Кеше Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) отырысы өтіп, онда 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының партиялық тізімін тіркеу, сондай-ақ 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша сайлау науқаны кезеңінде өтініштерді қарау барысы және сайлау заңнамасын түсіндіру тәртібі туралы мәселелер қаралды.
Отырысты ашқан ОСК төрағасы Берік Имашев Ортсайлаукомның Парламент Мәжілісі және мәслихаттардың партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттарын сайлауға Қазақстанда тіркелген барлық 6 саяси партияның жіберілгенін еске салды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Асылбек Смағұлов баяндама жасады. Ол 2020 жылғы 19 қарашада ОСК-ға «Ауыл» партиясы Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну туралы құжаттарды ұсынғанын хабарлады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның 89-бабына сәйкес бір саяси партиядан тізімге енгізілген адамдардың саны саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санынан отыз пайызға аспайтын бір ғана тізімді тіркеуге жол беріледі. Партиялық тізімде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс. «Ауыл» партиясының партиялық тізімінде 19 адам бар. 4 әйел және жиырма тоғыз жасқа толмаған 2 адам енгізілген, бұл тізімге енгізілгендердің жалпы санының 31,5 пайызын құрайды. Партиялық тізімге енгізілген барлық адамдар Конституцияның және «Сайлау туралы» Конституциялық Заңның талаптарына сәйкес келеді. Осыған байланысты ОСК мүшелері «2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы» қаулы қабылдады.
Отырыстың екінші мәселесі бойынша ОСК мүшесі Ерлан Дауылбаев баяндама жасады. Ол 21 қазаннан бастап бүгінге дейін ОСК-ға 34 өтініш келіп түскенін хабарлады, оның ішінде: 5 – жеке тұлғалардан, 29 – заңды тұлғалардан, оның ішінде 13-і – БАҚ-тан. Келіп түскен мәселелердің сипаты бойынша өтініштер былайша бөлінді: 50% (17) – «Сайлау туралы» Заңның нормаларын түсіндіру туралы; 17% (6) – сайлау процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша ақпарат беру туралы; 12% (4) – сайлау заңнамасын және ОСК қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар; 21% (7) – өзге де мәселелер бойынша.
Көрсетілген кезең ішінде келіп түскен 34 өтініштің ішінен: ОСК аппараты тарапынан 22-сіне белгіленген мерзімде өтініш берушілерге толық жауап берілді; төртеуі Орталық сайлау комиссиясының құзыретіне кірмейтіндіктен, заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдарға қайта жолданды; бір қайта жасалған өтініш қараусыз қалдырылды; БАҚ-тың 2 ақпараттық хабарламасы ОСК сайтында орналастырылды; 5 өтініш қаралуда. Орындалмаған өтініштер жоқ. Өтініштерде жиі көтерілетін мәселелердің ауқымына сайлау заңнамасын жетілдіру туралы ұсыныстар еніп отыр.
Мәселен, ОСК атына қоғамдық ұйымнан петиция келіп түскен. Онда «Сайлау туралы» Конституциялық заңды жетілдіру мәселелері көтерілген. Е.Дауылбаев Орталық сайлау комиссиясы заң шығару бастамасы құқығының субъектісі болып табылмайтынын атап өтті. Осыған байланысты «Сайлау туралы» Заңға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарды ОСК аппараты осыған уәкілетті органдарға жібереді. Сондай-ақ Ерлан Дауылбаев бұқаралық ақпарат құралдарының жүгіну тәртібін жеке түсіндірді.
Осылайша, «БАҚ туралы» Заңға сәйкес БАҚ-тың, оның ішінде жазбаша және (немесе) электрондық құжат түріндегі берілген ресми хабарларды түсіндіру жөніндегі сұрау салулары бас редактордың (редактордың), уәкілетті адамның немесе аккредиттелген журналистің қолымен жіберіледі және (немесе) электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылады. Егер жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, оның ішінде БАҚ сұраулары электрондық түрде жасалса, онда олар электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылуға тиіс.
Сайлау процесіне қатысушылардың кең ауқымын хабардар етуді қамтамасыз ету, сондай-ақ өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ОСК отырыстарды онлайн-трансляциялау практикасын енгізді.
Бүгінгі таңда алты отырыс өткізіліп, онда тиісті қаулылар алқалы түрде қабылданды. ОСК отырыстарының тақырыбы сайлау процесінің нақты кезеңдерімен сәйкестендіріле отырып, Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларында белгіленіп отыр. ОСК қаулыларымен бекітілген күнтізбелік жоспарлар ашық қолжетімділікте орналастырылған. Сонымен қатар брифингтерде әрбір отырыс аяқталғаннан кейін ОСК мүшелері БАҚ сұрақтарына жауап бере отырып, тиісті тақырып және қабылданған қаулылар бойынша түсініктеме береді.
Сайлау процесіне қатысушылардың құқық нормаларын дұрыс және біркелкі түсінуі мен қолдануы мақсатында Е.Дауылбаев ОСК-ның және басқа да органдардың сайлау науқаны кезіндегі заңнаманы түсіндіру жөніндегі өкілеттіктеріне қатысты құқықтық нормаларға тоқталды. Конституцияның 72-бабына сәйкес, Конституциялық Кеңес Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме беретін жалғыз орган болып табылады. Нормативтік құқықтық актілерді түсіндіру тәртібі «Құқықтық актілер туралы» Заңмен регламенттелген. Бұл заң түсіндірудің екі нысанын қарастырады: ресми және бейресми. Мәселен, Үкіметтің нормативтік құқықтық актілеріне ресми түсіндірме беруді Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асырады. Сайлау заңнамасын түсіндіруге келетін болсақ, оның «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның нормаларымен де, «Құқықтық актілер туралы» Заңның ережелерімен де реттелетінін ескеру қажет.
Сұрау салулардың авторлары Орталық сайлау комиссиясынан түсініктеме алу үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның 12-бабының 5) тармақшасында бекітілген Орталық сайлау комиссиясының заңнаманы түсіндіруді ұйымдастыру жөніндегі функциясына сілтеме жасауды басшылыққа алады. Осы Заңда белгіленген функцияны іске асыруға сүйене отырып, ОСК мыналарға құқылы: «Сайлау туралы» заңнамаға өз бетінше түсініктеме беруге; өз бетінше қандай да бір түсіндірулер жасамай, «Сайлау туралы» заңнаманы түсіндіруді ұйымдастыруға; сайлау заңнамасының жекелеген ережелерін өзге заңдар тұрғысынан түсіндіру үшін басқа мемлекеттік органдарға жүгінуге құқығы бар. Осы үш аспектіні ескере отырып, мынадай қорытынды жасауға болады: ОСК сайлау заңнамасын түсіндірудің бойынша жалғыз және түпкілікті субъекті емес, керісінше «үйлестіруші» немесе «ұйымдастырушы» рөлін атқарады. ОСК-ның сайлау заңнамасын түсіндіру шеңберінде «Құқықтық актілер туралы» Заң ОСК-ға өзінің нормативтік құқықтық қаулыларын ғана ресми түсіндіру жөнінде өкілеттіктер береді.
Ұйымдастырушы рөлінде бола отырып, ОСК өзінің нормативтік-құқықтық қаулылары бойынша ресми түсіндірме беру үшін уәкілетті мемлекеттік органдардың ұстанымын алдын ала сұратуға құқылы. Бұл ретте, ОСК заңдардың, соның ішінде «Сайлау туралы» Конституциялық заңның нормаларына ресми түсіндірме беруге құқылы емес. ОСК аппараты өз құзыреті шегінде сайлауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге тек нақты субъектілерге немесе нақты жағдайға қатысты бейресми түсініктеме бере алады.
Азаматтардың алдағы сайлауды әзірлеу мен өткізу туралы толық және дұрыс ақпарат алу құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Орталық сайлау комиссиясының аппараты бейресми түсіндіру құралдары ретінде ақпараттық-түсіндіру материалдар кешенін (бейне, аудиороликтер, плакаттар, әдістемелік және басқа да материалдар) әзірледі.
Қазіргі уақытта БАҚ арқылы ақпараттық материалдар кеңінен жарияланып келеді, яғни: республикалық 6 телеарнаның эфирінде арнайы әзірленген бейнероликтер 951 рет жарыққа шықты; 5 республикалық радиостанцияда аудиороликтер 813 рет шығарылды, сондай-ақ осы материалдар өңірлік теле және радио арналарда ротация арқылы кеңінен көрсетіліп келеді; «Топ-7» рейтингке кіретін 5 республикалық интернет-ресурстардың беттерінде тәулік бойы режімі бойынша Интернет-баннерлер орналастырылып, олардың интернеттегі көрсетілім саны 18 млн-ды құрап отыр; жалпы таралымы 925 мың дананы құрайтын 6 республикалық газетте 12 модуль шығарылды.
Өз құзыреті шегінде бейресми түсіндіруді «Құқықтық актілер туралы» Заңның 60-бабына сәйкес мемлекеттік саясат жүргізетін, белгілі бір салада реттеуді және басқаруды жүзеге асыратын немесе құзыретіне тиісті мәселелерді шешу жатқызылған мемлекеттік органдар бере алады.
«Сайлау туралы» Заңның, «Құқықтық актілер туралы» Заңның және өзге де салалық заңдардың құқық қолданылуы мен орындалуы өз құзыреті мен өкілеттігі бойынша бейресми түсіндірудің мынадай субъектілерін бөліп көрсетеді: Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның ҚСжАЕК партиялық тізімдерге енгізілген кандидаттардың заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру мәселелерін түсіндіруге қатысады; Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс органдары мүдделі тұлғалар оларға жүгінген кезде салық заңнамасын, оның ішінде кандидаттардың кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсыну туралы нормаларды қолдану бөлігінде түсіндіреді; Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі сайлау науқаны кезіндегі БАҚ қызметінің мәселелерін, оның ішінде сайлау алдындағы үгіт мәселелерін, сондай-ақ саяси партиялардың қызметі саласындағы мәселелерді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен бірлесіп түсіндіреді; Ішкі істер министрлігі сайлаушылардың тізімдерін қалыптастыру кезінде жергілікті атқарушы органдар пайдаланатын ЖТМДБ (жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқор базасы) қалыптастыру жөніндегі уәкілетті орган ретінде және ішкі көші-қон мәселелерін реттейтін және сайлау учаскелерінде қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ететін орган ретінде көрсетілген мәселелерді түсіндіруге қатысады; Қорғаныс, сыртқы істер, ішкі істер министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті сайлау учаскелері, құрылған әскер бөлімдері, демалыс үйлері, санаторийлер, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелері, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторлары, сондай-ақ Қазақстанның шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанындағы сайлаушылар тізімдерін қалыптастыру мәселелері бойынша түсіндіруге қатысады; жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімін қалыптастыру және учаскелік сайлау комиссияларына ұсыну, сондай-ақ үгіттік баспа материалдарын орналастыру орындарын анықтау мәселелерін түсіндіреді.
Е.Дауылбаев өз баяндамасында ОСК-ның ерекше конституциялық мәртебесі бар – алқалы орган болып табылатынын және әрбір шешім комиссия отырысында оның мүшелері санының көпшілік даусымен қабылданатынын атап өтті. Комиссияның жеке мүшесінің пікірі бүкіл комиссияның пікірі болып есептелмейді.
Сөз соңында Е.Дауылбаев Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқаны барысында келіп түскен өтініштерді қарау барысы туралы жұртшылықты хабардар ету тәжірибесін жалғастыратынын атап өтті.
Отырыстың екінші мәселесінің қорытындысы бойынша ОСК-ның қаулысы қабылданды.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының хабары
2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 89-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 2020 жылғы 26 қарашада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігінің 19 адамды қамтитын партиялық тізімін мынадай құрамда тіркеді:
1.
Айтуғанов
Қайрат Қапарұлы
1962 ж.т., «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» ҰАҚ Басқарма төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады
2.
Әліпбеков
Зейін Амангелдіұлы
1973 ж.т., «Хабар» «Агенттігі» АҚ авторы-жүргізушісі, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады
3.
Аралбекова
Қарлығаш Әмірқызы
1977 ж.т., Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Индустрия және туризм комитеті басқармасының басшысы, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады
4.
Арсютин
Николай Геннадьевич
1970 ж.т., «Проминвест Алматы» ЖШС филиалының директоры, Екібастұз қаласында тұрады
5.
Бегалы
Нұржігіт Мамырұлы
1967 ж.т., «Злиха» шаруа қожалығының басшысы, Жамбыл облысында тұрады
6.
Зейнуллин
Талғат Маратұлы
1962 ж.т., «Астана» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі» ӨК басқармасының төрағасы, Ақмола облысында тұрады
7.
Кәпұлы
Дәулеткерей
1977 ж.т., Қазақстан Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады
8.
Қыстауов
Болатбек Дүйсенбекұлы
1973 ж.т., Шымкент қаласы аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы, Шымкент қаласында тұрады
9.
Қуатов
Дәурен Қасенұлы
1973 ж.т., «Қазақ әдебиеті» республикалық әдеби газетінің бас редакторы, Алматы қаласында тұрады
10.
Көкеева
Әйгерім Асқатқызы
1989 ж.т., «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» ҰАҚ тәрбие жұмысы жөніндегі департаментінің директоры, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады
11.
Машырықов
Кенжеғали Сағидоллаұлы
1971 ж.т., Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының бастығы, Ақтау қаласында тұрады
12.
Мұхаметов
Алмас Ерекұлы
1992 ж.т., Қазақ ұлттық зерттеу университетінің оқытушысы, Алматы қаласында тұрады
13.
Рақымбеков
Төлеутай Сатайұлы
1964 ж.т., «Ауыл» ХДПП ҚБ төрағасының бірінші орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады
14.
Саттаров
Айдар Ғалымбекұлы
1992 ж.т., «Ауыл» ХДПП ҚБ бухгалтері, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады
15.
Сатыбалдин
Әзімхан Әбілқайырұлы
1959 ж.т., Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Экономика институтының директоры, Алматы қаласында тұрады
16.
Тәсібеков
Қанат Ғалымұлы
1959 ж.т., жазушы, Алматы қаласында тұрады
17.
Тоқсейітова
Рабиға Әлібекқызы
1962 ж.т., «Aitas KZ» АҚ вице-президенті, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады
18.
Төлеген Бахаргүл
1969 ж.т., «Әдемі-Ай plus» ЖШС директоры, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады
19.
Хаданович
Валентин Васильевич
1960 ж.т., «Азимут» ЖШС директоры, Қостанай қаласында тұрады