Азаматтық қоғам тұрғынамасын жүзеге асыруда ел өңірлерінде құрылған үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) жыл сайын өсе түсуде. Мұндағы басты ұстаным азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстарды тереңдетуге және өзара үнқатысулар мен серіктестістікті дамытуға негізделген. Осы орайда Орал өңірінде әлеуметтік,экономикалық және қоғамдық міндеттерді жүзеге асыруда ҮЕҰның қосып отырған үлесі сүбелі деуге болады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Олардың саны соңғы он жылдың ішінде төрт есе көбейген. Әйтсе де азаматтық қоғам қызметінің басты көрсеткіші санның көптігімен емес, керісінше нақты жұмыс сапасын көтере білуімен және ел-жұртты толғандырып жүрген көкейкесті мәселелерді шешу кезіндегі сындарлы іс-қимылымен ерекшеленітін ескерсек бұл тұрғыда да оң мысалдар аз емес.
Талас жоқ мұндай жағдайда ҮЕҰ мемлекеттің қолдауына арқа сүйейтіні табиғи жәйт. Бұл тұрғыда Ақжайық аймағында жергілікті атқарушы органдар тарапынан азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаларды қаржыландыруға жан-жақты көңіл бөлінуде. Қазіргі кезде бұл бағытта бөлінген қаражат мөлшері 1 миллиард 300 миллион теңгені құрайды. Мұның өзі оның көлемі соңғы сегіз жылда он есеге жуық өскенін көрсетеді.
Осылайша Орал өңірінде соңғы жылдар бедерінде азаматтық қоғамға жүктелген сан-алуан мәселелерді жедел әрі кәсіби тұрғыда шеше білуге қабылетті ҮЕҰ қалыптасты десек шындықтан ауытқи қоймаспыз. Оның қатарында отбасы құндылықтарын сақтау мен дәріптеу, аймақтағы урбанизация үрдісін ретту. Өңірдегі экологиялық проблемалардың шешімін іздестіру және мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету секілді сан-алуан жобалар бар.
Бұған қоса азаматтық қоғам институтының өкілдері тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын бақылау мен оны бұдан әрі жақсарту жөніндегі мәселелерге де жедел үн қосып отыр. Осы орайда облыста құрылған арнайы мониторингтік топтың рөлі жоғары дей аламыз. Оның құрамына бірқатар ҮЕҰ-ның жетекшілері, қоғам жанашырлары мен белгілі блогерлер және маслихат депутаттары енгізілген. Осы шеңбердегі бақылау арналарына абаттандыру үдерістері, жол құрылысы, әлеуметтік нысандар шоғыры мен өзге де инфрақұрылымдық жүйелер кіреді. Аталған іс-шаралар кешені бойынша «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен бірқатар қоғамдық кеңестер ілкімді іс-қимыл тантып жүр. Оның мүшелерінің үштен екісін ҮЕҰ мен БАҚ және мемлекеттік ұйымдардың өкілдері құрайды.
Біз осы материалды газет өндірісіне әзірлеу кезінде Батыс Қазақстан облысындағы азаматтық альянстың президенті Светлана Тенишеваға жолығып атқарылып жүрген істерінің жәй-күйі жөнінде айтып беруін өтінген едік. Бүгінгі күні өңірдің азаматтық секторы көкейкесті мәселелердің шешімін табуға қабылетті азаматтық бірлестіктердің берік жүйесін құрайды. Мемлекеттік қуатты болуы – мықты азаматтық қоғамның қалыптасуына да байланысты екені анық. Осы орайда үкіметте азаматтық бақылау жөніндегі заң жобасын қабылдауға қатысты жүйелі жұмыстар қолға алынғаны азаматтық институттың іргетасын кеңейте түсуге үлкен септігін тигізеді деген ойдамыз. Соңғы уақытта белсенді азаматтардың әлеуетін қоғамды одан әрі дамытуға тарту ісінің көкжиегі кеңейіп келеді. Альянс қызметінің басты арнасы да осындай асқақ мұраттарға негізделген. Бұл ретте республикалық Азаматтық альянс құрамына кірген өңірдегі қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері белсенді іс-қимыл танытып жүр деді ол.
Міне, осылайша Орал өңірінде ҮЕҰ белсенділігі жыл сайын артып келеді.