Жұқпалы індетке шалдыққандар үшін емдеу мекемелерінің тиімділігі едәуір артты. Облыста 40 инфекциялық стационар дайындалып, толық жабдықталған 6 мыңнан астам төсектік орын ұйымдастырылды.
Биыл ақпаннан бері науқастарға арналған төсектік орын саны 12 есеге, реанимациялық төсектік орын саны 10 есеге артқан. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының мәліметінше, инфекциялық бөлімшелердің барлық пациенті оксигенотерапиямен толық қамтамасыз етілген. Бүгінде ауыр науқастар үшін иммундық плазманың 3 мыңнан астам дозасы дайындалды. Өзгенің өмірін құтқарып қалу үшін плазма тапсыруға ниет білдіріп жатқандар да көп. Әзірленген плазмадан 150 пациентке 309 доза құйылған екен.
Сонымен қатар дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының тұрақтандыру қоры құрылды. Емдеудің тиімділігі үшін коронавирус инфекциясының жеңіл және орташа ауырлығы бар 6 200 науқасты осы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету есебінен фавипиравир препараты сатып алынды. Препарат 12 қарашадан бастап пациенттердің келісімімен облыс ауруханаларында қолданысқа енген. Тәулік бойы және демалыссыз 15 компьютерлік томограф жұмыс істеп тұр. 1 желтоқсаннан бастап қосымша 3 жаңа КТ аппараты пациенттерді диагностикалауды бастайды.
Айта кетерлігі, ауыл тұрғындарын уақтылы медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп тұрған 6 жылжымалы медициналық кешенге тағы 10 жаңа кешен қосылды. Жоспарға сәйкес медициналық жабдықтармен толық жинақталған жедел жәрдем көлігінің паркі 216 автокөлікпен толығуы тиіс. Оның 88-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, қалған 128 көлік 10 желтоқсанға дейін жеткізіледі. Жалпы, өңірдегі жедел жәрдем көліктерінің саны 2,5 есеге көбейді.
Коронавирус жағдайын бақылауда ұстау үшін КВИ ошақтарын оқшаулау орталығы құрылды. Аталған орталық бес цифрлы модульды біріктіріп, медэпидбригадалардың жұмысын үйлестіреді. Мұндай жүйе инфекцияның таралуына қарсы күрес бойынша шұғыл шаралар қабылдауды жеделдетуге, жұқтырған және байланыста болған адамдар туралы ақпараттар алуға, емдеу барысын және карантиндік шектеулердің сақталуын қадағалауға мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстан ПТР зертханалардың саны бойынша жетекші облыстардың қатарында. Пандемия басталғалы ПТР әдісімен 350 мыңнан астам адам тексеруден өтті. COVID-19 вирусын уақтылы диагностикалау үшін жергілікті бюджет есебінен қуаттылығы тәулігіне 7 мың сынамаға дейін жететін қосымша 7 зертхана ашылған.
Жалпы, пандемиямен күрес кезінде өңірдің денсаулық сақтау саласына қажетті жабдықтар сатып алуға және негізгі құралдарды жаңартуға 22 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды.
Шығыс Қазақстан облысы