• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қараша, 2020

Жастар жылу сыйлап жүр

322 рет
көрсетілді

2020 жыл Волонтер жылы болып жариялаған соң Тарбағатай ауданында 17 волонтерлік топ құрылған. Олар әсіресе төтенше жағдай кезінде қайырымдылық акцияларына үлкен үлестерін қосты. Ұйымшыл аудан жастарының жыл көлемінде атқарған істері ұшан-теңіз.

«Жақсылық етсең жасыр, жақсылық көрсең асыр» деуші еді атам қазақ. Үн­де­местен үлкен іс тыдырып жүрген жастардың игі шаруаларын айтпай қа­лу­ға болмас. Әсіресе биыл, аты жаман індет елді үрейлендірген тұста тар­ба­ғатайлықтардың ұйымшылдығына көпшілік қызыға қараған. Дендеген дертке төтеп беруі үшін бәрі бір атаның баласындай ортақ қазанға қаржы жинап, ауданның ауруханаларына өкпені жасанды желдету аппараттарынан бастап ұсақ-түйек керек-жарақтарына дейін алып бере қойған. Ұйымшылдық деген сол емес пе?!

Сондай-ақ волонтерлер Екпін, Құмкөл және Ақсуат ауылдарындағы жалғызбасты аналардың баспаналы болуына көмектескен. Жаңаауылда жас­тар демеушілігімен ауылдың бір көше­сі­не жарық тартылды. Енді бұл ауыл­­­да «Жастар үйіне» жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдық округ әкімдігінің балансына берілмек.

Аудандағы «Барқытбел жастары» қоғамдық бірлестігі биыл ауылдық жерлердегі үкіметтік емес ұйым әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған грант­тық жобаға қатысып, 500 мың теңге грантқа ие болған. Олар ұтып алған қаржы­ға жастарға арналған «Коворкинг» орталығын ашуды қолға алған. Сонымен қатар ұйым жастары мүмкіндігі шектеулі жан­дарға, қарттарға, жалғызбасты ана­лардың үйлеріне әр сенбі сайын жәрдем­десіп, қайырымдылық акциясын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.

Төтенше жағдай кезінде «Барқытбел жастары» волонтерлер тобы аудан тұр­ғын­дарының қауіпсіздігі үшін ақпарат материалдары мен тегін маскалар таратты. Санитарлық бекеттерде тұрған қыз­мет­керлерге тамақ апарып беріп жүр­ді. Қайырымды жастар төтенше жағ­дай кезінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттарды да азық-түлікпен қам­та­ма­сыз етіп отырды.

Тұрғындарға пайдалы ақпарат тарату мақсатында әлеуметтік желіде «Жастар орталығы» атты парақша ашылып, азаматтар мазалаған сұрақтарына жауапты сол жерден тапқан.

Аудандағы белсенді жастар арасын­да волонтерлік жұмыстардан бөлек мемлекеттік Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағ­дар­ламасы арқылы бизнес ашуды көзде­ген­дер де бар.  «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 20 жас грант алуға үміткер және 13 жас «Бастау» жобасына қатысқан. Алдағы уақытта 150 жасты кәсіптік маман­дық игеруге оқыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, BIRGEMIZ жобасы аясындағы гранттық жобаға 3 жоба ұсынылды. Соның бірі «Біргеміз Асыл мұра» жобасы аясында Назерке Қызырова грант ұтып алып, тарихи-мәдени орындарға волонтерлерді тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жазғы маусымда жоба аясында волонтерлер Елеке сазы жайлауына экскурсияға барып, туған жер тарихымен танысып қайтты. Жобаның негізгі көздегені, Тарбағатай шекаралық аймаққа жататындықтан жас­тарды ауданға тартып, аудан халқының санын арттыру.

– Жас маман тың идеяларымен ауданға келіп жатса, кадр тапшылығы болмас еді. Аудан­ның әлеуметтік-экономикалық ахуалы жоғарлайды. Жалпы жастардың аудан­да да өсіп-өркендеуіне жағдай жасал­ған, – дейді жоба жетекшісі Назерке Қызы­рова.

Тарбағатай таланттардың жері. Жуық арада жас өнертапқыштарды қолдау мақсатында Tarbagatai inventor атты жас өнертапқыштар көрмесін өткізу жоспарланып отыр.

 

Шығыс Қазақста облысы,

Тарбағатай ауданы