• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Қараша, 2020

ҚызПУ студенті әлем Кубогының жүлдегері атанды

152 рет
көрсетілді

Аталмыш білім ордасының абыройы жаһандық жарыста асқақтады! Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Педагогика және психология жоғары мектебінің студенті Гүлнұр Ыбырай ауыр атлетикадан әлем Кубогының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды оқу орнының баспасөз қызметі.

Перудің Лима қаласында Перу ауыр атлетика федерациясының ұйымдастыруымен өткен байрақты бәсекеге 61 мемлекеттен 400 спортшы қатысты. Ал Қазақстан атынан аталған жарыста бақтары мен баптарын сынауға 7 атлет жолдама алып, мүмкіндіктерін бағамдап көрді.

Сайыс барысында Гүлнұр Ыбырай 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жалпы саны 197 ұпай жинады.

Жарыс финалында қазақстандық зілтемірші Мексика, Колумбия спортшыларымен кездесіп, өзара мықтыны анықтады. Десе де ұпай санымен қарсыластарына жол беріп, үшінші орынға ие болды.

– Ауыр атлетика – менің өмірімде маңызды рөл атқарады. Бұл спорт түрі маған мол білім мен тәжірибе жинауыма мүмкіндік берді. Менің ойымша, ауыр атлетиканың өзге сайыс түрлерінен ерекшеліктері жетіп артылады. Соның бірі – көрермендердің алдында әлемдік рекордтар мен тарихтар жасалып жатады. Бұл әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді Гүлнұр Ыбырай.

Қыздар университетінің «Ұстаз» спорт клубының басшысы Сәдуақас Шыңғысбаевтың айтуынша, оқу орнында «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алатын бойжеткеннің келешегінен күтер үміт мол.