• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Желтоқсан, 2020

Күріш өндірісінде күрмеулі мәселе көп

871 рет
көрсетілді

Биыл Сырдағы күрішшілерді алаңдатқан мәселе көп болды. Пандемияға байланысты шектеулер егіс науқанына кесірін тигізе жаздады. Көктемнің әр күнін жылдық азыққа балаған диқандар бұл тығырықтан шығатын жол тапты. Күріш енді көктеп келе жатқанда су тапшылығы байқалып, талайларды абдыратқаны да рас.

 

Ғылымға  негізделмесе, нәтиже шықпайды

Жергілікті биліктің араласуы­мен бұл мәселе де оңынан шешіліп, биыл облыс диқандары 550 мың тоннадан астам өнім жи­нады. Жалпы, дария арнасының төмен тү­суі онсыз да мәселесі көп күріш шаруа­шы­лы­ғының келешегіне қатты әсер ететін түрі бар.

Әлемде жыл сайын 750 млн тон­надай күріш жиналады. Оның 80 пайыздан астамы индика деп аталатын түрі. Сұранысқа ие сұ­рып та осы.

Ал елімізде негізінен японика түршесіне жататын сұрыптар егіледі. Қызылордадағы Ыбырай Жа­қаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының селекционер ға­лымдары индика түріне жататын ұзын дәнді сұрып шығарып, оны өндіріске енгізуге әзірлеуде.

Бізде көршілес Қытай мен Ре­сейге қарағанда өнімділік әлде­қайда төмен. Ғалымдардың айтуынша, мұның басты себебі – жердің тұздануы. Мәселен, бізде орташа өнім гектарына 45-50 цент­нерден айналса, Ресейде бұл көрсеткіш 60-70 центнерден асып кетеді. Бұл салада жетекші ел саналатын Қытай 1996 жылдан бас­тап гибридті күріш өндірісімен айналысып келеді. Осыдан 4 жыл бұрын олар 230 центнерден өнім алып, әлемдік рекорд орнатты. Қазір бұл елде 150-180 центнер қалыпты өнім саналады.

Ғалымдар мол өнім алудың бірден-бір жолы технология мен ауыспалы егіс талаптарын сақтау екенін айтады. Мысалы, күріш институты ғалымдары жерді те­рең жырту әдісін қолданғанда то­пырақ астындағы қатты ұлтан ыдырап, тұздың концентрациясы азайған. Соның нәтижесінде өнім көлемі 49 центнерден 75-ке дейін артты. Бірақ бұл технологияны бұлжытпай сақтауға шағын шаруашылықтардың шамасы келе бермейді.

– Жердің тақтайдай тегістігі өнім­ділікті арттырып, жарма ба­­ға­сының арзандауына әсер ете­­тінін ұмытпауымыз керек. Мысалы, осыдан 50 жыл бұрын біз селекциялық процесте 1 шаршы метрге 70 дән себетінбіз. Қа­зір 700 дәннен асты. Бұл топы­­рақ құ­нарының жыл сайы­н тө­мен­деп, тұздылықтың артып келе жат­қанын көрсетеді. Ал оны қалып­қа келтіру үшін көп­теген мелио­ративтік шаралар атқарылуы тиіс, – дей­ді белгілі селекционер ғалым, ауыл ­шаруашылығы ғы­лым­да­ры­ның докторы, күріштің «Мар­­жан» және «Ару» сұрып­тары­ның негізгі авторы Құрманбек Бәкір­ұлы.

Ала-құла жер судың да соры. Мы­салы, Қызылорданың жағ­да­йында 1 гектар күріш алқабына шамамен 24 мың текше метр су кетуі керек. Қазір оның көлемі 30-35 мың текшеметрге дейін же­тіп отыр. Егер жер тегіс болып, агро­техникалық талаптар сақталса, биылғы судың өзі ағыл-тегіл жетер еді. Мысалы, Жалағаш ауданында каналдың аяғына орналасқан «Ер-Әлі» шаруа қожалығының егіні судан қалған жоқ. Шаруашылықтың тақтайдай тегіс алқабындағы судың биіктігі 5-10 сантиметрден ас­пады. Күзде қожалық облыс бойынша көрсеткіші жөнінен көш басында тұрды.

Сүдігер жыртудан басталатын талаптарды толық сақтағанда ғана көңілдегідей өнім аласың. Қазір оған қарап жатқандар аз. Көпшілігі техникасы жоқтықтан алқапты шала дайындап, тек ты­ңайытқышты үстеп беріп өнім алып жатыр. Бұл Сырдың брендіне айналған күріштің сапасы мен өзіндік құнына әсер етеді. Жалпы, 70-80 мың гектарға дән сеуіп, содан алынатын өнімді молайтудың қамын ойлағанымыз жөн. Ол үшін өндіріс ғылымға негізделуі керек.

Ыбырай Жақаев атындағы Қа­зақ күріш шаруашылығы ҒЗИ бас ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Әсет Тоқтамысов осы күні 1 кило өнімнің өзіндік құны шамамен 300 теңгеге жетіп қалға­нын айтады. Ал базардағы сатылып жатқан күріштің бағасы 250 теңгенің айналасында.

– Мемлекет берген субсидия есебінен шаруалар күрішті өзін­дік құнынан арзанға сатып жатыр. Әрине, алқабын баптаған, техникасы сай шаруашылықтарда өзіндік құн әлдеқайда арзан бо­луы мүмкін. Бірақ ондайлар көп емес. Сондықтан да мемлекет та­ра­пынан күріш егетін құры­лым­­­дардың техникасын, мүм­кін­дігін тексеретін, соған сай рұқ­сат беретін жүйе жасау керек. Әйт­песе, агротехникалық талаптарды сақ­тамайтындар топырақ құ­нарын құр­тып бітетін болды, – дейді ғалым.

Жергілікті ғалымдар Ғарыш­тық зерттеулер институтымен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Биыл жасалған ғарыштық мониторинг күріш егістіктерінің жағдайын анықтауға көп көмегін тигізді. Сонымен қатар әуеден зерттейтіндер алынатын өнімнің орташа көлемін де шығарып бере алады. Дегенмен бұл болжамнан қамбаға түскен күріш көлемі әл­де­қайда көп. Әрине, диқан ең­бегінің ақталғаны қуантады-ақ. Бірақ күрішшілер мен ғалымдар тығыз байланысып, заманауи технологиялар мен жаңа сұрып­тарды ендірсе, ел несібесі бұдан да еселене түсер еді.

Ғылымның әлеуеті мен ди­қан­ның еңбегін бір арнаға то­ғыс­тыруға кедергінің бірі – ғы­лымға мемлекет тарапынан кө­ңіл бөлудің кемдігі. Қаражат же­тіс­пеушілігінен селекция саласы тоқ­таудың аз-ақ алдында тұр. Еліміз бойынша осы сала­дағы жалғыз ғылыми-зерттеу инс­ти­тутына қаралатын қаржы тым аз. Ғалымдар жергілікті бағдар­ламалар аясында бөлінген қара­жатты талғажау етіп келеді.

Осыдан біраз жыл бұрын Ре­сей дәл осындай жағдайды бас­тан кешіп, гектарынан 23-ақ центнер өнім алған кезі болған. Көп ұзамай мемлекет салаға мол қаржы құйып, күріш өндірісі жөнінде бағдарлама қабылданды. Сол арқылы қазір олар саладағы жетекші мемлекеттер қатарына қосылды.

 

Биыл су тапшылығы болған жоқ

Бұл – өңірдегі ірі шаруа­шы­лықтар өкілдерінің пікірі. 5 мың гектардан астам алқапқа күріш егіп, сегіз жүзден астам адамды жұмыспен қамтып отыр­ған «Абзал и К» толық серік­тес­тігі­нің коммерциялық директоры Сағидулла Сыздықов артық жері бар, ауыспалы егіс талабын сақтамаған қожалықтарға талапты қатаңдату керек деген пікірде.

– Осыдан 2 жыл бұрын Өз­бекстанда күріш көңілдегідей шықпай қалып, олар біздің өнімді көтере сатып алғаны есіңізде болар. Содан кейін бізде күріш егуге құмарлар күрт көбейіп, алқап ұлғайды. Жаңадан жер ашып, күріш еккендер де бар. Биыл біздегі су тапшылығының түп-төркіні осындай ашкөздікте жатыр. Бұл мәселені тексеріп, есепте жоқ алқапқа дән сепкендерге жаза қолданса да артық емес, – дейді С.Сыздықов.

Биыл жергілікті билік тарапынан судың жылдағыдай болмайтыны ертерек ескертіліп, мүм­­кіндігінше күріш көлемін қыс­қарту ұсынылған. Ірі шаруа­шылықтар бұл ұсынысқа түсініс­тікпен қарады, ауыспалы егіс талабын да бұзған жоқ. Ал күріш өндірісіне науқандық пайда деп қа­райтындар туралы әңгіме басқа.

Күріш дәстүрлі өнімге ай­налған Сыр бойында «Бір түп қамыс бір құлақ суды ұстайды» деген сөз бар. Іргелі құрылымдар бұл тәмсілге де құлақ түріп, канал бойын тұрақты тазалап отырады. Ал сол арнадан су алып отырған шағын шаруашылықтардың мұн­дай ортақ міндеттен де сырт­тап қалып жататыны бар. Сон­дықтан майда құрылымдарды ірілен­ді­ру­дің тиімді жолын ойланған жөн.

Биыл «Абзал и К» толық се­рік­­тестігі гектарына 63 цент­нер­­ден өнім алды. Ішкі нарық­та 230 теңгеден сатылып жатыр. Экспорт­тағы бағасы да осын­дай. Өнімді тез сатып, келер жыл­­ғы егістің қамына кірі­се­тін шаруа­лардың шетел валю­тала­рының теңге бағамына қатысты құбы­луы­нан кейде ұтылып қалып та жататын кезі аз емес.

Саладағы мәселенің тағы бірі, ауыл шаруашылығы техника­сының толық тізбесіне кәдеге жарату алымының енгізілгені болып тұр. Алым енгізілгелі бері жыл ортасында 130-140 млн теңгеге бағаланған комбайндар 200 млн теңгенің үстіне шығып кетті. Инвестициялық субсидия талаптары да шаруа үшін аса бір ыңғайлы болып тұрған жоқ.

– Субсидияға өтінім қабыл­дауда да мәселе жоқ емес. Пор­тал арқылы интернет жақсы тар­татын аймақтағылар ғана өтінім беріп үлгере алады. Ал ауыл­дағылар қолдаудан шет қалып жатыр. Былтыр 1 миллиард 300 миллион қаржы 40-45 минутта үлестіріліп, көп шаруаға көк тиын бұйырмады. Сондықтан құжаты дайын адамды тіркеп, қаржы түскенде сол кезекпен берсе әділ болар еді, – дейді биыл облыс шаруашылықтары ара­сында озат құрылым атанған Қармақшы ауданындағы «Жаңа­жол» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің жетекшісі Орын­басар Төлепов.

Сыр брендінің бола­шағын бұлыңғырлап тұрған про­бле­малар­дың бір парасы осындай. Егін ша­руа­шылықтарының талаптарды сақтауын қадағалауды күшейтсе, көп мәселенің көбесі сөгіле түсер еді. Әйтпесе, ты­ңайтқыштың күшімен құнары кет­кен топыраққа шыққан кү­ріштің ендігі жерде ырысқа айналуы екіталай.

 

Қызылорда облысы