29 Қараша, 2013

Өңірлік қауіпсіздік парламентшілер назарында

336 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласына ресми сапарлары басталды. Олар мұнда ҰҚШҰ ПАА, ТМД ПАА кеңестерінің отырыстарына қатысты.

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласына ресми сапарлары басталды. Олар мұнда ҰҚШҰ ПАА, ТМД ПАА кеңестерінің отырыстарына қатысты.

Қазақстан Парламенті пала­та­ларының төрағалары алдымен Пискарев мемориалды зиратына барып, «Отан-Ана» ес­керткішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, Ле­нин­град қаласын азат етуде қаза тауып, осында жерленген жер­лестеріміздің рухына бас иді.

Қазақстандықтардың Ле­нинград қаласын неміс-фа­шис­терінен құтқарудағы ерлік­тері ересен екенін білеміз. Соның ішінде Жамбылдың «Ле­нин­градтық өренім» атты өлеңінің орны ерекше. Сол өлеңнің құдіретінен күш алған мыңдаған ленинградтықтың арасында көзі тірілері әлі де бар. Осы қаланы алу жолында Синявино биігінде денесімен пулемет амбразурасын жауып, ерлікпен қаза тапқан қазақ ұланы Сұлтан Баймағанбетовтің ерлігін де ленинградтықтар ұмытпай, Қазақстан елшілігінің қолдауымен 2001 жылы ескерт­кіш орнатқан.

Соғысқа Ленинградтан аттанып, ерлікпен қаза тауып, Кеңес Одағының Батыры атанған Әлия Молдағұлованың есімін де ленинградтықтар құрмет тұта­ды, оның есімімен бір көшесін атаған.

Пискарев зиратынан кейін Қа­зақ­стан Парламенті пала­та­­ла­­рының басшылары Тав­рия сарайына бет алып, осын­да болған Ұжымдық қауіп­сіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) Парламентаралық Ассам­блея­сының алтыншы пле­нарлық отырысына қатысты. Оған Қазақ­стан жағынан Сенат Төр­аға­сы Қ.Тоқаев, Мәжіліс Төраға­сы Н.Нығматулин, деле­гация мү­ше­лері А.Бижанов, К.Бұрханов және т.б. қатысты.

Осы орайда ҰҚШҰ Пар­ла­мент­аралық Ассамблеясы (ПАА) туралы да айта кете­йік. 1999 жылы ТМД-ның Пар­ла­ментаралық Ассам­блея­сының (ПАА) Кеңесі аталған ұйымға қатысушы елдердің пар­ламенттік делегациялары ТМД ПАА шеңберінде сол келісімді іске асырудың құқықтық мәсе­ле­лерін де қарайтын болсын деп шешім қабылдаған еді. Ал оның (ТМД ПАА) ҰҚШҰ-ның парламенттік құрылымы мәр­те­бесін алуы 2000 жылы Біш­кекте болған ҰҚШҰ Кеңесінің кезекті сессиясында бекітілді. Сөйтіп, ТМД ПАА-ға ұжымдық шартқа қатысушы елдердің де заңнамаларын үйлесімді ету үшін моделді заңдарды әзірлеу әрі ұсыныстар жасау міндеті жүктелді. Содан бері бұл ұйым ПАА Кеңесінің мүшелері және Тұрақты комиссиялар шеңберлерінде тұрақты түрде отырыстар өткізіп, алға қойылған міндеттерді атқарып келеді.

2012 жылдың 17 мамырында ҰҚШҰ ПАА Кеңесінің ұсынысы бойынша ұйымның төрағасы болып Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мем­лекеттік Думасының Төрағасы Сергей Нарышкин сайланды. Кешегі отырысты С.Нарышкин ашып, жүргізіп отырды. Ал­дымен ол ұсынылған күн тәр­ті­бін бекітуді ұсынды. Ол бекі­тілген соң біршама ұйымдық мәселелер шешілді, содан кейін ұйымның бүгінгі күнгі атқарып жатқан жұмыстары туралы ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжа баяндама жасады.

Ұйымның жауапкершілігі аумағындағы әскери-саяси жағ­дай бүгінгі күні күрделі әрі болжалсыз күйде қалып отыр, деп бастады ол өзінің сөзін. Ай­мақ­тағы жағдайдың тұрақ­ты­лы­ғына Ауғанстаннан 2014 жылы НАТО әскерлерінің әкетілетіні кері әсер етуі ықти­мал. Осындағы террорлық топ­тардың, әсіредіншіл күштердің белсенділігі жағдайдың ушыға түсуіне әкеліп соқтыруы күті­леді. Сөйтіп, өңір тұрақсыз­дық­тың ошағына айналуы әбден мүмкін. ҰҚШҰ елдерінің аума­ғына есірткінің де көптеп енгі­зілуі осы жайттарды күрде­лендіруде. Ауғанстанға сіңіп алған халықаралық экстре­мистік топтар ҰҚШҰ елдерінің аумағына өздерінің ықпалын жүр­гізуге тырысуда. Қазір осын­дай топтардың кейбір мемле­кеттердегі заңды жолмен сайланған биліктерді төңкеріп тастап, өкімет басына әскери режімді орнатуды көздейтін ұйымдасқан әрекеттерінің жос­парлары белгілі болып отыр, дей келіп, шешен бірнеше елдерде іске асқан сондай мысалдарды атап өтті.

Сонымен қатар, ол табиғи-техногендік сипаттағы қауіп­тер­дің де сақталып отырғанын айтты. Осындай қауіптердің алдын алу үшін ҰҚШҰ елдерінің бірлескен іс-шарасы қажет екенін жеткізе келіп, Н.Бордюжа ұйымның бүгінгі таңда іске асырып жатқан әрекеттеріне тоқталды. Соның ішінде сыртқы істер министрлерінің екіжақты және көпжақты пішіндегі кездесулерінің бірнеше рет өткендігі аталды. Қауіптердің алдын алу мақсатында аймақ­тық және әлемдік халық­ара­лық ұйымдармен де тығыз ынтымақтастық орнап келе жат­қаны жеткізілді. Ортақ қауіп­ке қарсы ұжымдық әске­ри күштің әрекетін дайындау істері де жүзеге асырылды. Жыл бойы ұзын саны 6 әскери дайындық жаттығулары өткізілді. Бұл жаттығулар Беларусь, Ресей, Қырғызстан және Қазақстан аумақтарында ұйымдастырылды, деді ол. Сөзінің соңында Н.Бордюжа ҰҚШҰ ПАА алдына қойылатын мәселелердің жазбаша түрде берілгенін айта келіп, төтенше жағдайлар туа қалса бірлескен түрде әрекет ететін әскери күшті жетілдірудің заңнамалық базасын жасаудың қажеттілігін атады.

Осы және басқа да баяндамалар бойынша ҰҚШҰ ПАА жұ­мысының қаулы жобасы­ талқыланды. Онда Армения өкі­лі қаулыға ҰҚШҰ ПАА-ның құқықтық мәртебесін анық­тайтын жеке келісімге қол қою­ды ұсынды. Алайда, бұл ұсы­нысқа Қазақстан Парла­менті Сенатының Төрағасы Қа­сым-Жомарт Тоқаев қарсы­лық білдіріп, бұл мәселе қо­сымша толық әрі терең зерт­теуді қажет ететіндіктен, қа­зір қаулыға бірден қосуға бол­май­тын­дығын айтты. Мен бұл мәсе­леге келесі отырыстары­мызда арнайы тоқталып, тал­қылауды ұсынамын, деді ол. С.Нарышкин бұл ұсынысты қол­дап, редакциялық комиссияның қаулыға енгізуін тапсырды.

Осыдан кейінгі мәселелер журналистердің қатысуынсыз жабық есік жағдайында талқы­ланды. Онда басқа баяндамалармен бірге, ҰҚШҰ ПАА ұлттық заңнамалардың жақындасуы мен үйлесуі мәселелері жөніндегі бағдарламасының орындалуы және ПАА-ның халықаралық коммерциялық мәмілелер жасау кезінде шетелдік лауазымды тұлғаларды парамен сатып алуға қарсы тұру мәселелері жөніндегі ұсыныстар жобасы бойынша екі баяндаманы қазақстандық сенатор, ҰҚШҰ ПАА-ның Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұ­рақты комиссиясының төрағасы Ақан Бижанов жасады.

Түстен кейін Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Мемлекеттік Ду­масының Төрағасы Сергей На­рышкинмен, одан кейін Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі­нің Төрайымы Валентина Мат­виенкомен, Әзербайжанның Милли Меджлисінің Төрағасы Огтай Асадовпен кездесіп, екіжақты және көпжақты халықаралық өзекті мәселелер бой­ынша келіссөздер жүр­гізді. Мәжіліс Төрағасы Н.Нығ­матулин де өзінің ресей­лік, қырғызстандық және әзер­байжандық әріптестерімен кездесіп, екіжақты келіссөздер өткізді. Ал жергілікті уақыт бо­­йынша кешкі 18.00-де ТМД ПАА Кеңесінің отырысы бас­талды.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан» – Санкт-Петербургтен.