• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Өнер 04 Желтоқсан, 2020

Сахна сардары

392 рет
көрсетілді

Мен онымен танысқанда ол жай ғана Хұсейн Теміров болатын. Аласа тамның ұстынындай ұзын, бет-жүзі жаңа ұстала бастаған тұтқыштай қоңыр, көз жанары жаңа батарея қойған қалта фонарындай нұрға толы, даусы Тереңөзектің күрішшілерінің бригадиріндей зор, еркіне жіберсең қазірдің өзінде арық жаға­сындағы ажырақтай қау етіп қаптап кетуге дайын сақал-мұрты мен жақ жүні тері астынан буырқана тебіндеп келе жатқан жас жігіт еді. Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік факультетін жаңа бітірген жас жігіттің кеудесі арман атаулының кең ұясы екені айтпаса да түсінікті.

Ал актерлік факультетін бітір­ген жас маман нені армандауы мүмкін? Әрине, рөл, сахнада жалт етіп көрініп, көрерменнің назарын өзіне бірден аударатын образ жасау. Ол үшін басты кейіпкердің рөлін ойнауың керек. Оқу орнын жаңа бітірген жас жігітке қай режиссер басты рөлді сеніп тапсыра қойсын. Әуелі эпизодтық рөлдер мен қосалқы кейіпкерлерді ойнап, режиссердің көзіне түсіп, сеніміне, ие болуың керек.

Түрі де, тұрқы да, аты да араб тектес жас актер Хұсейн С.Сей­фул­лин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының табалдырығынан аттады. Білім ордасы театр әлемі­мен алмасты. Бес жыл бойы жады­на сіңірген теориялық білімің мен ше­берлік класында үйренген, үйреткен қабілет-мүмкіндіктеріңді сынға са­ла­тын «сахна» деген сиқырлы әлем­нің есігі ашылды.

Күрішті ауылдың баласы кө­мірлі аймақтың астанасы – Қара­ғанды театрынан бір-ақ шықты. Қа­ра­ғандылықтар оны жатсынған жоқ. Әрине, әуелгіде эпизодтық, сонан соң үшінші, екінші пландағы рөлдерді сеніп тапсыра бастады. Жаңа ортада ақылшы ағалар, мейірбан әпкелер, жаңа достар тап­ты. Бірақ... уақыт өткен сайын еліне деген сағынышы үдей түсті. «Аңсатса Сыр өңірі, ән тербер жү­регіңді... Жайқалған ақ күрішің, жаралған шаттық үшін» деген ән­нің сөзін жиі-жиі еске алатын бол­ды. Осылайша, алаң көңіл боп жүр­ген кезде Қызылорда облыстық мә­де­ниет басқармасы оны қиянда жүр­ген жерінен Н.Бекежанов атын­дағы Қызылорда облыстық драма театрына шақырып алды. Әуелгіде актер, сонан соң режиссер.

Хұсейн Теміровтің шығарма­шылық өмірінің жаңа кезеңі – ре­жиссерлік кезеңі басталды. Құ­рылыс инженері болу үшін инсти­тут­тың теориялық білімі аздық ете­ді. Инженер тас қалаушының, бе­тон құюшының, тіпті сол бетон мен кірпіштің құрамына дейін біліп отыруы қажет. Режиссер да солай. Ол да актер табиғатын, оның ішкі потенциалын, шеберлік шеңберіне қандай рөлдердің бейім екенін, әрбір эпизод, әрбір деталь, әрбір мизансценада актер мүмкіндігі қалай ашылатынын тап басып тануы керек. Образ нанымдылығы мен жалғандығы қай сәтте қалай көрініс тапты, кемшілік болса, оның орын алу себебі неден? Ішкі мүмкіндіктің жетіспеушілігінен бе, әлде немқұрайдылықтан ба, жоқ образ табиғатын терең түсін­бегендіктен бе? Оның әрбір әрекеті мен репликасы спектакльдің тұтас­тай идеясы мен мәнін аша түсуге қалай ықпал етуде? Міне, режиссер осының бәрін көре білуі, тап басып тани білуі керек. «Режиссер болу үшін алдымен актер бола білу керек» деген пікірдің ауық-ауық айтылып қалып жататыны да сондықтан.

Хұсейн алдымен жақсы актер болды. Өзі де актер мектебінің талай өткелдерін «жаяу» кешіп өтті. Спектакль шығару үстінде актерге қойылатын талапты ішінен біледі. Режиссер үшін «олай етпе» деп айту аз, ол «былай ет» деп актерге әрбір реплика мен қимыл-әрекетті көрсетіп жатса да таңғалмаңыз. Әрбір рөлдің мән-мазмұнын алдымен режиссердің өзі бастан-аяқ толығымен түсініп, бүкіл спек­такльдің сахналық нұсқасы оның көз алдында сайрап тұруы қажет. «Режиссер болу үшін ол актер бола білуі керек» деген талап осыдан ­туындайды.

Қызылорда театрында біраз жыл актер, сонан соң режиссер болып «білегін сыбанып» барын салып қызмет еткен Хұ­сейн режиссерлік мамандықтың қыр-сырын меңге­ріп алып кетуге актерлік мектеп­тің бергені аздық ететінін сезіне бас­тады. Актерлік өнер мен режиссер­лік өнердің екеуі екі басқа екенін, актер өзін өз рөлінің жаратушысындай сезінсе, режиссер өзін бү­кіл спектакльдің жаратушысын­дай сезінуі тиіс екенін ұға бас­тады. Әр қойылым сайын осы қажеттілік үдей түсті. 1972 жы­лы Мәскеудің А.В.Луначарский атындағы театр институтының жо­ғары режиссерлік курсына «шүу» деп тартып бергені содан еді. Оқу бітірген соң театрға қайта келіп, жаңа екпінмен, жаңа энергетикамен бел шешіп жұмысқа кірісіп кетті. Сөйтіп, 1974 жылы театрдың бас режиссері болып та­ға­йындалды.

Ол бірден театр репертуарын жаңартуға күш салды. Бір спек­так­льді қойып, екіншісіне дайын­далып, ың-шыңсыз, тыныш жат­қан театр өмірінде дүрбелең бас­талды. Алматыдан белгілі театр сыншыларын шақырып, олар­дың ақыл-кеңестері мен ұсыныс­тарын тыңдау жаңа үрдіске айналды. Б.Құндақбаев, Ә.Сығай, С.Қабдиева, М. Байсеркенов сияқ­ты театр әлемінің білгір маман­дарының театрдың бірнеше спек­таклін көріп, әр спектакльге жо­ғары профессионалдық тұрғыдан пікір айтып, жетістіктері мен кем­­шіліктерін жасқанбай жария ету­­лері театр өміріне ерекше өз­ге­ріс енгізді. Театр өмірі жандан­ды. Ак­терлер шабыттанды. Өз өнер­ле­рінің халыққа ауадай қажет еке­нін ұғынды. Белгілі театр маман­дарының пікірлерінен соң театр ұжымы жаңа қойылымдарға ерекше ықыласпен, ерекше шабытпен кірісе бастады.

Гастрольдер. Фестивальдар. Өз­­гені де көру, өзін де таныту. Мәс­­кеу, Рига, Берлин, Кишинев, Минск. Қызылорда театры жарты әлем­ді шарлап шықты десе де болар­лықтай. Бұлардың бәрінен де театр құралақан қайтқан жоқ, әртүрлі марапатпен оралып жатты.

Шекспир, Шиллер, Гоголь, Че­­­хов, Әуезов, Аймауытов, Май­­лин, Мүсірепов, Ахтанов, Адам­­бе­­­ков, Мұхамеджанов. Қыс­қа­сы, Эсхиль­ден Есенжолға, Со­фокль­ден Софыға дейін талай-талай драматургтер Хұсейннің неме­се шақырылған режиссердің қо­йылымымен сах­на­ға шықты. Олардың бәріне тоқта­лып жату, үнді жазушысы М.Р.Ананд­тың сөзімен айтқанда, «Шырша аға­шының жапырағын санаумен бір­дей». Сондағы естен кетпес жылы лебіз Серке Қожамқұловтың пікірі болыпты. Қызылорда театры Алматыда өткен кезекті бір гастролінде М.Әуезовтің «Түнгі сарын» спектаклін көрсеткен екен. Спектакльді көріп болған соң Серке Қожамқұлов дән риза боп ақтарыла сөйлепті.

«Сен Хұсейн, қазақ театрының қарашаңырағы болған Қызылорда театрын басқарып отырсың. Мұх­тардың пьесасы бойынша қойылған бүгінгі көрген ойында жеке-жеке кейіпкерлердің образын емес, халықтың образын жасапсың. Ке­йіпкердің трагедиясын емес, ха­­- л­ықтың трагедиясын көрсетіпсің. Мұх­тардың пьесасын жаңа қыры­нан, дәл Мұхтардың өзіндей түсініп қойыпсың» деген екен сонда. Қа­зақ театрының корифейі айтқан бұл мадақ Хұсейннің жадында өш­пестей болып сақталып қалыпты.

Режиссер деген ол кезде Мә­де­­ниет министрлігінің басыбай­лы кадры болып саналатын. Қа­зақ театр­ларының қайсысы «ақсаң­қырап» жатыр, қай театрдың ішкі «драмасы» асқынып барады, жақсы режиссер, міне, сонда барады. 1992 жылы күрішті ауыл жігітінің қант қызылшасының «астанасы» – Тал­дықорғаннан бір-ақ шыққан бір себебі содан еді.

Бұл жаққа ол жай ғана Хұсейн Теміров болып келген жоқ, атынан адам қаймығатындай Хұсейн Әмір-Темір Жүсіпұлы болып қаһар­ланып келді. Бикен Римова атын­дағы Алматы облыстық драма теат­рының ұжымы мұндай оқыс өзгеріске әуелгіде оқ­шыра­йың­қы­рап қарағанмен, көп ұзамай-ақ оны ежелгі сырлас-достарындай қабылдап, бір ұжым, бір театр болып, бір отбасына айналып шыға келді. «Әмір-Темір» болып өзгерген аты-жөнінен алғашқыда бейтаныс кейбір актерлер оған үркектей қарап еді, онымен таныса келе, пікірлесе келе, қылышы ағаш, қынабы масаты, яғни қару-жарағы театр тілімен айтқанда бутафория болып шықты. Бірақ тәртібі қатал, талабы қиямет, дауысы зор, тілі майда, көңілінен шықпаса, бір мизансценаны мың мәрте қайталатып, актердің қан-сөлін сорып алатын «қатыгез», тіпті премьерадан соң да спектакльді «өңдей» беретін тынымсыз режиссер болып шықты. Актерлер де бұндай темір тәртіпке үйрене бастады. «Аты-жөнін Әмір-Темір» деп бекер өзгертпепті ғой» деген сахна сыртындағы әзілдің де шығатыны осы кез.

Осы қарқынмен Хұсейн Әмір-Темір Талдықорған театрында он бір жыл қызмет етіпті. Өз теат­рында, басқа театрларда қойған спектакльдерінің жалпы саны 150-ден асыпты. Соның ішінде рес­публикалық фестивальдарда жүл­делі болғандары да аз емес. Қа­рағанды қаласында өткен рес­пуб­ликалық фестивальда ол сах­налаған М.Әуезовтің «Бәйбіше-то­қал» пьесасы бойынша қойылған спек­такль Бас жүлдеге ие болды.

Ол қайда жүрсе де Алматыдан ­арнайы театр мамандарын шақы­рып, қойылымдарын көрсетіп, пі­кірлерін тыңдап, өткенге сараптама жасатып, алдағы бағыттары­на бағдар таңдап алуды дәстүрге ай­налдырып еді. Сондағы шақы­ратындары Әшірбек Сығай, Ма­ман Байсеркенов, Тұңғышбай Жаман­құлов, Есмұқан Обаев, арасында мен де бармын. Үш-төрт күнде 5-6 спектакль көріп, қойылымдар жайлы әсерлерімізді театр ұжымының алдына жайып салатынбыз. Әсіресе Әшірбек айтқан шегедей пікірлер­ге бәрі дән разы болып, көңілдері кө­теріліп қалатын-ды. Қазір ондай дәстүр атымен жоқ.

Әмір-Темір Қарағанды, Талды­қорған театрларын біраз ұшпаққа шығарып тастады десек, еш артығы жоқ. Содан соң ырысты, күрішті еліне қайта оралып, күні бүгінге дейін Н.Бекежанов атындағы об­лыстық театрдың көркемдік жетек­шісі қызметін атқарып келеді. Сек­сеннің сеңгірінде де тұғырынан тай­маған тұлға қайда жүрсе де атақ-абыройдан кенде болған жоқ. Елі де оны осылай алақанына салып келеді. Мерейлі жасың құтты болсын, сахна сардары!

 

Дулат Исабеков,

жазушы