• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Қараша, 2020

Күш-жігерді жұмыспен қамтуға жұмылдырмақ

208 рет
көрсетілді

Кеше Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов елор­да­дағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Өңір­дің әлеуметтік-экономикалық дамуы тура­лы қысқа ғана баяндаған әкім уақытының көп бөлігін журналистердің сұ­рақ­та­рына жауап беруге арнады. Біз соның негізгілеріне көңіл аудар­дық.

Осы аптада әлеуметтік же­лі­­лерде Павлодар қала­сын­да­ғы жолаушылар тасымалына қатысты шу бұрқ ете қал­ды. Белгілі болғандай, шаһар­да­ғы автопарктердің бірінің жүргізушілері мен кондуктор­ла­ры жұмысқа шықпай қойған. Сөйтіп, наразылық танытқан. Ал олардың мұндай қадамға баруына жолаушылар ақысының толық төленбеуі түрткі болған. Яғни тасымалдаушылар шы­ғын­ға бата жүріп жұмыс істеу­ден шаршаған.

Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, бұл проблеманы жүйелі шешпесе болмайды. Ал орын алған оқиға ойдағыдай реттелген көрінеді.

– Тасымалдаушылар үш ба­ғыт бойынша жұмысқа шық­па­­ған. Олармен қала әкімі кез­дес­ті. Іле жүргізушілер мен кондук­торлардың 90 пайызы жұ­мыстарына оралды. Панде­ми­яғ­а байланысты жолаушылар ағыны қысқаруда. Оның үстіне Павлодарда халықтың 17 санаты тегін тасымалданады. Мәселені сараланған тариф енгізу арқылы ғана шешуге болады. Ал сараланған тариф электронды билет жүйесі енгізілгеннен кейін ғана іске қосылады. Жаңашылдықты е­н­гізу 2021 жылға жоспар­лан­ған. Электрондық билет жүйесі қанша жолаушы тасымалданатынын, оның қандай бөлігі жеңілдікпен жүретінін анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ әділ әрі нарықтық қатынастар құру үшін жолаушылардың қай бөлігінің жолақысы бюджеттен өтелуі тиіс екенін ай­қын көрсететін болады. Бұл бағдарлама әлі іске қосылу сатысында. Қыс ішінде кешегідей келеңсіздіктер қайталанбас үшін тиісті шараларды қабылдаймыз, – деді әкім.

Павлодар облысы үшін ең өзекті мәселенің бірі – экология. Өңір басшысы қоршаған ортаға жайылатын шығарындыларды азайтып, аймақты көгалдандыру бойынша шаралар топтамасы әзірленгенін жеткізді.

– Павлодар облысында эко­логия мәселесін шешу төрт негізгі бағыттан тұра­ды. Атап айтқанда, өнер­кә­сіп кәсіпорындарының шыға­рын­дыларын шектеу, тұрмыс­тық қатты қалдықтарды бас­қару, көгалдандыру және эко­ло­гиялық қоғам өкіл­де­рі­мен өзара іс-қимылды күшей­ту бағдарламалары бар. Өңірде эко­логиялық кеңес жұмыс істейді. Соны­мен қатар ERG то­бына қарай­тын ірі кәсі­порын­дарда шығарын­ды­ларды азайту бойынша он жылдық бағдарлама іске асырылуда. Олар ескірген фильтрлерді заманауи гибридтермен жаңартуда. Павлодар алюминий зауытында алғашқы екі фильтр орнатылды. Соның нәтижесінде жылдық шығарындылар көлемі 2,4 тоннаға азаяды. Келер жылдан бастап Павлодар қаласында жыл сайын биіктігі 1,5-2 метр­ден асатын 20 мың ағаш отыр­ғызу жоспарланды. Бұл бағ­дар­лама Екібастұз және Ақсу қа­ла­ларында да қолға алынады, – деді Әбілқайыр Сқақов.

Өңір коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші бойынша «қызыл аймақта» тұр. Науқастардың көбеюіне шетелден келген адамдар әсер еткен. Өйткені облыс Ресейдің коронавирус жайлаған үш аймағымен шектеседі. Қазан айының басынан бері аталған бағыттағы ше­каралық бекеттер арқылы өңірге 33 768 адам өткен. Қараша айын­­да енгізілген қосымша шектеулер Ресейден келетін адамдар легін, тиісінше коронавирустың тасымалдану фактілерін едәуір азайтқан.

– Қазір коронавирусты жұқ­тыру фактілері облыс ішін­де көбейіп тұр. Олардың негізгі бөлігі – науқастармен тіке­лей байланысқа түскен адам­­дар. Өңірдегі ахуал шие­ленісіп тұрғанымен, денсау­лық сақтау жүйесінің мате­риал­дық-техникалық және кадр­лық базасын нығайтудың нәти­жесінде жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік бар. Ауру­ха­налардағы жалпы төсек қоры мен жансақтау бөлім­деріндегі орындар көбей­тіл­ді, стационарлар барынша жабдықталды. Оттегі нүк­те­лерінің санын алты есе ұл­ғайт­тық. Дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті. 600 адамнан тұратын медициналық қызметкерлер резерві бар. Осы жылы жедел жәрдем стансасының автопаркі 100 пайыз жанартылады. Соның нәтижесінде жедел жәрдемнің келу уақыты 7 минутқа дейін қысқарды. Мұндай жағдай станса тарихында алғаш рет орын алып отыр, – деді әкім.

Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, өңір тұрғындарының жағдайын арттыруға «Жұ­мыс­пен қамту жол картасы» мен өзге де мемлекеттік бағ­дар­ламалар оң ықпал етуде. Биыл 1 мың шақырым жол күрделі жөндеуден өткен. Оның бестен бір бөлігі – бұрын-соңды асфальт төселмеген жолдар. Со­нымен қатар 205 мың ауыл тұрғыны таза ауыз сумен қам­тыл­­мақ. Осы жылы жалпы көлемі 346 мың шаршы метр баспана тапсырылады. Оның ішінде жалға берілетін пәтерлер саны былтырғыдан тоғыз есе көп болмақ.

– Соңғы 10 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық ах­уал тұрақты. Өндірістің да­му қар­қы­ны – 100,4 пайыз. Өнді­ріл­ген өнімнің жалпы құны 1,6 трлн теңгені құрады. Кен байыту саласында мыс концентратының өн­дірісі ерекше қарқын көрсет­ті. Электр энергиясын өн­діру 1,8 пайызға артты. Машина жасау саласының даму қар­қы­­ны жаман емес. Мәселен, «Проммашкомплект» компаниясы өткен жылмен салыс­тырғанда темір жол дөңге­лек­тер­ін 4,4 есе көп шығарды. Со­нымен қатар ферросилиций және металл өндірісі де алдыңғы қатарда. Біздің өңірде өндірістік кластердің болашағы зор. Мә­се­лен, осы күні алюминийден автомобиль дөңгелектері шы­ғарылып келсе, жылдың соңында радиаторлар өндірісі басталады. Мыс кластерінің де даму әлеуеті жоғары. Бір ғана «Бозшакөлдің» өзінде жылына 100 мың тоннадан астам металл өндіріледі, – деді облыс әкімі.

Жыл басынан бері Павлодар облысының экономикасына шамамен 368 млрд теңге инвестиция тартылған.

– Жыл соңына дейін 33 мың­нан астам адамды жұ­мыс­пен қамтимыз. Келер жылы 35 мың тұрғынды еңбекке тарту жоспарланып отыр. Күш-жігерді жұмыспен қамтуға жұ­мыл­дыратын боламыз, – деді Әбілқайыр Сқақов.