• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 26 Қараша, 2020

Бақбақ тістеген тарих

524 рет
көрсетілді

Иә, «мұрағат», «архив» деген сөз аталса болды жұрттың көбі тек өңі әбден сарғайған, жұлым-жұлымы шыққан хат-қағаз, құжат-деректі бірден еске түсіретіні анық. Ал жазылмаған, жазылса да ұшты-күйлі жоғалған, бәлки бай бір заманда күлге айналған тарихыңды қайтерсің?!

Біздіңше болғанда, өткеніңнің тамырын басып, бүгініңнің бе­тіне тура қарай алудың тағы бір даңғыл жолы жатыр. Тап ал­дыңызда. Ол – әкелер айтқан әңгіме болса керек. Бәлкім, сіз­дің әкеңіз айтқан әңгіме баяғы жетінші атаңыз айтқан бір жақ­сы лепестің үзігі болмасына кім кепіл. Егер оның да мүм­кін­дігі бар екенін кеңіп бір есепке алсаңыз, онда сіздің мұра­ға­ты­ңыз, әсірелей айтқанда тірі ар­хивіңіз сол әкелер емес пе? Тіпті, бүгінгі бүтін елдің салиқалы сая­­сатына, бас шұлғыр баянды бағ­дарына айналып отырған ру­хани жаңғыруыңыз да бұдан бө­тен кете қоймаса керек-ті.

Хош. Сонымен әкелеріміз айтатын әңгімені де қал-қадірімізше қажетіңізге ұсынбақпыз.

 * * *

Бала күнімде әкемнің әрбір ертегісі мен ауыздың суын ағызардай аңырайтып қойып айтатын аңыз-әңгімелеріне тойған емеспін. Неге екенін білсемші, мұндай әңгімелер айтар алдында ол кісі «балалар, мен қазір сендерге қауашақ айтып берейін, мықтап түйіп алыңдар» деп байыптап бір қарап алатын да ұзақ әңгіме бастайтын.

Сондай әңгіменің бірі – бақ­бақ туралы еді. Әсте, жаңсақ ес­тімедіңіз. Кәдімгі бақбақ (сүт­тіген) туралы айтып отырмыз. Қазақ оны жеміс (дәнек) бере­тін кезіндегі ұлпасына қарап «тоз­ғанақ» деп те атаған. Күнге ұқ­саған түріне қарап та бөлекше бағалаған. Көз алдыңызға көп естеліктер келген болар.

Дәл осы жерде сіздің ойы­ңызға бақбақ тістеп өскен бала күніңіз орала кетері анық. Мүм­кін, ертеректе де осы шөппен ой­намаған қазақтың баласы кем де кем болған шығар.

Неге кем болмасын, оның адам денсаулығына тигізер пайдасы мол болып тұрса. Сонда қалай дейсіз ғой, бұрынғылардың ескі есебіне жүгінсеңіз, бақбақ сорып өскен баланың денсаулығы қуатты болады екен. Сосын да баласын қайткенде де осы шөпке үйір қылудың амалын іздеген. Ал қазақтың ден қойған дүниесінен дегенін алатынын кім жоққа шы­ғарсын. Тапқан ғой жолын сөйтіп. Оны әңгімесінде үнемі көнеден тін тартып айтатын әке­міз айтады тағы.

Ол кісінің айтуынша, «бақа, бақа бақ-бақ, басың неден жал­пақ?» деп бұл шөптің басын тіс­теп айтатын қысқа жырдың да ай­тылуы тегін емес көрінеді. Яғ­ни бала сол жырды айтып жүріп бақбақ сабағын (түтікшесі – автор.) аузына салып үрлейді. Одан кейде кісі қызығарлықтай өзгеше дыбыс та шығып жатады. Сонымен бірге шөп түтікшесінің басы тіліне келе белгілі бір пішін­ге келе бастайды.

Әрине, бұл жерде оның нен­дей кескін сызып, балаға қан­дай ермек болатынын ежіктей түсіндіргеннен гөрі пайдасы туралы айтқанымыз оң болар.

Ең қызығы, бұл шөптің құра­мында бүгінгі медицинада кеңінен қолданылып жүрген гликозид молынан кездеседі екен. Сосын да витаминдерге бай өсімдік асқазан, өт, бүйрек, көз... тіпті ісікке дейін ем болатыны дәлелденген. Бұдан бөлек оның пайдасы шаш-етектен деп айтсақ та еш әбестік бола қоймас. Бұл жайлы интернет иіріміне бір сүңгіп шыққан кез келген оқыр­ман өзі-ақ бағамдар деп ойлаймыз.

Көрдіңіз бе, қазақтың дана­лы­ғын. Ауыруға емдігін білу бар да оны күнделікті өмірде қол­дану тағы бар ғой. Бақсаңыз, бақбақ­пен ойнаған бала көп ауырмайтын болып тұр.

Былайша айтқанда, жаз бойы бақбақ тістей жүріп өскен бала да бір, қанаты дамыл таппай бал тасып қыс қамына кіріскен ара да бір сияқты. Екеуінікі де қыстың қамын жазда ойлаған әлпеттей.

Біреуі – ауырмас үшін істеп жүргенін білмей, тістелеп ойнай жүріп «бал» жиса, ал келесісі – әлбетте, тіршілігі үшін тырбанып табады.

Табадыны айтпақшы, әкемнің әңгімесіне тұздық етіп бір оқи­ғаны кірістіре кеткенді жөн көріп отырмын. Бала күнімде ауылда көрші тәтелердің бірі омырау безі қабынып қатты ауырғаны бар. Мұның соңы қиынға соғуы мүмкін екенін білген күйеуі жарын жетектеп бармаған емханасы қалмаса керек. Ақыры тауы шағылып жүрген күндердің бі­рінде ауылға жолаушылап келген бір ақсақалдан бұл ауыруға бақбақтың ем екенін естиді.

Сенесіз бе, «аман қалуы қи­ын» деген сол тәтеміз әлі шап­қылап жүр. Баяғы ауылда. Әлде, сол жолаушы қарияңыздың өзі де тегін адам емес пе еді, кім білген ол тұста. Ең бастысы, бір Ана бір түп шөптің қасиетінен аман қа­лып отырмай ма?!

Ол-ол ма, күн пішінді бұл шөптің пайдасы бұнымен бітсе кәне.Әкемнің жеткізуінше, бая­ғыда қазақтар уақытты күнге қа­рап бағамдаумен қатар, бақбақ­қа да сүйеніп мөлшерлей алыпты. Сол арқылы ол шығатын уақытта еш мезетте жаңылып көрмеген деседі.

Мәселен, бақбақтың өзіне тән қасиеті бойынша таңғы алты оның ояну сәті секілді. Яғни ол тұрақты түрде алтыда гүл аша­ды да түстен кейінгі сағат үш­тің кезінде гүлін жабады. Міне, мұндай қасиеттер оны өзге гүл­дерден де ерекшелеп тұрса керек. Құдайдың құдіреті демей көр...

Айтпақшы, менің ауылымның аты да – Бақбақты. Тіпті, кейде осы бір ұзына-ұзақ айтылатын әңгімелер менің ғана ауылымның «архивтегі» құпия жазбасындай сезілетінін қайтесіз. Сосын да көпке көп пайдасы тиердей ақтарып отырған бетіміз осы.

Жоқ! Бұндай мысалдар – қазақтың архивінде жатыр. Біздің мақсат та сол, сол мол да бай қа­зы­наны әл-әзірімізше сізге әзір­леп ұсынып отыру деп біліңіз.