Онлайн форматта Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл съездің бұрынғылардан өзгерек және алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді іске асыру үшін маңызы зор екенін айтты. Расымен, пандемия кезінде ұйымдастырылып отырған осы жиын егемен еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуы тұрғысынан ерекше мәнге ие.
Съезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Президентіміз атап өткендей, бұл – жан-жақты пысықталған, барлық талап-тілектер ескерілген нақты құжат. Онда алдағы уақытта іске асыратын негізгі басымдықтар айқын көрсетілген.
Олар: әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыру үшін тең мүмкіндік беру, интеллектуалды ұлт қалыптастыру, өңірлердің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету, халық үніне құлақ асатын, есеп беретін мемлекет және азаматтардың жауапкершілігін арттыру.
Президентіміз айтқандай, бағдарлама елдің әлеуметтік ілгерілеуіне және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға арналған нақты шаралар кешенін ұсынады. Оларды іске асыру үшін 21 триллион теңге бөлінетін болды. Бұл қаражат мемлекет тарапынан халықтың барлық тобына бірдей қолдау көрсетуге жұмсалады.
Алдағы уақытта аталған басымдықтарды жүзеге асыру жолында бәріміз жұдырықтай жұмылып, ортақ мақсатқа бірге қол жеткізейік!
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Парламент Сенатының Төрағасы