16 қарашада Қазақстан «Жаһандық ынтымақтастық, ортақ жауапкершілік» дүниежүзілік науқанына ілескен еді. ЮНЭЙДС бастаған бұл бастама Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні қарсаңында өткізіледі. Еліміздегі бұл іс-шара 24 қарашада мәресіне жетті.
Дүниежүзілік науқанның өзектілігі сонда – әлемдегі АИТВ індетінің даму тенденциялары мен көрсеткіштерін көрсетеді. ЮНЭЙДС деректеріне сүйенсек, алдағы 10 жылда АИТВ жұқтыру Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінде белең ала түспек. Дәл осындай үрдіс біздің елімізде де байқалады. Қазақстанда бүгінде АИТВ-мен өмір сүретін 27 мыңнан аса адам бар және олардың барлығы диагноз қойылғаннан кейін бірден тегін ем ала алады. 2020 жылдың 1 қарашасындағы мәліметтерге сәйкес Алматы қаласының ЖИТС орталығында 3 663 адам есепте тұр.
Қазақстанда АИТВ жұқтырғандардың басым бөлігін, нақтырақ айтсақ, 66 пайызын ер-азаматтар құрайды. Сол сияқты жаңадан анықталғандардың да басым бөлігі – 30-39 жас аралығындағылар (39,5%). Соңғы жылдары бұл инфекцияның жыныстық жолмен жұғуы қайтадан белең алып отыр.
Не десек те, қазірге толық емі табылмаған осынау вирустың жыныстық жолмен берілуі тыйылмай тұр. Қабылданған шаралар нәтижесінде АИТВ инфекциясының эпидемиялық үдерісінде тамыр ішілік есірткіні пайдалану кезінде парентеральді жолмен берілуі 2006 жылғы 72%-дан 2019 жылы 33%-ға дейін екі есе төмендегені байқалады.
Ал COVID-19 пандемиясы кезінде бүкіл әлем денсаулықтан басқа да әлеуметтік мәселелерімен бетпе-бет келгенін көрдік. Денсаулық сақтау саласындағы өзге де қордаланған жайттар коронавирус көлеңкесінде қалып қойғаны да жасырын емес. Медицина саласы көптеген жоспарлы оталарды кейінге қалдыруға мәжбүр болғандықтан ауруы асқынған оқиғалар орын алды. Оған қоса отбасындағы әлімжеттікті азайту, гендерлік теңдік, әлеуметтік қорғау және экономикалық өсумен тығыз байланысты екенін көрсетті.
Пандемияға дейін қоғам назарында болған иммун тапшылығы вирусымен өмір сүріп жатқан жандардың өмірі коронавирустан кейін қандай болмақ? Қысқасы, жоғарыдағы науқан аясында елімізде түрлі іс-шаралар өтті. Олардың көпшілігінің форматы – онлайн. АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың (АӨА) Қазақстандық одағының ҮЕҰ қызметкерлері және негізгі топтар қоғамдастықтарының мүшелері әлеуметтік желілерде АӨА-мен ынтымақтастық туралы бейнебаяндар шығарады. Жаһандық қордың ЖИТС-пен, туберкулезбен және безгекпен күрес қызметінің аумағындағы белсенділер науқан ұранымен бетперде таратады. Олимпиада чемпионы, ЮНЭЙДС спорт жөніндегі арнайы уәкілі Бақтияр Артаев АӨА-дың Орта Азиялық қауымдастығының әлеуметтік ролигінде АӨА стигмасы мен кемсітушілігіне қарсылық көрсетуге ұмтылды. Орталық Азиядағы жаһандық денсаулықты зерттеу орталығы науқан күндері интимдік қызмет көрсетушілерді АИТВ-ға өзін өзі тестілеу және жедел тест нәтижесі оң болған жағдайда оларды медициналық көмекке бекіту жөніндегі жаңа жобаны ұсынады.
– Жаһандық ынтымақтастық пен жалпы жауапкершілік бізден денсаулық сақтау саласындағы ортақ жауаптарға, соның ішінде АИТВ-ға қарсы шараларға жаңа көзқарасты талап етеді. АИТВ инфекциясының таралуын тоқтату үшін таптаурын көзқарас пен кемсітушілікті жою қажет, қоғамдық белсенділік пен ынтымақтастық АИТВ-ға шалдыққан адамдарды ақпаратпен, қызметтермен, әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз етудің кепілі болуы тиіс, – дейді ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Бауыржан Байсеркин.
Алматылық дәрігерлер АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты теріс көзқарас пен кемсітушілікке жол бермеуге және ақ халаттағы барлық адамның назарын аударуға бағытталған ЖИТС-пен күресудің нышаны ретіндегі қызыл бауды беру бойынша «Ниеттестік таныт, Алматы» челленджін өткізді. Алда Нұр-Сұлтанда «АИТВ-ның алдын алуға менің қосатын үлесім» атты челлендж жоспарланып отыр. Бұл АИТВ-ның берілу жолдарын білудің және әрбір адам үшін инфекциядан қорғау жөніндегі шаралардың маңыздылығын еске салады. «Мен өмірді таңдаймын!» атты онлайн-суреттер Алматы, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Семей қаласында өтеді. Ақмола облысының журналистері «АИТВ инфекциясы: алдын алу, диагностика және емдеу» атты үздік жарияланым конкурсына, ал Қостанай қаласының аутрич-қызметкерлері өз жұмыстарын дәріптеу бойынша челленджге қатыса алады. Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында студенттерге арналған «Өмір сүру үшін білу!» атты тренингтер мен интеллектуалды ойындар жоспарлануда.
Дүниежүзілік компанияны өткізуде ҚДИАҒО және ЖИТС өңірлік орталықтарының серіктестерінің ішінде – ЮНЭЙДС, ЖИТС-пен, туберкулезбен және безгекпен күреске арналған Жаһандық қор, ДДҰ, АИТВ-ахуалды адамдардың Қазақстандық одағы, АӨА қауымдастығы, Орталық Азиядағы жаһандық денсаулықты зерттеу орталығы, денсаулық сақтау басқармалары және басқалар бар.
Соңғы он жылда АИТВ жұқтырғандардың өлім-жітімі 1,5 есе азайды. АӨА-дың 80%-ы ЖИТС-тен емес, АИТВ инфекцияларымен қосарланған аурулардан қайтыс болады. Соңғы он жылдықта еліміздегі көңіл көншітерлік жағдай – АИТВ инфекциясының анадан балаға берілу деңгейінің төрт есе төмендеуі. АИТВ-мен ауыратын жүкті әйелдердің 98%-ы сау бала таба алады.
АЛМАТЫ