Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев волонтерлер күнімен құттықтады. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Бүгін әлем бойынша Халықаралық волонтерлер күні аталып өтуде. Осыған орай еліміздегі барлық волонтерлерді атаулы күнмен құттықтаймын! Көптеген дамыған елдерде волонтерлердің қоғамдағы рөлі ерекше. Соңғы кездері Қазақстанда да бұл үрдістің аясы кеңейіп, қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Оған Мемлекет басшысының 2020 жылды "Волонтер жылы" деп жариялауы да тың серпін бергені анық", деп жазды М.Әшімбаев.
Осы орайда Сенат Төрағасы "Волонтер жылы" аясында көптеген игілікті істер мен нақты жобалар қолға алынғанын атап өтті.
"Жастарымызбен бірге егде жастағы азаматтардың да белсенділігі арта бастады. Әсіресе, пандемиямен күрес кезінде волонтерлердің ел үшін атқарған ерен еңбегін айрықша атап өткен жөн. Бұл – патриотизмнің, қайырымдылықтың және қамқорлықтың жарқын көрінісі.
Жалпы, ерікті болу қазаққа жат дүние емес. Асар сияқты көптеген салт-дәстүріміз осы бастамамен үндес екенін бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан алдағы уақытта Қазақстанда волонтерліктің маңызы артып, елімізде еріктілердің қатары көбейеді деп сенемін", деп жазды ол.