• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 04 Желтоқсан, 2020

Ол кезде Надя отызда еді

174 рет
көрсетілді

Қазақтың өрелі сөзін өзгелерден өткізе дәріптеген дарын – биыл сексеннің сеңгіріне көтерілген Надежда Лушникова апамыз қандай құрметке болса да лайық. Бұл кісі өзге ұлт өкілдерінің ішінде қазақ өнерін қадірлеудің эталонына айналған санаулы сөз саңлағының бірі екенін мұқым қазақ мойындаған.

«Egemennіń» белді жур­налис­терінің бірі Арман Октябрьдің мерейтойлық сұхбаты «Надежда апай, 80 дейтін белестің биі­гіндесіз. Есенқұл ініңіз айтқан­дай, тіршілікте адам шіркін қашқанға да, қуғанға да ілесіп, жақсыны да, жаманды да көреді. Қолыңызға домбыра ұстаған моншақтай күніңізден Алаштың аялы алақанында келесіз. Асқан асу, аттаған белес, жүріп өткен жолыңызға осы биіктен көз тастағанда нені көресіз?» деген сауалымен өрілген екен.

Өнегелі өнер иесі: «Аспан­көңіл қазақтың аппақ ниетін көрем. Зау биікпен астасқан асқар шыңдары бар салқар да­ланы көрем. Алатаудай айбынды, Алакөлдей айдынды халқымды көрем. Алақанына салып, құшағын ашқан, көңілі тау бұлағындай таза ақеділ ағайынды көрем. Қадірі алтын­нан биік қаранар ағаларды, тектілікті тұмар еткен аяулы ана­ларды көрем. Міне, осылар менің өнерім мен өмірімді өрге сүйреді, басымды төрге сүйреді, жығылғанда жаныма жалау болды. Атымды бәйгеден келтіріп, ақыным деп арқамнан қақты. Ақ тілегін аяған жоқ. Алла аузыма сөз салып, басыма бақ қондырса, қандай да бір биікке жеткен болсам, арманы биік адамдардың ақ-тілегінің шарапаты деп білем», деген екен.

Ендеше, әлеуметтік желіден осыдан 50 жыл бұрын түсірілген жаны сұлу ақынның сирек су­ретін тауып, оның сырын оқыр­манмен бөлісіп отырған жайымыз бар.

– Бұл суретті 1970 жылы тү­сіріппін. Өзімде 50 жыл сақ­таған екенмін.

Өмірде қызғаншақ емеспін, бірақ өз фо­тоөнеріме келгенде қызғаншақпын. Ай­тыскер және жазба ақын Надежда Ан­дреевна Лушникова қазақтың ортасында, ауылда туып-өскен, қазақы тәрбиеленген дарынды қыз. Мектепті де, жоғары оқу орнын да қазақша бітірген. Бұл суретті Надя Қызылорда пе­дагогикалық училищесінде оқып жүргенде түсірудің сәті келіпті.

– Алматыдан Әсет Бей­сеуов пен Тұман­бай Молдаға­лиев екеуі келіп, педу­чилище­де оқырмандарымен, сту­денттермен кездесу кеші өтті. Сонда басқа да ақын қыз­дар­мен бірге өлең оқыды. Ин­тернетті қарасам, Надя Қазақ пе­дагогикалық институтын 1969 жылы бітіріпті. Өзі біраз оқып кеткен пед­учи­­лищеде де мұғалім болды деп естігенмін. Ал суретті 1970 жылы түсірдім. Сонда Надя 30 жаста екен, – дейді қызылордалық ардагер фототілші Болат Омарәлиев.

«Сол күні есімде, Тұманбай жаңа өлең­дерін оқыды. Әсет жаңа жазылған «Алты­ным» әнінің осы жерде тұсауын кесіп, тұң­ғыш рет орындап жатқанын айтты. Көп нәрсе есте қалмапты, қайта Тұманбай мен Әсеттің келгенін ұмытпаған екенмін», деп еске алады шығармашылық қоржыны қазынаға толы ба­йырғы фототілші.

 

АЛМАТЫ