• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Желтоқсан, 2020

Айналасына жанашыр жастар

108 рет
көрсетілді

Соңғы деректерге сүйенсек, Ақтөбе облысындағы волонтерлік топтардың саны 90-ға жетті. Ұйымдардың әрқайсысының бағыты бір-біріне ұқсамайды. Оларды біріктіретін фактор — ақысыз негізде жақсылық жасауға құштарлық.

75 волонтердің медициналық көмегі

М.Оспанов атындағы Ба­тыс Қазақстан мемлекеттік ме­дицина университетінде «Медик-волонтерлер» клубы бар. Аталған топ 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Өзінің аты ай­тып тұрғандай, денсаулығы сыр бергендерге медициналық көмек көрсетеді, аурудың алдын алуға бағытталған шаралар ұйым­дастырады.

– Біз негізінен медици­на­лық жәрдемге күш саламыз. Мек­тептер мен колледждерде жұқпалы, онкологиялық ауру­ларға қарсы түсіндіру жұмыс­тарын жүргізіп, қалай сақтану керектігін айтамыз. Сондай-ақ көпшілік жерлерде адам ағ­засындағы қант мөлшерін анық­тап, қан қысымын өл­шей­міз. Аптасына екі рет об­лыс­тық орталық ауруханаға ба­рып, арнайы кезекшілікпен сон­дағы медбикелердің «қо­лын ұзартамыз». Мысалы, қаң­тар-наурыз айларында ме­дициналық мекемелерге барып тұрдық, – дейді «Медик-во­лонтерлер» клу­бының жетек­ші­сі Бақтияр Бай­махан.

Оның сөзінше, елімізде тө­тенше жағдай жарияланғанда да волонтерлердің әрқайсысы қолда бар қара­жатын қосып, материалдық жағынан қиын­дыққа тап бол­ған 4-5 отбасыға азық-түлік та­ратқан. Бұл топта қазіргі таңда 75 студент бар.

Алғашқы медициналық кө­мекті қалай жасау керек, күй­зелісті қайткенде жеңуге болады деген күнделікті өмірде қа­жет­­ті кеңестер беретін клуб ен­ді науқас балаларға ақысыз мас­­саж жасауды жоспарлап отыр. Өйткені туабітті дертке ду­шар болған сәбилердің са­ны, өкінішке қарай, елімізде аз емес...

 

Қайырымдылық акцияларын өткізеді

Саламатты өмір салтын әрі қайырымдылық жасауды насихаттайтын «Ansar volunteer» тобын ақтөбеліктердің біразы біледі. Олар облыстағы ерікті жас­тар арасында шағын фут­болдан турнир өткізіп, коман­далардың сайысқа қатысу жарнасынан түскен ақшаны игі іске жұмсайды. Мәселен, сондай ойынның бірінен жиналған 200 мың теңгені волонтерлер 4 отбасыға бөліп берді. Ал тө­тенше жағдай кезінде әлеу­меттік желілер арқылы, де­меушілердің арқасында 260 мың теңге жинап, 29 мұқтаж отбасыға азық-түлік таратты. Қа­сиетті Рамазан айында 100 мың теңге жиналып, көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен 15 анаға азық-түлік се­беті берілді. Оған қоса тұр­­ғындардың қауіп­сіздігі үшін волонтерлер 200-ден астам медициналық бетпер­де тігіп, жұртшылыққа үлес­тірген. «Ansar volunteer» тобы­ның жетекшісі Мейрамбек Ше­кер­наев игі істер туралы ой-пікі­рін төмендегіше сабақ­тады:

– Қазіргі таңда құрамы­мыз­да 40-қа жуық волонтер бар. Жастардың тек қайы­рым­дылықпен айналыс­пай, рухани дамуы үшін Сақта­ған Бә­йішев атындағы облыс­тық кітапханамен бірлесіп, «Ковор­кинг» орталығында әр жек­сенбі сайын түрлі шаралардың өтуіне мұрындық болып жүрміз. Атап айтсақ, «Киноtime» шарасында тәрбиелік мазмұны терең отандық фильмдерді насихаттасақ, «Оқырман ойында» замандастарымыздың кітап оқуға деген ынтасын оя­тып, өзара пікір алысамыз. «Кейіпкермен сұхбат» айдарында жастарды өмірде өзіндік орнын тапқан білікті мамандармен кездестірсек, уақытты тиімді пайдаланып, адамдармен дұрыс қарым-қатынас құруы үшін психологиялық семинар-тренингтер өткіземіз. Бұның бәрі қатарластарымыздың ара­­сын­да зор қызығушылық туғызды.

Былтыр Ақтөбе қаласының 150 жылдығына «150 жылдыққа –150 түп ағаш» акциясын бас­тап, 25 жас көшет отырғыздық. Эстафетаны басқа клубтарға жолдадық, – дейді.

Айта кетейік, аталған клуб өткен жылдың 1 наурызында «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының жанынан құрылған.

 

P.S. «Келісіп пішкен тон келте болмас». Бірігіп, бір үйдің балаларындай тату болғанда ғана кез келген шаруаның шырайы шығады. Біз әңгімеге тартқан жас волонтерлердің де айтары сол.

 

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

журналист

 

АҚТӨБЕ