы білім беру және әлеуметтік бағдарламаларының жетекшісі Данияр Мұқитановтың пікірінше, барлық қазақстандық үшін отбасылық дәстүр мен құндылықтар маңызды. Бұл халықты біріктіруші фактор болуы керек.
Кездесулер барысында мемлекет пен азаматтық қоғамның денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету саласындағы өзара іс-қимыл, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі тиісті ұсынымдар мен бірлескен іс-әрекеттер жоспарларын әзірлеу, Әлеуметтік қамсыздандыру кодексін дайындау жөніндегі тәсілдерді қарау және басқа да мәселелерді талқылау жоспарлануда.
Министрлермен кездесу үшін республикалық және өңірлік ҮЕҰ, сараптамалық қоғамдастықтардың, «Адалдық алаңы» жобалық офистерінің өкілдері, арнайы мониторингтік топтар шақырылуда.
Форумның бірінші күні қатысушылар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық қоғам» сараптама алаңында форум қатысушылары парақорлықпен күресудің тиімді әдістерін және қоғамда осы әлеуметтік зұлымдыққа төзбеушілікті қалыптастыру тәсілдерін талқылады. Сондай-ақ «Қоғамдық кеңестердің тиімділігін арттыру тәжірибесі мен практикасы», «Пікір көшбасшыларының аудитория алдындағы азаматтық жауапкершілігі» тақырыптарында пікірталастар өтті.