• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Қараша, 2020

Форум аясында өзекті мәселелер қозғалды

149 рет
көрсетілді

Мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға ұйытқы ретінде танылған IX Азаматтық форум аясында бірқатар талқылау алаңы ұйымдастырылып, министрлер мен белсенділер сұхбаттасты.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орын­басары Қайрат Жұмағұлов «Ком­мер­циялық емес ұйымдарға салық салу» тақырыбында сөз сөйледі. Кездесу барысында коммерциялық емес ұйым­дарға салық салудың тәртібі мен та­лаптары тұрғысында айтылды.

«Коммерциялық емес ұйымдар қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып, корпоративтік табыс салы­ғы салын­байтын бірқатар кіріс қарас­ты­рылған. Мұндай босатылған кіріс­терге кіру және мүшелік жарналар, ақы­сыз алынған кез келген мүлік, соның ішінде гранттар, демеуші­лік неме­се қа­йы­рымдылық көмек түрінде, сондай-ақ бірқатар басқа кіріс­тер кіреді.

Коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген санаттары әлеуметтік сала­да жұмыс істейтін ұйымдарға беріл­ген жеңілдік ережелерін қол­дана алады. Егер әлеуметтік саладағы қызметтен алынған кірістер жылдық жиынтық кірістің кемінде 90 пайызын құраса, онда салық төлеушілер кор­поративті табыс салығын есептелген мөлшерде толығымен кеміте алады. Салық салудың бұл тәртібі медициналық қызмет, білім беру, ғылым, мәдениет және басқа да осыған ұқсас әлеуметтік бағыттағы салаларға  қолданылады. Автоном­ды білім беру ұйымдары да кейбір ерекшеліктерімен корпоративті табыс салығынан босатылды», деп атап өтті Қ.Жұмағұлов.

Министрліктің ақпаратына қара­ғанда, былтыр КТС декларация­ларын 21 748 коммерциялық емес ұйым ұсынса, олардың жалпы кірісі 516,6 млрд теңгені құрады. Салық салынатын табыс 36,1 млрд теңге мөлшерінде айқындалып, 9,1 млрд теңге мөлшерінде КТС төлеуден босатылған.

Одан әрі Әйелдерге қатысты зор­лық-зомбылықты жою күре­сінің халықаралық күніне орай­лас­тырылған «Азаматтық қоғам зорлық-зомбылыққа қарсы» тақырыбында диалог өтті.

Іс-шараға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Э.Әзімова, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты И.Смир­­нова, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссияның төрағасы Л.Ра­мазанова, Ақпарат және қоғам­дық даму вице-министрі А.Оралов, құқық қорғаушылар, ҮЕҰ басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, мектептердің белсенді оқушылары қатысты.

«Отбасы – қоғамның негізі. Бү­гін­гі кездесу әйелдер мен балалар­ға қатысты зорлық-зомбылық мәсе­лелерін шешу бойынша дұрыс тәсіл­дерді әзірлеу үшін ерекше маңыз­ды», деді Қазақстан Азамат­тық альянсының президенті Б.Нұр­ғазиева ашылу салтанатында.

Іс-шараның модераторы Л.Рама­занова ресми статистикаға сүйеніп, биыл 9 айда қылмыстық құқық­бұзушылықтар саны 2019 жыл­дың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда 34,4%-ға азайғанын, алайда отбасылық-тұрмыстық құқықбұзу­шылықтар саны 2,5 есеге өскенін атап өтті.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бас­қар­масының бастығы А.Оспанов атап өткендей, «Ең көп зорлық-зом­былық мас күйде жасалады, ал агрес­сорлардың 80%-ы жұмыссыз. Зардап шеккендердің 45 пайызы әйелдер, 30 пайызы кәмелетке толмағандар. Биыл тұрмыстық құқықбұзушылықтың өсуі көбіне пандемия жағдайында халықтың оқшаулануына байланысты болды. Жыл басынан бері дағдарыс орталықтарына 9 мыңға жуық жәбір­ленуші әйел жүгінген».

Диалог алаңының қорытындысы бойынша қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды күшейту, ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру жөнін­дегі шараларды іске асыру туралы ұсыныстар берді.