• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Желтоқсан, 2020

Жол ережесін бұзушылар адам өміріне қауіпті

226 рет
көрсетілді

Петропавл қаласының көптеген жүргізушілерінде жол тәртібін сақтау мәдениетінің төмен екенін бұрын да жазған болатынбыз. Патрульдік полиция қаптап жүргенімен жүргізушілер олардан ыға қоймайды. Қырық шақырымдық жылдамдықпен-ақ көп болса жарты сағатта ұзыннан қиып өтуге болатын шағын қалада кем дегенде 80-90 шақырым жылдамдықпен жүргісі келетін есерлер көп. Ондайлар әсіресе басқа қаланың нөмірін таққан машиналарды алдына түсіргісікелмейді. Қайтсе де одан озып кетуге тырысып, жол апатының жағдайларын да туғызып жатады. Баланың намысқойлығы сияқты сондай қылықтарды көргеніңде сананың төмендігін сезесің. Сана төмен болған соң мәдениет те болмайды ғой.  

Полицияның мәліметіне қарағанда жыл басына бері облыста алты мыңға жуық жүргізуші рұқсат етілген жылдамдықтан асырып жүрген.  Ауылдарда ұзақ тұрып қалаға жаңа келгендер, жүргізуші куәлігін ақшаға сатып алғандар шаһардың аумағында  алпыс шақырымдық жылдамдықтан асыруға болмайтынын да білмейтін болса керек.

Жалпы, үстіміздегі жылдың 11 айында облыс жолдарында жол тәртібін

бұзудың 49 847 фактісі тіркелген. Барлық тұрғындарының саны 600 мыңға жетпейтін, оның ішінде 18 бен 70 арасындағы жүргізушілер саны көп болса екі жүз мыңдай болатын облыс үшін бұл өте үлкен сан. Бұған қарағанда әрбір төртінші жүргізуші жол ережесін бұзған деуге болады. Әрбір жол ережесін бұзушылық адам өміріне қауіп төндіретінін жүргізушілер білсе керек еді.

         Осы уақыт аралығында көлікке мас болып отырған 986 жүргізуші ұсталған. Ал 75 жүргізуші қарсы бағытқа шығып кетіп, өрескел бұзушылыққа жол берген.

         Жылдамдықты асыру және маневр жасау қағидаларын сақтамау жол-көлік оқиғаларының жасалуына жиі себеп болады. Жүргізушінің назарын жол қауіпсіздігінен басқа жаққа аударып, қырағылығын төмендететін қылықтардың қатарында рөлде келе жатып телефонмен сөйлесу жиі болып тұрады. Аталмыш уақытта осындай 2352 факті тіркелген. 5089 көлік жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпауға жол берген, мұндай жағдайда ЖКО кезінде зардаптың ауырлығын арттыратыны белгілі. «Қыс кезінде апат тәуекелі арта түседі, бұған көктайғақ, жолды көміп қалатын сырғыма мен қатты боран. Осылардың кесірінен көру аймағы шектеледі. Көктайғақ кезінде ең басты ереже — жылдамдық режімін сақтау және арақашықтықты ұстап отыру. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолағына жақындаған кезде жылдамдықты азайту аса маңызды», - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев.

Қазір осы қызметтің полиция қызметкерлері бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіп, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауға және апатты азайтуға ықпал етуде. Сонымен қатар мұнда полицейлер жүргізушілерге қыста жолға шығар алдында тросс, кілттер жинағы, қосалқы доңғалақ, сорап және басқа да қажетті құрал-жабдықтарды алып жүруге кеңес береді.

Облыстағы ЖКО көбеюіне үлкен себеп болып отырған жайт- жүргізушінің масаң күйінде рөлге отыруы болып табылады. Жыл басынан бері облыста бұрын көлік жүргізу құқынан сот шешімімен айрылған 37 жүргізуші масаң күйінде қайтадан рөлге отырған жерінде ұсталды. Мәселен, Ақжар ауданының бір тұрғыны биылғы ақпан айында көлікке мас болып отырғаны үшін 15 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізушілік куәлігінен айрылған болатын. Куәлігінің жоқ екеніне ол пысқырып та қарамай, осы жылдың шілде айында өз көлігін масаң болып жүргізіп келе жатып, Горьковский селосының түбінде бағанды соғып, тағы ұсталды. Қараша айының аяғында болған сот шешімімен енді ол жүргізушілік құқынан ғана емес бас бостандығынан да бір жылға айрылды.  Осындайларға керегі сол сияқты. Ең қиыны енді бір жыл бойы оның отбасы, бала-шағасы да асыраушысынан айрылып, қиын жағдайда қалды.

Үстіміздегі жылғы 11 қаңтарда заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, көлікті масаң күйінде жүргізетіндерге белгіленген жаза қатаңдатылды. Оған сәйкес мас болып екінші рет ұсталғандар жүргізушілік құқынан өмір бойы айрылады. Алайда көлігі қорасында тұрған кейбір жүргізушілер оған қарамай, көлігінен түспейді. Әсіресе, ауыл жердің тұрғындары сөйтеді. Сондықтан заңнама жүргізу құқынан айрылған адамды көлігін бірден сатуын да міндеттеуі керек еді. Мұндай жаза куәліктен айырғаннан гөрі әлдеқайда әсерлі болар еді...  Алдағы уақытта сондай да жаза шығатын шығар деген үміт бар. Сонда жол апаты да азайып, адам өміріне келетін қауіптер де кемитін еді.