Шығыс Қазақстан облысында шектеу шаралары қолға алынғанымен, санитарлық-эпидемиялық жағдай әлі де ушығып тұр. Осыған байланысты COVID-19 профилактикасы мен емдеудің тиімділігін арттыру үшін барлық қолжетімді ресурстар іске қосылып жатыр.
Өскемен, Риддер және Шемонаиха ауданының инфекциялық стационарларында 19 қарашадан бастап жұмыс тобының құрамына «Семей мемлекеттік университетінің» балалар инфекциялық аурулар кафедрасының меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Имдат Эфендиев пен анестезиология, реаниматология және наркология кафедрасының ассистенті Дәулет Төкенов араласты. Олар пациенттердің жағдайына талдау жасауды қолға алған. Сонымен қатар 19 қарашадан бастап мобильді бригадалардың құрамына, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі орталыққа аталған оқу орынның 30 дәрігер-интерні тартылды.
Коронавирус инфекциясымен күрес Денсаулық сақтау басқармасы мен ШҚО тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандарымен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Бұған дейін бұл жұмысқа Өскемен филиалының 10 қызметкері мен студенттері тартылған еді.
Сондай-ақ университеттің бес кафедрасы COVID-19 індетін жұқтырған науқастар арасындағы өлім жағдайына талдау жүргізді. Талдау жұмыстары Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының денсаулық сақтау басқармаларымен тығыз байланыста атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта инфекцияны анықтау мен алдын алу бағытындағы жұмыстарға жоғары оқу орындарының 144 қызметкері мен студенттері, профессор-оқытушылар, интернатура студенттері, резиденттер, магистранттар мен докторанттар жұмылдырылған.
Дендеп тұрған дертті ауыздықтау үшін дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының тұрақтандыру қоры да құрылған. Емдеудің тиімділігі үшін коронавирус инфекциясының жеңіл және орташа ауырлығы бар 6 200 науқасты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету есебінен «фавипиравир» препараты сатып алынды. Препарат 12 қарашадан бастап пациенттердің келісімімен облыстың ауруханаларында қолданысқа енген.
Шығыс Қазақстан облысы