Шектеу шаралары енгізілгеннен бері Шығыс Қазақстанда Covid-19 індетінің таралуы сәл азайды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, қарашаның екінші жартысында коронавирус Шығыс өңірінде саябырси бастаған.
Оның бірден-бір себебі – жер-жерлерде құрылған мониторингтік топ санитарлық талаптардың сақталуын қатаң қадағалауына алды. Облыстық бас санитарлық дәрігердің қаулысы шыға сала тиісті сала мамандарынан құрылған мониторингтік топтардың жұмысы күшейді. Қоғамдық орындарда үнемі рейд жұмыстарын жүргізіп келеді. Тәртіп қатайғанымен, ереже бұзу фактілері әлі де бар. Мәселен, облыс орталығында бір күнде 80 нысан тексерілді. Нәтижесінде, демалыс күні жұмысын тоқтатпаған «Шанхай» автожуу мекемесінің қожайынына 319 470 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ «Рауан», «Рубин», «Даниил», «Fix Price» дүкендері мен «Азалия» гүл сататын дүңгіршегінде санитарлық нормалардың сақталмағаны анықталды. Айыппұлдың жалпы сомасы – 208 350 теңге.
Аурудың алдын алу үшін аудандарда да қоғамдық орындарға тыңғылықты тексеру жұмыстары атқарылып жатыр. Курчатов қаласында 5 нысанда рейд жүргізіліп, санитарлық ережелерді сақтамаған екеуіне айыппұл салынды.
Жарма ауданында санитарлық нормаларды бұзған екі жағдай тіркеліп, Қалбатау ауылының тұрғыны Р.Капслямоваға және Жаңғызтөбе кентінің тұрғыны Г.Қасымханға 41 670 теңгенің хаттамасы толтырылды.
Ал Алтай ауданында сатып алушыларға медициналық қолғапсыз қызмет көрсеткен «Фасоль» дүкенінің директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Үржар ауданының Мақаншы ауылында дүкеннің сатушысында медициналық маскалар қоры болмағандықтан, 41 670 теңгенің айыппұлын арқалады. Ал Үржар ауылында дүкенге маскасыз келген екі тұрғынға хаттама толтырылды.
Мұндай рейдтік шаралар Катонқарағай, Глубокое аудандарында да жүргізілді. Ол жақтардан да тәртіпке бағынбағандар табылды. Заң алдында бәрі бірдей. Айып біріне тағылып, енді бірі жалтарып кетіп жатқан жоқ. Тексеру жұмыстары әділ жүргізілуі үшін мониторингтік топтардың жұмысын «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері үнемі қадағалап отырады.
– Алғашында санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін халыққа ешкім айыппұл салмады. Тек түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келген. Алайда көпшілік ережеге бағынғысы келмеді. Сол үшін 16 қазаннан айыппұл салына бастады. Шындығында, кейбіреулер коронавирустан емес, айыппұлдан қорқады екен. Қазір тәртіп орнап келеді. Сараптап қарасақ, санитарлық талаптар көбінесе түнде бұзылады. Мысалы, той жасау әлі де тыйылмай тұр, – дейді «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бақытқызы.
Сайып келгенде атқарылып жатқан шаруалардың барлығы халықтың саулығы үшін. Алайда соны түсінбегендер қарапайым ғана ережені сақтаудың орнына мониторингтік топ мүшелеріне қарсыласып, қоқан-лоқы да көрсететін көрінеді. Даулы жағдайдағы хаттама сотқа жолданады. Облыс орталығындағы рейдтік шаралар кезінде бір тұрғынға қатысты материал Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді.
Айта кетсек, Шығыс Қазақстан облысында 128 мониторингтік топ жұмыс істейді. Олардың құрамына полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармаларының мамандары кіреді. Аймақтағы ахуал тұрақталғанша бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.