14-19 желтоқсанда Алатау баурайындағы әсем шаһарда орналасқан "Алматы Арена" спорт кешенінде мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпионатының жалауы желбірейді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Күллі әлемде коронавирус дерті өршіп тұрған қазіргі қиын жағдайда айтулы дода көрерменсіз өтеді және барлық сақтық шаралары сақталады. Жарыс қарсаңында қатысушылар ПЦР тесті тапсыруға тиіс. Бәсекелер спорт шебері деген атақтары бар ересектер (14 жастан асқандар) және спорт шеберлігінен үміткер жастар (10-18 жас аралығындағылар) арасында өтеді. Осы сайыс арқылы келесі жылы халықаралық жарыстарда Қазақстанның туы астында өнер көрсететін өрендер анықталады.
Естеріңізге сала кетейік, былтырғы ел біріншілігінде ерлер арасында Михаил Шайдоров топ жарса, Рахат Бралин мен Диас Жиренбаев жүлдегерлер санатына қосылды. Әйелдер сайысында Айза Мамбекова алтыннан алқа тағынса, Ажар Жұмаханова мен Ясмин Текик күміс және қола медальдарды мойындарына ілді.